Бір сериямен – 80 кітап

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Қазақ университеті» баспа үйі дайындайтын «Өнегелі өмір» сериясы жоба ретінде 2010 жылы қолға алынып, 2011 жылы алғашқы шығарылымы дүниеге келді.

 Бүгінде университет ректоры, академик Ғ.Мұтановтың тікелей бастамасымен, бас редакторлығымен 80 кітап оқырманға жол тартты. Әуелде қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағында ұстаздық еткен оқытушы-профессорлардың өмірін арқау еткен серияның аясы кеңейіп, исі қазақтың қамын жеген тұлғалар туралы шығарылымдары да жарық көрді.

«Өнегелі өмір» сериясының 41-шы­ға­ры­лы­мы Ермұхан Бекмахановқа арналған бо­ла­тын. Ол – Қазақстанда және Орта Азиядағы тұң­ғыш тарих ғылымдарының докторы, ал­ғаш Қазақстан тарихы кафедрасының негізін салу­шы. Е.Бекмаханов Кенесары Қасымұлы бас­таған көтеріліске объективті баға берген. «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қа­зақ­стан» атты талай жылғы ізденістің жемісі, баға жет­пес монографиясы үшін қудаланып, «қи­лы заманда» «тар жол, тайғақ кешуді» басынан өт­кереді. Зерттеу жұмысы Ғылым акаде­мия­сын­да төрт рет талқылауға түсіп, буржуа­зия­шыл рухтағы еңбек деген айып тағылып, дау­дың соңы ғалымның бүкіл ғылыми дә­ре­жесін тәрк етіп, өзін Сібірге 25 жылға ай­дау­мен тынады. ГУЛАГ-тың азапты күндері Е.Бек­махановтың жігерін құм ете алмады. Ол бә­рібір ақиқат үшін, Отанға адал қызмет жа­сау үшін соңына дейін күресетінін қапаста оты­рып жары Халимаға жазған хатында ашық айт­қан. Бірнеше жыл өткен соң жылымық ке­зеңі туып, ғылыми жетекшісі КСРО ҒА ака­демигі А.Панкратованың араласуымен бос­тандыққа шығады.
Шын талантты күндеу оның аяғына тұсау сал­ды. Қазақ арасындағы осы бір жағымсыз қы­лық 1937 жылы бір-бірімізді атқызып тын­са да, сабақ болмағанын Бекмаханов жағ­дайы­нан көреміз. Бірақ жаны жайсаң, ардақтысын ажал­ға қимаған азаматтар да болғанын жоққа шы­ғару қиянат. Солардың бірі – Е.Бек­ма­ха­нов қараланған тұста С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ға басшылық еткен Т.Тәжібаев. Өйт­ке­ні білікті кадрды алыстан танып, өзі қыз­метке шақырған еді. Ал жазықсыз жаланың құр­баны болып бара жатқан азаматқа бо­лыс­пау ректордың әдетінде жоқ. 
Төлеген Тәжібайұлы – қазіргі қоғамға үл­гі тұтар қайраткер. Жеті жасында жетім қа­лып, орыс жұмыскерінің шапағатын көрген ол ауыр тағдырын жеңіске, қуанышқа, жақ­сылыққа айналдыра білді. Шымкент пе­ду­чи­лище­сінде жазушы, драматург, «Психология» атты еңбек жазған Жүсіпбек Аймауытов сабақ береді. Ол шәкірті Төлегенді осы бір ғылым са­ласына баулиды. Талантты жас кейін елі­міз­де педагогика, психология ғылымдарының қа­нат жаюына жол ашқан екен. Ең алғаш Абайдың шығармашылығына психологиялық тұр­ғыдан кәсіби баға берген де – тап өзі. Оты­зын­­да орда бұзып, қырқында қамал алған 
Т.Тә­жібайұлы жаңадан отау тіккен Сыртқы істер халық комиссариатының төрағалығына та­ғайындалады. Бұл қазіргі жүйемен айтқанда, Сырт­қы істер министрі лауазымы. Оны Қазақ мем­лекеттік университетінің ректоры қыз­ме­ті­мен қатар атқарады. Сондай-ақ Біріккен Ұлт­­тар Ұйымының мінберінен сөйлеген тұң­ғыш қазақ еді. Біз Төлеген Тәжібайұлының ат­қарған қызметтерін жайдан-жай санамалап отыр­ған жоқпыз. Өйткені ол қаншалықты жоғары лауазымды қызмет атқарса да, халық­тан биік емес екендігін әрдайым жадында ұс­таған, қазақ жастарының сапалы білім алуы­на жағдай жасап, университетте қазақ студенттерінің үлес салмағын арттырған. 
