АҒАМЫЗДЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫНАН КЕЙБІР КӨРІНІСТЕР

Мейірхан ӘБДІЛДИН

Менің Жәкең (Жабайхан Әбділдин – ред.) туралы естеліктерім төрт жасымнан басталады. Екеуміздің арамыз бес жас. 1942–1943 жылдар. Тоғай ішінде, бір аралда, тұрамыз. Үйдің жанында Ертіс өзенінің айырығы ағады. Үй деп ауыз толтырып айтып отырғаным шымнан қаланған әшейін бір жер кепе үй. Жерде тұрып, бұл үйсымақтың төбесіне сәкісіз-ақ шығып кетуге болады. Әйнек орнына жарық түссін деп қалдырған бір үлкен тесік бар. Сондықтан бұл үйсымағымызды «Соқыр үй» деп атайтын. Әкемізді соғысқа алып кеткен. Есімде қалған жандардан білетінім тек Жәкең, Жәкеңнен екі жас кіші бала – Ерсайын және өзімнің әжем. Тек осылар. Шешемнің (анамның) қайда жүргені есімде жоқ. Не қырдағы астық бригада­сында ма, не бізбен тұра ма, білмеймін.

Өміріміз дәл индеецтің балаларының өміріндей десе де бо­лады. Жан-жағымыз ну орман, су, әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ, бір жағдай. Білетініміз күні бойы балық аулау, суға түсу, мойыл теру, қоянға тұзақ құру, тағы да басқа қызық тірліктер. Тамақ тапшы. Бір адамның шай іш, тамақ же дегені есімде жоқ. Өзімізбен өзіміз күн көреміз десе де болады. Әсіресе, ет де­ген нәрсені көрмейміз. Жәкең бертін келе айтатын, ала жаздай біздің колхозда, ақсақ өгіз сойылып, соның етін колхозшыларға бөліп берген екен. Біздің үйге екі килограмдай ет тисе керек. Бар болғаны осы.

Осындай қиын кезде біздің аман қалуымызда шіркін Жәкеңнің орны бөлек-ақ. Таң сәріден Жәкең балыққа барамын деп жинала бастайды. Оған серік болып Ерсайын да тұрады. Тіпті, мен де оя­намын. Себебі, олардан қалып қойсам, күні бойы аш боламын, бірге барсам – балыққа тоямын. Жәкеңдер қармақтарын ала сала тұра жүгіреді. Мен де өзімше соңдарынан еремін. Маған: «Маңқа, сен қал!» – деп ұрсады, бірақ мен де қалмаймын деп, зар еңіреп, соңдарынан ере беремін. Бір кезде, биік шөптердің арасына кел­генде, тоқтап, адасып кетесің деп, соңдарынан ертіп алады.

Суға жете сала қармақ саламыз. Қармақтар Жәкең мен Ерсайынның қолдан жасаған бір заттары. Қайран Ертістің айырығы ай, біздің бақытты балалық шағымыздың қасиетті суы, сол қиын жылдары балыққа толы болатын. Осы жаман қармақтармен жып-жылдам бірсыпыра балық ұстайтын. Мен болсам, қармаққа шанышатын, қызыл құрт ұстап беремін. Балықты ұстай сала аршып жіберіп, тұз себіп, отқа пісіріп, ра­хаттанып қарнымызды тойдырып аламыз. Қалған балықты ар­шып, жуып үйге әкелеміз, әжемізге береміз. Міне ет мәселесі, соғыс кезінде, осылай шешілетін. Балыққа тойып алғаннан соң, түс кезінде, суға түсеміз, ойнаймыз. Әке-шешесі іздеп жатқан біріміз жоқ, дәл табиғаттың балаларымыз, өзімізше бақыттымыз. Мен, кішкентай болғандықтан әлі малту білмеймін. Жәкең мені ұстап алып бір таяздау деген жерге суға тастап жібереді. Судың ағыны қаттылау болса керек, мені домалатып алып бара жатады. Жәкең мәз болып күліп, қуып жетіп, мені көтеріп алады. Әбден қорыққан, су жұтқан мен, Жәкең мен Ерсайыннан, шортан көрген шабақтай қашамын. Қуып жетіп, ұстап алып, тағыда мені суға тастайды…. Айтпақшы, шортан демекші! Біздің соқыр үйдің маңында шұңқырлар болатын. Су тасып, кейін қайтқанда, осы шұңқырларда су қалатын, сумен бірге балықтар қалады. Бір күні, бір шұңқырдың ішінде бір үлкен шортанды көрдік. Ұстаймыз деп суға түстік. Балалығымызды қараңызшы, қолмен ұстамақпыз. Біраздан кейін түсіндік, шортанның бір көзі соқыр екен. Соқыр жағынан екі бала келіп шортанды шап береді, бірақ, әлгі оңбаған шортан, лып етіп қолдарынан шығып кетеді. Бірнеше күн әуре болдық. Сөйтіп жүргенде, бір күні, «байлап қойған» шортанымыз із-түзсіз жоқ болды. Тегінде шөпшілер ұстап алып кеткен болуы керек. Өкінгеніміз-ай.

