ГАБРИЭЛЬ ГАРСИА МАРКЕС

(1927–2014)

Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» (1967), «Патриарх күзі» (1975), «Полковникке ешкім хат жазбайды» (1957), «Жария етілген өлім хроникасы» (1981) деген шығармаларын өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап оқып келемін. Әдетте ілгеріде оқылған дүниелер фабуласы ұмыт болушы еді, Маркестің шығармалары әлі санамда сыңғырлап тұр, оның «Жүз жылдық жалғыздық» романы туралы Ресей басылымдарына біршама дүниелер жарияланып, бұл шығармаға жақсы жарнама жасалды, соның нәтижесінде оны қолға алып оқып шықтым. Түсінуге ауыр дүние. Менімен ілесіп оқыған әріптестерімнің сауалдары көп болды. Олар шығарманы түсінгісі келетіндерін, бірақ меңгере алмағандықтарын білдірді. Расында, бұл романда аңыз бен шындық мүлдем тұтасып кеткен болатын, содан барып латынамерикандық «магикалық реа­лизм» деген түсінік қалыптасқан. Социалистік реализмді шындықты бейнелеудің бірден-бір тәсілі деушілер түсінігімен келсек, бұл шығарма түсініксіз, ал шындық дегеннің өзі аңыз бен ақиқаттың ара­сында десек, мәселе анықтала бастамақ. Әдебиеттің қуаты өлшеусіз екенін Маркес осы романы арқылы көрсете білді. Сонда жаңалық мәнісі неде десек, ол дәстүрлі тұрмыстың бүгінгі вестерндік өмірдегі алатын орны. Дүниеде ешнәрсе жойылмайды, ол аңыз болып өрбіп, бүгінгі күннің өзін аңызға айналдырады екен. Аңыздың өзін емес, аңыздық кейіпкерлер сомдау жүзжылдық жалғыздықтың сыры. Ұрпақтар алмасуы шындық па, олай болса не өзгерді, оны кім түсінді? Жүз жылға созылған жалғыздық дегеннің өзі не? Қандай жан болмасын ол жалғыз, оны сезінген адам аңызға айналмақ, ал жүз жыл жалғыз болу деген не? Ойлаймын, адам түгіл күллі адамзат бұл әлемде жалғыздық дертін кешуде емес пе? Дүниедегі катаклизмдер, катастрофалар, қырғын соғыстар осы адамзаттың жалғыздығының дерттері емес пе екен деген де ойға қаласың.

Астрономдар адамзат бүкіл галактикада жалғыз деуде, бұл не? Ол ненің нышаны, жақсылықтың ба, жамандықтың ба? Мен ай­тар едім, екеуінің де. Адамзат галактикада жалқы, өзге әлемдерде өзі сияқты жоқ. Иә, бұл нағыз жалғыздық, қасіретті жалғыздық, себебі дұрыс ғұмыр кешудің үлгісі жоқ, сондықтан осы планета­да бей-берекеттілік орасан мәнде орын алған. Ал, егер адамзат галактиканың бір әлемінде бар боп шықса, не етер еді, мүмкін ол адамзаттың бейбіт ғұмыр сүруіне аса қауіпті жағдай болар еді, себебі бір қара жер бетінде өніп-өсіп жатқандар тілге келмей жау­ласып жатқанда, өзге әлемдегілер біздерге қалайша жанашыр дос болмақ. Сондықтан, тегі жалғыздықтың өзі-ақ дұрыс шығар деген пенделік ойға келесің, бірақ ол сезімге де, санаға да тыныштық бермей, адамдарды өмірдің қайнаған қазанына салуда. Оның нақты сырын іздеушілерді қойып, өмір сүрушілер қалпынан тыс қою тағы бар. Ал, қалыпты өмір деген не? Қалыпты өмір сүрушілер жалғыздықты сезіне ме?

Бұл Маркестің сұрағы, оған жауап жоқ, бірақ ізденіс бар, соның нәтижесінде көркемдік тәсілін қаламгер тамаша етіп, айшықты түрде романында шеберлікпен баяндап берген. Ойлаймын, Маркестің өз романында көтерген мәселелері туралы өзінің де даяр жауабы жоқ, себебі ол жауап беруді мақсат тұтпаған, аңыз бен ақиқаттың арасынан шындық іздеген, оны тапқан және көркем тұлғаларға айналдырған.

Маркестің келесі шығармасы «Патриархтың күзі». Бұл алғашқыдан да күрделі шығарма дегендер де болды, мен ол пікірмен келісе алмаймын. Бұл роман фабуласы негізінен билікке қатысты, сондықтан мұнда метафора басым. Роман, ішінен бөлшектенбейтін біртұтас дүние. Шығарманы оқып отырғанда Нерон сияқты ұсқынсыз диктаторлар бейнесі алдыма келіп отырды, бірақ Маркес билік басындағы адамның бейшаралығын, шарасыздығын, келешек дегеннен жұрдай адамның кейпін көркемдік тәсілдерге салып, оның билікке қолы жеткенде қандай болатынын бейнелеп берген.

Күз табиғаттың мезгілі, оны адамға қатысты қолдану, әрине метафора. Патриарх күзі – билік күзі. Күзде бояулардың әрі кетеді, түс өзгереді, мезгіл алмасады, былайша айтқанда бұл құндылықтар алмасу мезгілі. Жазушыны осы мәселе ынталандырып, арнайы шығарма жазылған. Бұл романды оқыған әрбір адам одан өз түйсігіне сай түсініктер алуы табиғи жағдай, шығарма ережелер жиынтығы немесе таза философиялық трактат емес, ол сезім толқынына леп беретін, ойды ойға жетелейтін, адам болмысының аса көріне, біліне берілмейтін, былайша айтқанда, «жол бастайтын мекенін» меңзейтін тылсым қуаты азықтанатын әлдебір күштерге әсері бар, бірақ нақтылы өмірде болмаған, мүмкін болмайтын да «шындықты» бейнелейді, сонда оқырман екі шындықтың шегарасында қалмақ. Әдетте бір шегарадан екіншіге өту қандай жауапты әрі түрлі құжаттарды қажет ететіні сияқты, өмір шындығынан көркем шындыққа өтіп, одан қайтадан оралу да осал шаруа емес. Бұл көркем шығарманы қабылдау қиындығы. Ішкен ас бойға сіңіп, дәм болып қуатқа айналғаны тәрізді, көркем әлем шындығы қабылданып, қалдықсыз сенің рухани болмысыңнан орын алып, қажетті жағдай, іске байланысты бой көрсететін рухани күшке айналып, сақтала бермек, ең қызығы сол, дүние адамның рухани әлемінде тек жат­пай, оның өзгерісіне сай өсіп-өніп бой көрсетпек. Сірә, адамның ру­хани байлығы дегенде, оның көп оқығандығында ғана емес, оның бойындағы қабылданған дүниелердің өзімен бірге өсіп-өнуінде болса керек, оны қазақ қысқаша оқығанмен қатар тоқуы керек деп түйіндеген. «Патриарх күзін» оқығаныма жиырмадан аса жыл өтсе де, оның фабуласы айшықты мәннен бүгінде логикалық түсінікке айналғанға ұқсайды, сірә, оның себептері көп шығар, менің айтпағым, бұл жерде Маркестің суреткерлігі туралы. Нағыз суреткер әлем жасаушы, мен сол әлемді күні бүгінге дейін тамашалаудамын.

 

Ғ. Есім: Өнегелі өмір 119-121 беттер