Балалық шақтың батпан жүгі

Мен 1917 жылдың тамыз айында мал баққан жартылай көшпелі қазақ ауылында, орташа ғана ауқаты бар Жақып баласы Әшім деген кісінің отбасында дүниеге келіппін. Тамыз айы қазақ ауылының қан жайлауда малын күйлендіріп, маңайдағы ағайын-туғанмен аралас-құралас болып, сауық-сайранды күн кешетін бір алаңсыз кезеңі бол­са керек. Әсіресе біздің өңірде жаздың қысқа таңында алтыбақанда шырқалған Ақан әні бүкіл жайлаудың сәні болып, әр адамның көкірегінде жаңғырығып жатар еді.

Мен туған жылан жылы дәл сондай көңіл көркі болды ма, бол­мады ма, ол арасы маған анық емес.

Бірақ, әйтеуір, сол жылдың аяғы біздің үйге бір қаралы қайғыны ала келіпті. Мен алты айға толар-толмаста ат құлағында ойнап жүрген жігіт – менің әкем кенеттен қайтыс болыпты. Сөйтіп, мен туған әкемді көре алмай қалыппын.

Әрине, арыстай азамат дүниеден өткенмен, құла төбел ауыл тірлігі тоқтап қалмаған. Жыл толып, ас берілгеннен кейін жөргегінде баласы бар жас әйелді ауыл адамдары әмеңгерлік жолмен әкемнің туған інісі Қабдолла деген жігітке қосса керек. Мен ес білгенде біздің үйдің иесі Қабдолла ағам еді.

Одан кейінгі білетінім, біздің мекен бір шоқ қызыл қайың ағаштың бауырында шашырай орналасқан шағын ғана ауыл еді. Әр үйдің қора-қопсысы өз алдына жеке. Қара малдарын қыстыгүні шарбақты қораларында қолда ұстайды. Жылқы баласын жақын маңайдағы шектеулі жерлерінде тебінде бағады.

Шектеулі дейтінім – бұл өңірдегі жерлердің көбі және шұрайлысы сонау переселен жылдары ішкі Ресейден қоныс аударған орыс шаруаларына кесіп берілген де, қазақ ауылдары бұрынғы атақоныстарынан ығыстырылып, кейін шегіндірілген. Өріс-қоныстары тарылып, оты-суы тапшы, тақырлау, шақатты жерлерді қоныс ететін болған. Қыс қыстау мен жаз жайлаудың да өрісі тарылып, мал басы едәуір шағындалып қалған.

Бұл – менің кейінірек үлкендерден естіген әңгімем. Ал өзім көргендегі біздің ауыл Шабақбай бізден гөрі көлемдірек Ақмолда деген ауыл мен Аксеновка деген орыс поселкесінің екі ортасында, жаңағы айтқан шоқ ағаштың бауырында бұғып жатқан жатаған шым үйлі қоңыр ауыл болатын.

Сонымен, күндер өтіп жатты. Жатаған шым үйдің ығындағы от орнындай тақырда асық ойнап, топай атып жүріп жеті жасқа да жетіппін. Енді ауыл балаларымен бірге мектепке барып, сабақ оқуым керек екен. Оған да мойынсындым. Үш-төрт жылдың ішінде жиырма тоғыз әріпті игеріп, қара таныдық. Ептеп хат жазып, ежіктеп кітап оқитын дәрежеге жеттік.

Ауыл тірлігіне мектеппен қатар, «қызыл бұрыш», «қызыл жа­лау» деген сияқты жаңа ұғымдар кіріп, ауылға жоғары жақтан «тік аяқтар», «өкілдер» келе бастады. Олардың аяғы «кәперетіп», «кәллектіп», «белсенді» деген түсініксіз сөздерге ұласты. Әсіресе «белсенді» келе жатыр десе, ауыл адамдары Әзірейіл келе жатқандай үрейлері ұшып, берекелері қаша бастайтын.