Тағы да бір қызық жағдай. Қыстың бір тамаша, жайма шуақ күні еді. Жәкең тоғайда қоянға деп құрған тұзақтарын көремін деп киініп жатқан. Шешем: «Сен қайда барасың?» – Жәкең: «Тұзақтарымды қарауға барамын!» – «Көгала, сенің тұзағыңа соқыр қоян да түспейді, одан да сиырларды суатқа айдап бар» – деп, шешем жібермеді. Сиырларды суарып келгеннен соң тұзақтарына барса, бір көк ит, тұзаққа түскен түлкіні бөлшектеп жатыр екен. Жәкең, қорықпай, итке таяқ лақтырады. Басы бір бөлек, денесі, құйрығы бөлек түлкіні Жәкең үйге алып келді. Қып-қызыл, керемет әдемі түлкі екен, өкінгеніміз-ай. Ал, әлгі көк ит деп, Жәкеңнің таяқ лақтырып жүргені, кәдімгі көкжал қасқыр екен. Жас кезімізде осындай да оқиғалар болған.

1943 жылы, қыс бітер кезде, әкем келді. Ауылшаруашылығының кейбір мамандарын, соғыстың беті бері қараған соң, елдеріне қайтарған. Әкем мал дәрігері болатын. Әкеміз келген­нен соң өмір өзгере бастады. Сол жылы жазда біздің ауданның, Семей жаққа қараған жағындағы бір «Жаңа күш» деген колхозға мал дәрігері етіп жіберді. Біздің, бұрынғы «Қызылеңбек» деген колхозымызға қарағанда, кішілеу, нашар колхоз екен. Бірақ жаны­нан Ертіс өзенінің өзі ағады. Бір шатағы осы ауылдың балалары, бөтен бала Жәкеңе, күш көрсеткілері келеді. Кейбір кезде үйдің төбесінен түсірмейді. Бір күні осы жағдайды әкем көріп, әлгі балаларды аттың бауырына алып қусын. Балалар шатақтарын қойып, кейін Жәкеңмен достасып кетті.

Бұл «Жаңа күштегі» өміріміздің ең бір қызық сәттері асық ой­наумен байланысты. Асық ойнауға топ бала жиналады. Асықтан ұтқан бала біздер үшін дүниежүзінің бокстан чемпионы болғаннан кем емес. Ойын түстен басталып, кейде, түнде айдың жарығымен де созылады. Бір марафон. Әр уақытта, ұзақ ойыннан кейін, екі бала, бәйгенің жүйрігіндей, сытылып шығады: бірі біздің Жәкең, екіншісі – бір Асылхан деген бала. Екеуі бірін-бірі жеңе алмай, ойын әбден қызады. Бір бала, түн болса да, шешелері айғайлап ұрысса да, қазыр, қазыр барамын деп, шешелерін алдап, осы бір екі баланың сиқырлы ойындарын, жан-тәнімізді салып, қызыға-қызыға көріп тарамайды. Бір кезде «ух» деп дем аламыз, біреуі жеңеді. Көпшілігінде Жәкең ұтады. Шынымды айтсам, Жәкеңнің көпшілік жағдайда сақасы артық болушы еді. Әрине, талантты да ұмытпау керек, әсіресе, Жәкеңнің шыдамдылығын, алған беттен қайтпайтындығын айтпасқа болмайды. Бірақ осы жерде тағы бір нәрсе еске түспей қоймайды. Сөзсіз Жәкең жойқын мерген, асық ойнауды өнер дәрежесіне көтерген талантты бала. Жаман жері сараң еді. Бір үлкен бұзау терісінен жасалған дорба асығы болса да, тағы да бір темір қорап асығы болса да маған, жалғыз бауыры­на, бір жаман асығын бермеуші еді. Бұл шындық. 1944 жылы мен бірінші класқа бардым. Жәкең, ұмытпасам, бесінші класта. Келесі жылы, алтыншы класта, алты бала оқуы керек еді. Бұлар бес қыз және Жәкең. Осы алтыншы кла­ста, оқу басталғанда, бес қыздың оқи алмайтындықтары әбден анықталды, үлгерімі жақсы жалғыз Жәкең. Сондықтан бұл оқу жылында алтыншы класты жауып, бес қызды бесінші класқа, ал Жәкеңді секіртіп жетінші класқа ауыстырды. Ол кезде мұндай жағдайлар болатын. Сөйтіп Жәкең бір жылда екі класс бітіріп, кейін онжылдықты он алты жасында бітіруге мүмкіндік алды. Осындай, бала кезден, жолы да болғыш болатын.

