АКУТАГАВА

(1892–1927)

«Хабар» телеарнасынан (15.02.1998) Акира Куросаваның «Расемон» атты кинофильмін көрдім. Бұл Акутагаваның «Орман ішінде» («В чаще») деген әңгімесі негізінде қойылған екен.Акутагава отыз алты жасында 1927 жылы өлген, яғни, кинофильм сценарийіне қатысы жоқ. Акира Куросава «Орман ішінде» деген әңгімеге «Расемон қақпасы» деген әңгімені қосқан. Бірақ, бұдан фильм ұтпаған. Мен фильмнен бұрын Акутагаваның шығармаларын бірнеше рет оқыған болатынмын, олар терең әсер қалдырған. «Расемон» фильмі көңілден шықпады. Таңғаларлық іс, атақты Акира Куросаваның жазушы Акутагаваның әңгімесіндегі басты идеяны ша­шыратып алуы. Мәселе, осы тек Акутагава шығармасына қатысты ғана болса, мүмкін осы шағын мақаланы жазбас та едім. Менің бір байқағаным – классикалық шығармалардың дені киноға айналғанда, өңі солғын тартатыны. Әдебиет те, кино да – өнер. Екеуінің тек өздеріне тән ерекшеліктері бары да рас. Алайда осы екеуі тоғысқанда (мен арнайы жазылған сценарийді айтпаймын) көп жағдайларда әдебиеттің (классикалық шығармалардың) ұтылып қалатынын көріп жүрміз. Осындай жағдай Ш. Айтматовтың «Ақ кеме», М. Әуезовтің «Қаралы сұлу» шығармалары негізінде жасалған кинофильмдерге тән кемшілік. Еуропалық мәдениеттен мысал келтірсек, Владимир Набоковтың «Лолитасына» қатысты. Осы шығарма негізінде фильм қойған Э. Лайннің жұмысымен танысқан Набоковтың ұлы Дмитрий Набоков «Құдай сақтасын» деген екен. «Лолита» туралы фильмді көрмек түгілі кітабын оқудың өзі ауыр.

Акутагава, менің пікірімше, тым терең жайларға қалам тартқан. Режиссер Акира Куросава болса не жазушы идеясын түсінбеген, не түсінгісі келмеген. Ол фильмді тым әлеуметтендіріп жіберген. Зұлымдық пен ізгілік проблемаларын ашуда тым белгілі әдістерді қолданған, ол қайшылық арқылы баяндау. Кейіпкерлерді нақтылы қасиет, не зұлымдық, не ізгілік иесі етіп көрсету бүгінгі заманда тек тәрбие мақсатында болмаса, үлкен өнерге жат болып бара жатқан дәстүр. Мәселе, адамның адамгершілігінде емес, адамшылығында болса керек.

Акутагаваның «Орман ішіндегі» әңгімесінде адамшылық идея­сы ерекше жағдайда өз мазмұнын ашқан. Оқиға үш адамның басын­да. Олар самурай, оның әйелі және қарақшы туралы. Әр кейіпкердің өз қызметі бар, самурай қарақшыдан әйелін өзі қорғаған, нағыз самурайлық мінез танытқан. Қарақшы болса өз кәсібі жол торып, кісі тонау, ол өзіне сай әрекет жасаған. Мәселе үшінші кейіпкерде, ол самурайдың әйелінде. Адамшылық дегенде де осы әйелге тікелей қатысты. Әйел қылығы оқиға барысында тіптен қанішер қарақшыны таңғалдырды. Әйел қылығынан қарақшының өзі жиіркенген. Ол әйелдің адамшылық болмысындағы мейлінше зұлымдығы. Адамшылық деген тек ізгіліктен ғана емес, ол өзінің айнасы сияқты зұлымдықтан тұратынын мойындаған жөн. Жағдайға байланысты ізгілікті деген әйел, өзінің ашылмай, айқындалмай жүрген жауыздық сезіміне жол қойып беріп қоя берді. Бірақ, осы жерде әйелді ол қылығы үшін кінәлауға бола ма? Кім біледі ұрғашының иірім-иірім сезімдерінде не жатқанын?! Ол өзінің күйеуінің көзінше зорлағанын өзіне өлім санауы да мүмкін ғой. Ондай жағдайда ол дүниеге жаңа туып отыр. Бірақ, бұл қарақшылық. Демек, қарақшылық оның табиғатында болған. Оқырманға біздің таңдауымыз түсінікті болуы үшін қысқаша оқиға сюжетін айтып өтейін.

Оқиға үш кісіге қатысты. Ол жол торыған қарақшы. Өз шаруала­рымен келе жатқан самурай мен оның жас келіншегі. Қарақшыға жас әйел ұнайды. Ол өз мақсатына жету үшін самурайға өтірік әңгіме айтады. Орманның ішінде тығулы қымбат қарулар барын жеткізеді. Соны бірге барып алайық дейді, аңғал самурай оған көніп қалады. Орман ішіне енгеннен кейін қарақшы самурайға тарпа бас салып, оның қол аяғын бамбук ағашына байлап тастап, көзінше әйелін зор­лайды. Қарақшы үшін оқиға аяқталды. Ол өз мақсатына жетті. Енді ол өз бетімен кете беруі мүмкін еді. Себебі, мұндай іс қарақшы үшін пәлендей оқиға емес. Бірақ оқиғаға енді самурайдың келіншегі ара­ласады. Ол өзінің күйеуін өлтіріп, қарақшыға өзін алып кетуді талап етеді. Бұған қарақшы шыдамай, самурайға былай дейді: «Что делать с этой женщиной? Убить или помиловать? Для ответа кивните голо­вой» (С.349).

