ДЖОН ГОЛСУОРСИ

(1867–1933)

Әдеби тәжірибе айтарлықтай мәселе. Осы жайға орай есіме ағылшын жазушысы Джон Голсуорси туралы естелік оралып отыр. «Шетелдік әдебиет» пәні бағдарламасы бойынша ағылшын әдебиеті классигінің бірі болып саналатын осы жазушының «Форсайттар са­гасы» деген романын оқып, семинар сабағында, өзімізше талдадық. Шығарма көлемді болғандықтан, оны алдын ала, жазғы демалыс (ка­никул) кезінде оқып келген, менің бұл роман туралы айтар сөздерім біршама болатын, соның бәріне дерлігін жастық максимализм­ге салынып, ортаға жайып салдым. Менің бұндай тосын мінезіме дайындығы болмаған, ұстазымыз еврей әйелі:

– Иә, иә, бірақ Джон Голсуорси ағылшын әдебиетінің классигі әрі Нобель сыйлығының иегері деген уәж айтып жатты.

Мен, мейлі дегендей, өз пікірімнен қайтпайтынымды сездірдім. Кейінірек, ойлаймын, неге бір отбасының көркем тарихын келістіріп жазған шығарма, маған бөгде болып қабылданды. Оның екі себебі болғанын, қазір біліп отырмын, біріншісі, біздер негізінен орыстың классикалық әдебиеті тәжірибесінен өсіп шыққандармыз. Орыс әдебиетінде отбасының мүшелері арасындағы қарым-қатынастар өзгешелеу суреттеледі. Бұл ағылшын әдеби өмірі мен орыс әдеби өмірі тәжірибесі арасындағы алшақтық. Отбасын (семьяны) дәстүр деп қабылдаудағы ерекшелік. Ағылшындар үшін отбасы, ол қамал сияқты, осы дәстүрлі түсінік әдеби бейнелеуге түскен. Орыс тұрмысындағы отбасындағы оқиғалар, үнемі әлдекімге ұқсас болу сияқты дүбара ізденістерге толы, мұндағы әйел кейіпкерлер жан таласа әлденені үнемі іздеуде, ал ағылшындық әйел Ирэн ешкімді емес, өзін-өзі іздеуде, оның қайғысы өз басынан шығып тұр, орыс әйелі болса қоғамдық па, әлемдік пе мәселелерге алаңдай беретін. Бұл біріншіден, екіншіден отбасы туралы таза қазақи түсінік және оның әдеби тәжірибедегі көрінісі Джон Голсуорси бейнелеуінен тым өзгеше. Ол кезде, мен оқыған қазақ шығармаларында ба­сынан аяқ, қазіргі тілмен айтсақ, гендерлік мәселе көтерілетін де әйелді адамзаттық тұлға ретінде емес, оның саяси-әлеуметтік бейнесін жасауға әуестенушілік басым болатын. Осы түсініктер болмысындағы маған, әрине Ирэн тұлғасы түсінігіне сай болмай, қабылдай алмай, оны көңіл санасына түсіре алмадым.

Рас, Джон Голсуорси ірі қаламгер, шындығы сол, оның «Форсайттар сагасы» – ерекше туынды. Бірақ, менің студенттік кезімде қалыптасқан Джон Голсуорси туралы түсінігім, оның әйгілі романы туралы көңіл күйім, сол қалпынан айтарлықтай өзгеріске түскені жоқ. Бұл романның сол баяғы бөгделілігі, сол баяғы суықтығы мен үшін сол қалпында қалғанын айтып отырмын.

 

Ғ. Есім: Өнегелі өмір,  85-89 беттер