1945-1949 жылдар. Қызылеңбек колхозы. Павлодар облы­сы, Май ауданының осы колхозында ағамыздың жастық өмірінің тағы да бір қызықты шақтары өтті.

Ең бірінші жайт мектеп туралы. Жәкең 1949 жылы, он алты жасында, осы колхоздың «Қазақстан» орта мектебін бітірді. Қателеспесем, осы жылы мектепті бітірген балалар тұңғыш рет мемлекеттік емтихандарды өз мектебінің қабырғасында тапсырған. Себебі: бұрын біздің мектептің оқушылары мемлекеттік емтихандарды Павлодарда, не болмаса Ертістің арғы жағындағы Қызыл қоғам деген колхоздың Қызыл Әскер атындағы орта мектебінде тапсыратын. Мектепті бірінші рет басқа жаққа бармай, өз ауылымызда бітіру, біздің колхоз үшін, Май ауда­ны үшін бір елеулі жағдай болды. Сондықтан мектеп әдемі той жасап, бұл тойға көп колхоздардың бастықтары, ауданның бастықтары (райисполкомның бастығы Қабашев бас болып), елдің қадірлі ақсақалдары, ата-аналар баршасы қатынасып, сал­танатты жағдайда кәмелеттік аттестаттар беріліп, балаларға жарқын болашақ тілеген болатын. Осы тойда Қабашев Жәкеңе бас ұстатқан. Мектеп бітірген балалардың саны бар болғаны жетеу болатын және бұлар сондай ұйымшыл еді. Осы мектептің атағын шығаруда мектеп директоры Шүлембаев Шапағаттың үлесі де мол. Бұл кісі Абай өлеңдерін, жалпы қазақ әдебиетін жетік білетін. Мектепте, елде әдебиетке, әнге, биге үлкен құмарлық бо­латын. Мектеп балаларының концертіне үлкенді-кішілі лық бо­лып жиылатын. Мектеп оқушысы, апамыз, Хамитова Дәметкен әнші Мұхиттың «Айдайын» салғанда халық ду қол шапалақтап, мәз-мейрам болып, бір сергіп қалатын.

 Сонымен не керек, Қазақстанның болашақ жалғыз академик философы, Қазақстан ғылым академиясының вице-президенті, сенатор Жәкеңнің өмір жолы осылай қуанышпен сәтті басталып, халықтың батасын алып еді.