Ағылшын тілін жетік меңгерген, адамзат тари­хының терең білгірі, кез келген тақы­рыпта келісті әңгіме жүргізе алған. Үндістанда елші кеңесшісі қызметін атқарғанда, жергілікті басылымдарға мақала жазады. Хо Ши Мин, Джавахарлал Неру, Индира Ганди, т.б. сияқты әлемнің белді саясаткерлерімен салтанатты шараларда аралас-құраластығы болған. Мұ­ның барлығын сериямыздың Төлеген Тә­жібаев туралы 69-шығарылымына сүйеніп жазып отырған жайымыз бар.
Сайым Балмұханов. Бұл есім онколог-дә­рігерлер арасында кеңінен танымал. Ал қа­зіргі ұрпақтың көбі бейхабар. Ендеше мақа­ла­мыз арқылы С. Балуанұлының ғибратын жақ­сылыққа жаны құмар оқырманға жеткізе білсек – жеңісіміз. 
Медицина ғылымдарының докторы, Қа­зақстандағы радиология және радиобиология ғылымының іргетасын қалаған С.Балмұханов туралы «Өнегелі өмір» сериясының 56-шыға­ры­лымын оқығанда таңғаласың. Ол «мен дәрі­гермін, адамдарды емдесем болды, қалға­нында шаруам жоқ» деген ұстаныммен қыз­мет істесе де болатын еді. Бірақ қазақ деп соқ­­қан жүрегі емшіні зерттеушіге, ұйым­дас­тыру­шыға, тарихшыға, қоғам қайраткеріне айналдырды. 
Ғалымды жақсы білген ортасы тарихшы болғанын сүйсіне жеткізеді. Ұлтының арғы-бер­гі өткенін білетін адам ғана оның бола­ша­ғына тебірене қарайтыны сөзсіз. Америкаға іссапармен барған С.Балуанұлының қызыл жалаға ілініп, есімін атауға тыйым салынған Абылай хан, Ахмет Байтұрсынұлы және Сә­кен Сейфуллиннің суреттерін жасырын түрде ел­ге әкелуі – ерлік. 
Кітаптан бір үзіндіге назарларыңызды ау­дарғымыз келіп отыр. Әңгіме Сайым Балуа­нұлы­ның өз аузынан. «Елуінші жылдың аяғы болар. Ол кезде Денсаулық сақтау министрі С.Қа­рынбаев деген азамат еді. «Академияда Қа­некең бір жиналыс өткізетін көрінеді, соған қатыс» деді. Бардым. Радиология мә­селесі сөз болды. «Халыққа керектен қапы қал­­майық. Осы жағын ойластыруымыз қажет бо­лып тұр. Бұны қалай жолға қоюға болады, қан­дай жұмыстарды іске асырсақ, халқы­мыз­ды кеселден аман сақтап қаламыз? Естеріңізде бол­сын, радиология – бұл келешектің ғы­лы­мы» деді Қаныш Имантайұлы.
Әркім әртүрлі пікірлер айтты. «Сіз қа­лыңыз» деді маған. Қалдым. «Мен бұл кісіні танимын. Сонда Қанекең мені танитын бол­ғаны ма?!» деймін ішімнен. Сәлден кейін Қа­некең: «Ал Сайеке!» дейді. Бір жағынан ың­ғайсызданып, бір жағынан таңғаламын. Үл­кен адам «Сайеке!» дейді. Бұл қалай деймін ала­бұртқан көңілмен. Сөйтсем, Қанекеңнің мық­тылығы ғой, жалтақтап отырған мені «Сайеке!» деп өзіне бағындырып, бауырына тар­тып, ойын еркін айтсын деген екен ғой. «Осы радиологияны, рентгенологияны, ме­дициналық биологияны сіз қолға алсаңыз қай­теді? Ғылым кандидатысыз, лаборатория ашып берейін. Алға қарай алып кету – сіздің мой­ныңызда» деді. Сенім артып, үміт жүк­теп отыр. Қарсы келуге болмайды. Жігерімді алып қойды. Келістім. Шешімді адам еді ғой. Екі-үш күнде бұйрық шықты, ақша бөлінді. Ме­ні лабораторияға жетекші етіп тағайын­дады. Енді жаман істеуге болмайды. Маман керек. Мәскеудің биологиялық физика институтының директорымен сөйлесіп, бес кісіні сонда тәжірибеден өтуге жібердік. Ра­диологтар іздестірдік. Жиырма шақты жасты оқу­ға аттандырдық. Олар 4-5 жылда кадр бо­лып қайта оралды. Бірте-бірте ол лабо­ра­то­рия қазіргі қазақтың Онкология және ра­дио­логия институтына айналды». Ғылым ака­демиясының президенті Қ.И. Сәтбаевтың іс­керлігіне, мәселені сөз бұйдаға салмай, уа­қытында шеше білген қайраткерлігіне, сол кез­дегі С.Балмұхановтың оперативтілігіне таң­данбасқа лажың жоқ. 
Ғалым қазақ даласындағы полигондарға, оның ішінде Семей полигонына жан-тәнімен қарсы болды. Қол қусырып отырмай, оларды жабу үшін мамандардың басын қосқан ха­лықаралық ұйым құрды. Қоғамның назарын Семей қасіретіне аудара білді. Онкологиялық ауруларға шалдыққандарды емдейтін кли­ни­ка­лық базаның негізін салған да – Сайым Балуан­ұлы. 