Сөйтсем, осының бәрі 1928–1930 жылдардағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру дейтін ұранмен жүргізілген аласапыран, асыра сілтеу науқанының зардаптары екен. Солардың шарпуы біздің үйге де тиіп, бұл кезде орташа, тіпті күнкөрістік қана тұрмысы бар ше­шем мен Қабдолла ағам бір күннің ішінде қолдағы азын-аулақ малы­нан айырылып, қарақан бастарынан басқа дымы жоқ ұжымшаршы болып шыға келіпті. Кейін білсек, орталыққа деп алған малдары «кәллектіп» деп өзеуреп жүрген белсенділерге жем болыпты.

Бұл тұста үйішілік тұрмыстан басқа ауыл-аймақ өмірінде де адам түсінбейтін бір сапырылыстар болып жатты. Қашаннан бері Айыртауға арқа тіреп, соның ығында паналап келген біздің ауыл күнбатыс бетте мойны қашықтау жатқан Рузаев ауданына қарап кетті. Біздің Шабақбай ауылының адамдары тік көтере көшіріліп, Ақмолда ауылына барып қосылды. Екі ауыл Фрунзе атындағы ұжымшар болып бірікті.

Сөйтіп, Шабақбай әулеті өздерінің атамекендерінен айырылып, өзге ауылға кірме болып келді. Ауыл аралары онша қашық болмағанмен, өздерінің бауыр басқан атамекенінен ауа көшу біздің ағайындарға, әрине, оңай болған жоқ. Алыстан мұнартып көрініп тұратын Айыртау да енді жердің түбінде қалғандай, бала қиялымнан алыстап кетті.

Ұжымшар тұрмысына көндіге алмай, ересектер жағы қатты қиналып жүргенде, осының бәрі аз болғандай, енді бір күндері «нәлөк», «алым-салық» деген дүрбелең шықты. Үй-үйдің күнделікті қорек қылып отырған астықтарын сыпырып ала бастады. Астық жоқ үйлерге тінту жүргізілді. Табылған дән дереу тартып алынды. Мал біткен қырылды.

Міне, осындай даурықпа науқанның аяғы апатты ашаршылыққа әкеп соқты. Қолында малы жоқ, кебежесінде нәрі жоқ кедей ауыл өз орнында отырып, күйзелуге айналды. Үй-үйге біртіндеп аштық кіре бастады. «Пәленшенің үйі ісіп-кеуіп жатыр дейді», «пәлен адам бұрлығып өліпті» деген суық хабар ауылды дүрліктірді. Бірақ біреуге біреу қол ұшын берер, нәр татырар дәрмен ешкімде қалмады.

Осындай дағдарыс біздің үйге де келді. Әбден амалы құрыған Қабдолла ағам бір күні маған қарап тіл қатты:

– Қарағым Бәйкен, біз Құдайдың салғанын көрерміз. Ең болма­са сен өлмес қамыңды ойла. Бірдеңе қылып қалаға жет. Сол жақтан бір қорек табарсың. Енді отырма, жөнел, – деді.

Сақып шешем дауыс қылып жылады:

– Тұла бойым тұңғышым, енді қайтып көрем бе сені?.. Бір Аллаға тапсырдым өзіңді.

– Сонда сендер қалай күн көресіңдер? Аштан өліп қалмайсыңдар ма? – дедім мен де көңілім босап.

– Біз тағдырдың жазғанына көнген кісіміз. Жас тілек, сен аман бол, – десті ата-анам.

Сөйтіп, он бес жасар өспірім 1932 жылдың жазында туған үйдің табалдырығынан аттап, ел кезіп кеттім. Бұл менің аштықтан қашқан бетім еді. Жападан-жалғыз, жаяулап Көкшетауға қарай жөнелдім. Дорбада азығым, құтыда сусыным жоқ, әйтеуір жүріп кеткенмін.

Содан не керек, «Өлмегенге өлі балық» деп, бірде жаяулап, бірде жолшыбай кездескен көлікті лау етіп, ақыры Көкшетауға жеттім. Кейін есептеп отырсам, жүз елу шақырым жерге бірнеше күн жүріппін.