Екінші жайт ел туралы. 1945-1949 жылдары біздің Қызылеңбек колхозында, жалпы Май ауданында, еліміздің өсіп даму бағытында бір үлкен дұрыстық бар сияқты еді. Бірінші – бұл еңбек. Жас та, кәрі де, жапа-тармағай еңбек ететін, адал еңбек ететін. Колхозға еңбегі сіңген Қопай, Бықия, Молдажан ақсақалдарды, әкелеріміз Дүйсенбай, Мүтәлда, насыбай Төкенді, ағаларымыз Тәукенді, шешелеріміз Күмісті бүкіл ел шын құрметтейтін, сыйлайтын. Екінші – ауылымызда Қайырбек атамыздай ауыл ақсақалы, жуан Шөкендей білімдар, әңгімеші адам, Дүйсенбай ағамыздай жомарт, кезінде Әйтейдің қара ұстасы аталған Ха­мит ақсақал сияқты талай қадірлі де, қасиетті де адамдар өмір сүрген еді. Үшінші – елдің оқуға, білімге, ән-биге, өнерге деген құштарлығы зор болатын. Абайдың: «Ғылым таппай мақтанба…», Лениннің: «Оқы, оқы және оқы» – деген өсиеттерінің өмірде орындала бастаған кезі еді. Жақсы оқитын баланың, әнші жігіт пен қыздың, балуан жігіт пен сұлу қыздың есімдері ел аузында көп айтылатын. Тоқа, Дәмелі, Жидебай, Мерғалым, Ерсайын, Қанапия, Амангүл т.б. аттарды ауыл жастары жақсы білетін. Төртінші – арақ деген пәле жоқтың қасы. Әсіресе, жастардың арасында болмайтын. Сондықтан ба, кішінің үлкенді сыйлауы, жастардың ара қатынасы, ауылдағы тойлар бір түрлі ерекше бо­латын. Міне, осы айтылған елдегі жағдайлар Жәкеңнің азамат бо­лып қалыптасуына өз әсерін тигізгені сөзсіз деуге болады.

Үшінші жайт – Жер, Су, мал туралы. Осы уақытқа дейін мен Жәкеңнің (Жабайхан Әбділдин – ред.) жас кезінде мектептің, елдің халқының жақсы болғанын сөз қылдым. Бұл шынында да осылай еді. Бірақ сол кездегі халықтың күнделікті өмірінің көп кемістігі, қиыншылықтары да болатын. Үстіне киетін киімнің тапшылығы. Электр жарығының жоқтығы, біздің электр – жетінші, оныншы шамдар болатын. Ауылда телевизор түгіл радио болмайтын. Бүкіл бір колхозда бір машина болған емес, техника деген атымен жоқ. Жегетіні ат, өгіз, тіпті сиырды да жегетін. Шөп машинаға өгіздерді жегетін. Тырнауышқа да өгіз жегілетін. Біз кино көріп өскен балалар емеспіз. Жәкең айтады: «Ауылға бір кино келіп, соны көруге бүкіл ауылдан үш сом ақша таба алмадым», – деп. Елде ақша болмайтын. Колхозшылардың балалары болса киноға әке-шешелерінің еңбек күнінің есебінен тізім арқылы жіберілетін, ал Жәкең мал дәрігерінің баласы болғандықтан, ақша төлеуі керек. Қорытып айтқанда, бізді цивилизацияның, XX ғасырдың, тех­ника ғасырының баласы деп айту қиын. Біз табиғаттың балала­рына ұқсаймыз.

Шынында, біздің балалық шағымыз тоғайда, су бойын кезіп балық аулауда, айырыққа суға түсуде, мойыл, бүлдірген, долана теруде, асық ойнауда, аңға тұзақ құруда, отын әкелуде, колхозға көмек көрсетуде, атқа шабуда, тағы басқа толып жатқан жағдайларда өтетін. Осындай бала шағымыз, қазіргі цивилизацияның балаларының өмірінен әлдеқайда қызық бо­лып көрінеді. Туған табиғат адамға көп береді, көп тәрбиелейді. Және ол кезде біздің тоғайлар – ну тоғайлар болатын. Ертістің айырығындағы су үзіліп қалмайтын, балыққа толы, суы мөлдір болатын, тоғайда мойыл тұнып тұратын. Ақ та көп болатын. Біздің Жәкеңде осы бала кездегі қызықтардың бәрін көрді де­сек артық емес қой деймін. Жәкең туған табиғатын ерекше сүйіспеншілікпен есіне алады, Жәкең туған табиғатының баласы, Жәкең бақытты бала болды. Шынында, осы ретте мысал келтіре кетейін. Ауыл баласының арманының бірі, қызығының бірі, бәйгенің атына шабу. Бірақ мұндай бақыт ілуде біреудің басында ғана болады. Осы бақытты Жәкең де көрді. Осы уақытқа дейін қызығып есіне түсіреді. 1945-1949 жылдары Май ауданында, ел аузына ілінген, бір топ жүйрік аттар болды. Бұлар Қызылеңбек колхозының Көлтай торы аты (Үлкен торы ат!), Моряк – кіші торы ат, Ала айғыр, Қызыл көк ат, Жалтыр колхозының Ақ сұр аты, Киров совхозының екі жирені, Орджоникидзе колхозының күрең аты, Жаңа тұрмыс колхозының Бір жамбас аты, Бестау колхозының Сары бауыр аты, т.б. аттар болатын. 7 ноябрде, Май мейрамындағы ат шабыс балаларға, тіпті үлкендердің өзіне де, қазіргі дүниежүзілік олимпиадалық ойындай болып көрінетін. Бәйгеден озып келген аттар, оларға шапқан балалар көп уақыт ел аузында әңгіме болатын, біздерге дәл олимпиаданың чемпионда­рындай болып көрінетін. Соның бірі – біздің Жәкең.