Әңгімеде сот болып, онда қарақшы т.б. қатысады. Тіптен бұл сотқа өлген самурайдың рухы да қатысқан, бәрібір самурайды кім өлтіргені белгісіз, оны қарақшы өлтірді ме, әлде өз әйелі өлтірді ме?

Ойлаймын егерде осы оқиға болмаса самурай әйелімен тыныш өмір сүре бермек. Бұл мүмкін. Мәселенің күрделілігі сонда, күйеуі әйелінің өзін өлтіруге дейін бара алатын пиғылын сезер ме еді, сезбес пе еді? Орайы келгенде өзіңді өлімге қия салатын адаммен үнемі өмір кешу деген не нәрсе? Біз осы жағдайды, миллиондаған семьядағы ер адамдар өзінің кіммен тұрмыс құрып жатқанын біледі ме екен? Өзіңді жағдайға байланысты өлімге қиюға барушылық әйел табиғатының заңдылығы ма, жоқ әлде кездейсоқтық әсері ме? Кездейсоқтық сырттан танылған күш емес, ішкі табиғаттың шындығы десек, бұл әйел үшін қалыпты жағдай. Акутагава осыны айтып отыр ма, әлде кездейсоқтықтың бір көрінісін баяндаған ба? Ойлану керек, қалай болсын оқиға тегі – әйелде. Кезінде қызының ерекше қылығын сезген анасы самурайға (яғни күйеубаласына) қызына сақ болғын деп ескертпе жасаған еді. Бұл дүниеде кім-кімге ескертпе жасамайды дейсің. Оны ескерген самурай жоқ, тіптен ескергенде не істемекші. Мінез, пиғыл өздігінен көрініс таппайтыны белгілі, ол үшін адам өмір мен өлімнің арасындағы қылкөпірде тұруы керек шығар. Адам мінезі, оның соңғы сөзімен, соңғы қарекетімен анықталса керек. Дәл осындай сәтте әйел күйеуінің өлімін қалады. Ол қарақшыға осы өтінішін білдіргенде, қарақшы күйеуін емес, әйелдің өзін өлтіргісі келді. Әлі тірі қалу мүмкіндігі болғанда, күйеуін өлімге қию, қарақшыға адамшылықтан тыс түсінік еді. Сонда нағыз қарақшы кім? Жол тосып, ел кезіп, кісі тонау жария іс, яғни қарақшы өзіне сай қызметте, өзінен күші асқан оны өлтіретінін біледі, үкімет қолына түссе жазаланады, сотталады. Ол мұның бәрін біліп барып қарақшылық жолға ашықтан-ашық түскен. Ол бұл кәсібін жасырып отырғаны жоқ. Әйел болса керісінше сүйікті жар, қоғам алдындағы кінәсі жоқ таза жан, бірақ қарақшылық бойында жария болмаған, мезеттік тосып жатқан. Осылай десек самурайдың әйелі туралы тым қатал өкім шығарғанымыз емес пе екен деген ой келеді. Оқиға барысына зер салған адам самурайды шын мәнінде кім өлтіргені туралы нақтылы жауап ала алмайды. Осы жауапты алу үшін сот жүргізілуде. Сотта әрбір оқиғаға қатысушы әртүрлі дәлелдер айтқан. Сотқа тіптен өлген самурайдың рухы да қатысуда. Орман ішіндегі оқиғаға кім кінәлі? Мүмкін дүние-мүлікке қызығып, қарақшының алдауына көніп, орманның ішіне тереңдеп енген самурайдың өзі ме, қарақшы ма, әйелі ме? Жауап жоқ. Акутагаваға нәтиже қызық емес, оған оқиға керек. Оқиғаға әркім өз философиясымен енген және өз философиясына сай болған істі баяндауда. Қалай болсада оқиға – әйел төңірегінде. Қандай іс болсын айқындықты ұнатады. Олай болса мынандай сұрақ қоялық, әйел табиғатында не басым, оның ұрғашылығы ма, жоқ адамшылығы ма? Осы екі қасиет үнемі бір ме, жоқ жол айырғы сияқты бөлініп кететін тұстары бар ма? Ойланған жөн. Әйел табиғатын, яғни ұрғашылық тұрғысынан қарасақ, оған кінә жоқ. Күйеуінің көз алдында зорланды, демек енді күйеуіне жол жоқ, қарақшы болса, ол да еркек. Айласы, күші күйеуінен асып кетті, ендеше неге сонымен бірге кетпеске. Дәлел толық. Егерде қарақшы не күйеуін, не өзін өлтірмей кеткен күннің өзінде не болмақ? Белгілі жай, енді бірге тұрмыс жоқ. Ендеше бұл өмірдегі ең дұрысы қарақшылық, ол үшін күйеуін не қарақшы, не өзі өлтіруі керек. Тек сол кезде ғана, ол өзін еркін сезінбек. Еркіндік деген адамның өзіне қажетті ерік таңдау, сөйтіп әйел үшін еркіндік күйеуінің өлімі бол­ды. Осы жайлар кинофильмде көмескі, ашылмаған. Және де Акира Куросава өз фильміне екі әңгімені қосқан, олар біз айтып отырған «Орман ішінде» оған «Расемон қақпасы» деген әңгіме сюжетін қосқан. Сөйтіп фильм моральдық арнаға түсіп кеткен. Режиссер неге олай жасады деуге біздің құқымыз жоқ, әркімнің өзінің дүниетанымы бар. Менің қабылдай алмай отырғаным «Орман ішіндегі» деген әңгімені оқығанда терең әсер қалдырып еді, фильм өзгеше бағытқа құрылған екен.

1999 ж.

Ғ. Есім: Өнегелі өмір,  90-95 беттер