Сондағы менің де, артта қалған ата-ананың да көңілге медеу еткені Көкшетауда балалар үйінің директоры болып істейтін ата­лас ағайынымыз Есбай Сүлейменов деген кісі еді. Сол кісінің үйіне келіп бір қондым да, келесі күні пойызға отырып алып Қызылжарға тарттым.

Бұл қалада, менің естуімше, Әбулайыс Жұмабаев деген біздің елдің жігіті бар. Пойыздан түсе салып соны іздеп кеттім. Сәтін салғанда, сұрастырып жүріп тауып алдым. Бір техникумда мұғалім екен. Соның ақылымен және тікелей көмегімен теміржолдың фабри­ка-завод училищесіне оқуға түстім.

Мен үшін жан сақтайтын жер осы болып шықты. Алдымен оқушыларға жатақханадан орын береді екен. Сонсоң карточкамен күніне 800 грамм нан, бір рет ыстық тамақ береді екен. Сол кездің жағдайында мұны «жұмақ» десең болғандай.

Күніне оқитындары – екі сағат класс сабағы, одан кейін төрт сағат паровоз жөндейтін депода жұмыс істейді екен. Бірақ осы «жұмаққа» мен бірден кіріп те, кірігіп те кете алмай көп қиналдым. Өйткені, біріншіден, сабақтың бәрі орыс тілінде жүргізіледі. Оқушылардың бәрі де – орыс балалары. Сөйлейтіндері де – орыс тілі. Ал мен бол­сам бірауыз орысша білмеймін. Сондықтан жағдайымды айтып, тілегімді өткізгенше, бір айдан артық уақыт өтті. Сол күндерде беріп тұрған жатақханасын да ала алмай, вокзал айналасындағы тақтай қоршаудың түбінде түнеп жүрдім. Үстімдегі киім болса жұқа, қара күздің қара суығында біраз дірдектегенім бар. Оның үстіне қала ішінде тыныштық жоқ. Ұрлық-қарлық, талау-тонау, т.б. пәле-жаладан аяқ алып жүре алмайсың.

Бірақ әйтеуір өлмеген адам неге болса да төзеді. Оның үстіне «жұмақтың есігінен қарағанша төрінен шығатын» қазақ емеспіз бе, алғашқы оқу жылының қыс айларында-ақ орыс балаларымен ара­ласып жүріп, ептеп орысша тіл сындырдым. Бірте-бірте орысша сөйлеп, орысша сауатымды аштым. Оқып, жаза алатын болдым. Жастықтың арқасы болар, оқу тәртібіне де бойым тез үйреніп кетті.

Келесі 1933 жылдың көктемінде үйден хабар алдым. Осы күнгі Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданындағы «Возвышенский» деген кеңшарға вербовка арқылы жалданған менің ата-анам пәлендей күні Петропавл станциясына келіп түседі екен. Бірінші қуанғаным, ауылда нәрсіз қалған байғұстар әйтеуір тірі екен. Аштық ажалынан аман көрінеді. Екіншіден, артымда аңырап қалған анам­ды көретін болдым. Сағынғанымды өзіме-өзім білдірмей жүреді екенмін. Енді көргенше асығып, ішім елжіреп кетті.

Айтқандай-ақ, күткен пойызбен жолаушыларым да келіп жетті. Қауышу қуанышынан екі жақта да ес жоқ. Бірақ ата-анамда да, өзге ел адамдарында да адам сиқы қалмапты. «Терісі сүйекке ілініп тұр екен» дейтін сөздің нағыз көрінеу бейнесі.