Қазір қалай екенін білмеймін, негізінде бәйге аттарды жақсы көру, оларды мадақтау, аңыз ету қазақ халқының қанына сіңген жақсы қасиеттердің бірі. Жылқыны тану қазақтардың төл мәдениетінің бір белгісі. Ауыз әдебиетінде Қобыландының Тай­бурылы, Абайдың өлеңі «Аттың сыны», Ақан серінің Құлагері туралы біздің кезіміздегі қай қазақтың баласы сүйсініп оқымады десеңізші. Сондықтан біздің жас кезіміздегі Май ауданының бәйге аттары бізге, балаларға, тұлпарлар болып көрінетін, біздің жастық шағымыздың керемет поэзиясы еді. Әсіресе, Қызылеңбек колхозының Көлтай торы аты – теңдесі жоқ жүйрік ат еді. Бұл ат аудандағы бәйгелерді ғана алып қоймай, тіпті облыста бірінші бо­лып келген. Облыста алда келген ат – тұлпар емей немене? Осы ат туралы әлі күнге дейін бір көлемді әңгіме жазылмай келеді. Елімізде ат сынайтын керемет сыншылар да болған. Олар туралы ешқайда жазылмаған. Тіпті, елдің көрнекті, үлкен ақсақаладры мен азаматтары туралы да уақытында жазылмай жүр. Бұл бол­майды. Бұл мәселелердің бала тәрбиелеуге тікелей қатынасы ба­рын есімізден шығармауымыз керек.

Осы орайда тағы бір жағдай еске түседі. Ертеректе, біздің май ауданында, бұрынғыша айтқанда Кеңтүбек болысында, Рай­бай торы деген жүйрік ат болған екен, ол аттың иесі, еліміздің атақты сыншысы, қадірлі үлкен адамы Алданғор деген ақсақал болған. Торы атты, арық, жауыр, жаман дөнен кезінде Алдекең бір Райбай деген қайыршы шалдан сатып алған, содан аттың аты Райбай торы деп аталған. Осы ат Ертіс бойындағы Кереку, Өскемен аралығындағы ар жақ, бер жақты мекен еткен елдердің астағы, тойдағы, басқада атшабысында бәйге бермеген. Райбай торы Алданғор ақсақалдың қолында сегіз жыл тұрып, жиырма екі бәйгенің алдында келген. Бір рет екінші болып, ал бірінші болып Шәкәрімнің ақ қасқасы келген екен дейді. Бір рет жолда жығылып, Шабандозы қалып қойып,өзі аттармен көмбеге шау­ып келген. Райбай торы 1924 жылы ауырып өлген. Осы әңгімені бала кезімізде әкемізден талай естігенбіз, бірақ Райбай торы­ны бүкіл Қазақстанға паш еткен адам – Ғазиз Нүрпейісов. Бұл кісінің Алматыда, «Жалын» баспасында 1977 жылы басылып шыққан «Аңшы сыры» деген кітпашасында Райбай торыны әдейі әңгіме еткен. Қызығы, бұл кісі журналист, жазушы да емес, бүкіл өмірін аңшылыққа арнаған, көпті көрген қария екен. Тағы бір қызығы, бұл кісі Қостанайдың адамы, ал Павлодар облысының атын әңгімеге арқау еткен. Осындай адамдар біздің елде де бар шығар. Біздің елдің басқа атақты жүйріктері туралы жаза ма де­ген үміттеміз.