1989 жылы «Невада – Семей» антиядролық қоз­ғалысы құрылып, оның жетекшісі ақын Ол­жас Сүлейменов болады. Қырық жылдың ішін­де бізге белгілі деректер бойынша 459 (113-і атмосферада) жарылыс орын алған. Екін­ші Дүниежүзілік соғыста дәл осы атом бом­басынан Хиросима, Нагасаки қалалары­ның күлі көкке ұшқан еді. Осыдан кейін Се­мей аумағына келген залалды есептей беріңіз. 
Мұның бәрін көзбен көріп, жүректен өт­кізген белсенділер антиядролық қозғалыс туы­­ның астында күш біріктіріп, 1991 жылы Семей сынақ алаңын жапты. Осы тұста Олжас Омарханұлының қоғам қайраткері бейнесі танылды. 
Ал ғалым ретінде «Аз и Я» атты ғылыми-та­­нымдық стильде жазылған зерттеу жария­ла­ған болатын. Кітап түркітану ғылымына тың жаңалық қосады. Ол ежелгі славян ха­лық­тарының шығармасы саналатын «Игорь жасағы туралы жырды» зерттеп, ондағы көп сөз­дердің түркі тілінен келгенін дәлелдейді. Бұл сол кездегі қызыл саясаттың шамына ти­­­гені белгілі. 
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан 
О.С­үлейменовтің ақындық, қайраткерлік, ға­лым­дық қырлары «Өнегелі өмір» серия­сының 4-шығарылымында толығымен ашылған. 
Біз – түбі бір түркі халықтарының бір бұ­та­­ғымыз. Ал ұлт ретінде қалыптасуымызға түр­­лі өркениеттер өз әсерін тигізбей қоймады. Со­­лардың бірі – орта ғасырдағы парсы жұрты еді. Қазақ халқы жаппай сауат ашып, ғылыми зерт­теулер жүргізген шақта бұл байланыс, өр­кениттер ықпалы ұмыт қалды. Сондықтан осы олқылықтың орнын алғашқылардың бірі бо­лып толтырған ғалым жайында сөз қоз­ғағымыз келіп отыр.  
Адамның есімі тағдырына әсер етеді деп жа­тады. Бұл шындық секілді. Өйткені «Өне­гелі өмір» сериясының 18-шығарылымы сыр шер­тетін тұлғаның жеке басында болған жағ­дай осы бір жазылмаған қағиданы растай тү­се­ді. Әңгіме Лениншіл Рүстемов жайында өр­бімек. 
Кейіпкеріміздің әкесі Зиябек өз заманы­ның көзі ашық, көкірегі ояу азаматы болса ке­рек. Ал өкіметке мұндай адамдар әсте ұна­май­тыны ақиқат. Сондықтан кеңестік өкімет те биліктің қатаң заңынан аса алмай, айдаған­ға жүрмегендерді ырқына көндіруге барын салды. Солардың қатарында Зиябек ақсақал бар еді. Халық жауының тұқым-тұқиянына дейін көз алартқан жандайшаптар ұлына да тырнақ батырғысы келген. Бірақ оған қызыл идео­­логия көсемінің есімі қалқан болады. Ғы­­лымға бас қойып, алғашқы қазақ иран­танушысы атанған Лениншіл Рүстемов шаң қап­тырып, оза шауып, биіктен көрінеді. Қа­зақ тарихына, мәдениеті мен әдебиетінің жаңаша түрленуіне үлес қосқан парсылық­тар­дың өркениетіне, тіліне үңіледі, уақыт үзген байланысты қайта жалғайды. Парсы тілі кафедрасын ұйымдастырып, Иранға сапар шегеді. Ондағы университеттер мен бұрынғы С.М. Киров атындағы ҚазМУ арасында ын­ты­мақтастық қарым-қатынас орнатады. Кі­тапханаларынан ұлтымыз туралы деректер жи­нап, оны зерттеу жұмысы ретінде жария­лай­ды. Тәуелсіздік алып, алыс-жақын шетел­мен келіссөздер жүргізгенде Лениншіл Рүс­те­мов сынды ғалымдарымыз салған жолдың пай­дасы тигені айтпаса да түсінікті жайт.
Адамзаттың қол жеткізген игіліктерінің бірі – кітап. Ол таным көкжиегімізді кеңейтіп, ба­ғыт-бағдар береді, жемісті ойға жетелейді, қа­наттандырады. Ұлтын сүйген ардақтылар жайындағы кітап екі есе құнды екенін естен шы­ғармаған абзал. «Өнегелі өмір» сериясы әр ісі­нен кәсібилік көрінетін, әр нәрседен жақ­сылық туғызатын, ақыл-ойы сергек, айна­ла­сына қамқорлықтың шуағын шашатын аза­мат, бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеу ісіне қо­мақты үлес қосады деген үміттеміз.

 

 Алтынай АУАНОВА,
«Қазақ университеті» баспа үйі 
сериялық басылымдар бөлімінің редакторы

«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті

28.06.2016

http://aikyn.kz/ru/articles/show/25778-b_r_seriyamen_80_k_tap_