Ұжымшардағы қайыршылық тұрмыс, ақысыз-пұлсыз істелген азапты жұмыс, жергілікті белсенділердің қайырусыз өктемдігі, ертеңгі күннің тұлдыры көрінбейтін үмітсіздік – міне, осылардың барлығы жиылып келгенде, шарасыз жандарды өздерінің туып-өскен елі мен жерін, бауыр басқан мекенжайын, барлық жиған-тергенімен, ыдыс-аяқ, қазан-ошақтарына дейін тастап, ада-күде ауып кетуге мәжбүр еткен. Осындай мүшкіл халдегі міскін бейбақтарды көргеніңе қуанасың, ал түрлеріне қарап аяйсың, күйінесің. Бірақ қолдан келер қайран жоқ.

Cондағы істеген бір жақсылығым: бір айлық паегіме бір келі қант, екі күннің карточкасына бір келі 600 грамм нан әкеліп, ана­ма бердім. Сол күні кешке ата-анам екінші бір пойызбен Булаев станциясына жүріп кетті. Сол жерден оларды жалданған кеңшардың адамдары қарсы алуға тиісті екен.

Арада бір-екі ай өткеннен кейін, жазғы демалыс кезінде ата-анамның жаңа орналасқан жеріне іздеп барайын. Сондағы көргенім есіме түссе, әлі күнге дейін жүрегім бейжай болады.

Осы күнгі тұрмыстың ешбір саласында қолданылмайтын, тек сол кеңестік алғашқы бесжылдықтар кезінде пайда болған «вербов­ка» деген сөзге байланып, жан-жақтан тоғытылған аш-арық адам­дарды бүкіл үйлі жандарымен, бала-шағаларын, кәрі-құртаңдарын қоса, ашық аспанның астына, дәл жұмыс істейтін жерге топырлатып жинапты. Үстеріндегі баспана деп атайтындары – төрт бұрышынан төрт қада қағып, төбесінен көлденең сырықтармен селбестіре салған жаппа. Үстін сабанмен жауып, төрт жақ қабырғаларына да дәл сон­дай саламнан ықтасын жасаған. Кісілердің астындағы төсеніші де осындай шөп-шалам.

Өздері барақ деп атайтын осы «мекенжайда» жаңағы қарақұрым халық қаз-қатар жатып түнейді екен де, таңнан тұра салып жұмысқа өреді екен. Тамақты да осы жерде пісіріп, ашық далада қаужайды. Соған бірде-бірі қыңқ демейді. Дегенде қайтсін, аштықтың ажалы­нан жан сауғалап келген сорлыларда басқа не лаж бар?!

Осындай қияметтің қылкөпірінде үш жыл жүріп, аман-есен құтылған ата-ана 1936 жылы елге қайтып оралды. Алғашқы кез­де олар белгілі Ақан серінің отаны – Сырымбет ауылының жеріне салынған Казгородок атты елді мекенге келіп орналасты да, сондағы балалар үйінің қосалқы шаруашылығында істеді.

Осы тұста жаңағы айтылған «Казгородок» деген атауға аздап түсінік бере кетуге тура келеді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылда­рында, қазақ шаруаларын жаппай отырықшыландыру басталғанда сол кездегі басшыларымыз қазақтарға арнап қалалар салдыру ісін қолға алған. Оларды болашақта көлемді әкімшілік орталықтары ет­пек жоспарлары да болған сияқты. Сондай оймен республиканың біраз жерінде ұлттық үлгідегі қала ретінде бірнеше елді мекендер тұрғызылған. Мысалы, Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауда­нында, Ақмола облысының Степняк қаласы маңында осындай Казгородоктар пайда болған. Бірақ, неге екені белгісіз, әлде салуы мен дамуы келіспеді ме немесе басқа себеп болды ма, әйтеуір сол «горо­доктар» шағын аудан орталығы дәрежесінен аса алмай қалды.

Айыртау ауданындағы осы Казгородокта бір-екі жыл тұрғаннан кейін біздің үй елді сағалап, алғашқы өздері тастап көшкен Ақмолда ауылының дәл жанындағы «Перелом» атты ұжымшарға (Беспаловка дейтін орыс деревнясына) ауысты.

 

Б. Әшімов: Өнегелі өмір. 43-47 беттер