Енді Көлтай торы аттың әңгімесіне қайта оралайық. Аттың Көлтай торы деген аты елдің азаматына байланысты. Атты алғаш мінген осы адам болса керек, кейін бұл жігіт соғыстан қайтпаған. Атты бәйгеге жарататын Бәден деген ақсақал еді, ұмытпасам қой фермасының бастығы болатын. Атқа шабатын бала – Бегім. Бұл бала бізге жігіт болып көрінетін. Өзі мықты, айлакер, ат сиқырын білетін, жылқы баққан бала болатын. Көлтай торының басы қатты, бір езу еді, сондықтан оған шапқанда басына ие болу оңай болмайтын, ол тек Бегімнің қолынан келетін. Көлтай торы аттың бағын ашуда осы бір талантты баланың үлесі көп. Көлтай торы бәйгеге шапқанша алқам-салқам, олқы-солқы болып көрінетін, ал бәйгеден бірінші болып келгенде Жануар ерекше сұлуланып, би­леп келетін. «Шіркін жарықтық-ай, бірінші болып келгенін біліп тұр ғой» – деп, халықтың айтқан сөзін талай естігенбіз. Кейінгі кезде, тер алғанда, Көлтай торыға біздің Жәкең де шауып жүрді. Бірақ бұл кезде торы аттың бағы тайып, аяғы кете бастаған кез еді. Әйткенмен де, Көлтай торы атқа шабу Жәкең үшін қандай абырой, қандай қуаныш болды десеңізші. Космосқа ұшқанмен тең.

Жәкеңнің негізгі шабатын аттары бұл Қызылеңбек колхозының Моряк деген кіші торы аты мен Қызыл көк деген ат еді. Осы Қызыл көк атпен аудандағы жетінші ноябрдің талай бәйгесіне қатысқан.

Жәкеңнің жас кезінде атқа шабуда жеткен үлкен жеңісі бұл Бестау колхозының Сары бауыр атының бағын ашуда.

Әлі есімде, біздің үйге жетінші ноябрдің қарсаңында Бестау колхозының бастығы Қапсалық келіп түсті. Өзі бір аңқылдаған, ақ құба, келіскен адам екен. Ноябрь бәйгесіне қосуға алып келе жатқан Сары бауыр аты бар екен. Ат – жас ат. Осы атқа шабуға әкемнен Жәкеңді сұрап алды. Жәкең осы бәйгеде Сары бауыр атты екінші келтірді. Тіпті, бірінші орын алуы да мүмкін еді, егер Жәкең осы жас аттың, жетінші ноябір мейрамының үлкен бәйгесіне түсіп тұрған аттың, сырын сәл ертерек білгенде. Сөйтіп Жәкең осы Сары бауыр аттың бағын ашты. Бұл бәйгеге Май ауданының неше түрлі аты шулы жүйрік аттары қатынасқан. Солардың ішінде Жалтыр колхозының қоян жүйрік Ақ сұр аты, Киров совхозының екі жирені, басқа да тамаша аттар. Жәкеңнің аты осы екі жиреннің ортасында келген.

Тағы да бір жайт. Жәкең мен ес білгелі, мектепте әйтеуір бір бастық болатын – комсомол ұйымының хатшысы, учкомның бастығы, т.б. Жоғарғы кластарда өзімен бірге оқыған балалардың лидері. Өзі жақсы оқитын, өзі бастық, қарапайым, досқа көмекке дайын тұратын. Қыздарды да жек көрмейтін. Осы тұста бір мысал. Жәкең тоғызыншы класта. Сол кезде біздің колхоздан қырық шақырым жерде тұратын Киров совхозының жетінші класта оқитын Амангүл деген қызы ән айтып, аудандық Олим­пиадада бірінші орын алыпты. Осыны естіген Жәкең, қызды көрмесе де, сыртынан ұнатып, сол қызға өлеңмен хат жаза­ды. Ол хат Кировтағы мектеп директорының қолына түседі. Бұлар, әйтеуір бұл жақсы нәрсе емес деп, әлгі қызды педсоветке (мұғалімдер кеңесіне) салады. Қыз байғұс жылайды, бұндай ба­ланы білмеймін, көрген емеспін, пәле болды ғой маған деп зар илейді. Не керек, біраз шатақ болып, қыз өлдім-талдым дегенде әзер мектеп қабырғасында қалады. Кейін осы қыз біздің Жәкең оқып жүрген мектепке келіп оқиды, себебі Киров совхозындағы мектеп тек жеті жылдық мектеп болатын. Жәкең мен қыз бірінші рет біздің мектепте кездесіп, біріне-бірі ұнап, дәл ауылдың Ромео және Джульеттасындай болғаны. Біздің үйге осы Амангүл құрбы қыздарымен келгенде шешеміз байғұс әбден әбігерленіп қалатын.

Біздің тұрған үйіміздің алдында үлкен қора болатын. Қораға жарық түсіп тұруы үшін төбеде үлкен тесік болатын. Сол тесіктің тұсына стол жазып Жәкең, жанында Жұмаш деген досы бар, қыздарға өлең шығаратын. Мені болса, елдің бәріне жаясың деп, қорадан қуып шығады. Бірақ мен төбеге шығып, ақырын білдірмей, тесіктің тұсына жата қалып екі ақынсымақтың жазған өлеңдерін, шындықтарын естіп, біліп алатынмын, сосын елге жаятынмын. Ақыры Жәкең мектеп бітірді. Бірақ кім болатынын, қайда оқуға баруы керек екенін толық білмейтін. Университет деген сөздің мағынасын, біздің мектепте тарих пәнінен сабақ беретін Сәрсенбаев деген егделеу мұғалімнен сұрап алған. Бұл кісінің айтуынша, университет деген сөз «универсал» деген сөзге жақындау болуы керек. Осы кезде Жәкеңнің қолына бір газет түсіп, осы газетте Қазақтың Мемлекеттік университетінде фило­софия факультеті ашылып, осы факультет ғылыми қызметкерлер дайындайды деген хабарландыруды оқиды. Жәкеңе «ғылыми қызметкер дайындайды» – деген сөздер ұнап, Жәкең философ боламын деп шыға келгені. Өзі философия деген сөзді білмейді, бірақ мұғалім Сарсенбаев: Аристотель, Маркс, Абай т.б. даныш­пандар философ болған деп мысалдар келтіреді. Жәкеңе, әсіресе, Абай философ болған деген сөздер ұнайды. Ол кезде қазақтың кәрісі де, жасы да Абайды біледі, мақтаныш тұтады.

Тағы да бір қызық нәрсе. Бір күні Жәкең түс көреді. Түсінде Абайды көреді. Абай бабамыз айтады екен: «Ел ойлайды, менің барлық кітаптарымды білеміз деп. Олай емес. Менің әлі де ел білмейтін кітаптарым бар» – деп қолында шамы бар Абай баба­мыз Жәкеңе кейбір кітаптарын көрсеткен екен. Бұл түс, әрине, жақсылыққа жорылғаны айтпаса да түсінікті.

Осы 1949 жылы июль айында, Жәкең Алматыға оқуға кетті. Район орталығынан Семейге дейін пароход жүретін, ал Семейден Алматыға поезбен кетуге болады.

Район орталығы біздің колхоздан қырық шақырым жерде бо­латын. Шығарып салуға әкем екеуміз бардық. Район орталығына жеттік, бір көшеге жеткенде, әкем: «Чемоданыңды ал, арбадан түс» – дегені. Жәкең түсті. Бір үйге тоқтамай, пароходқа шығарып салмай, тек қана «Қош» деп, әкеміз арбаны ауылға қарай бірден бұрып жүріп кеттік. Мен шыдай алмай жылап жіберген екенмін. Сөйтіп, Жәкең Алматыға кете барды.

Бір айдан артық уақыт өтті. Жәкеңнен хабар жоқ. Әке-шешеміз қысыла бастады. Бір күні: «Жив здоров, поступил в КазГУ» – деп жазылған телеграмма келді. Мәре-сәре болдық та қалдық. Енді Жәкеңнің жаңа өмірі, студенттік өмірі басталып кетті.