ДЖОН СТЕЙНБЕК

(1902–1968)

Американдық жазушы Джон Стейнбектің «Гроздья гнева» (қазақшасы, сірә, «Ашу тасқыны» болса керек) деген романын мұқият оқып шықтым. Джон Стейнбек мен алғаш оқыған америка қаламгері емес, оған дейін Марк Твен, Теодор Драйзер, Фрэнсис Скотт Фицджеральд, Эрнест Хемингуэй, Джек Лондон сияқты әйгілілерді былай қойғанда қазіргі көзі тірілердің дер бірталайымен таныс бола­тынмын. Сондықтан американдық қаламгер туралы біршама түсінік қалыптасып қалған. Әрине, америка таза ұлт болып, одан ел болған емес. Америка әдебиеті – маргиналды әдебиет. Сол себепті бұл ел жазушыларының шығармаларындағы басты арна – тұрмыс және оның Америка жағдайындағы қалыптасуы. Аталған романда нақ осы проблема қозғалған. Американың іркіс-тіркіс тарихы бірнеше қабаттардан тұрады. Ең басында жергілікті аборигендерді қырып-жойып қала сала бастаса, Еуропадан көшіп келушілер, ендігі жерде (азаматтық соғыстарды айтпағанда) сол индустердің күйін қарапайым американдықтардың өздері бастарынан кешті. Олай болатыны әуел баста, әйтеуір жерге иелікті бір бекітіп алу науқанына түскен көшіп келушілер болып өмір сүре бастады. Жер тынысын білетін еңбекқор жандардың асқан дәулеті болмаса да, әйтеуір киім-тамағына жететін тұрмыстары болды, міне, осылайша тырбанып, бала өсіріп, жан-жақты бола бастаған американдық-фермерлер тұрмысына қауіп төніп, оларды өздері мекен етіп, атажұртқа айналып қалған жерлерінен кетуге тура келді. Оның негізгі себебі қуат ала бастаған Америкада қайтадан еңбек бөлінісі, қайтадан жер бөлінісі басталған еді. Ірі-ірі монополистер өз мүмкіндігіне сай ұсақ-ұсақ фермерлердің күн көріп отырған жерін бөліске салып, қысқасы тартып ала бастады. Жерінен айырылған фермерлер босқыншылыққа ұшырап, мерзімдік (сезондық) жұмыспен айналысып, діңкелері құрыды. Міне осы жағдайды Джон Стейнбек өзінің романына өзек еткен.

Романда Джоудтардың үлкен семьясы өзге фермерлер сияқты туған жерінен қуылып, Калифорнияда жұмыс бар деген лақапқа сеніп, артынып-тартынып жолға шығады. Романның әрбір беті қайнап тұрған бейнет тауқыметіне толы. Джоудтар үшін бір жақсылық жоқ. Қазақша айтқанда, қайда барса – «Қорқыттың көрі». Сол кезде Президент бар, Америка деген ел бар, бірақ қарапайым халықтың көргені тек жәбір, жоқшылық. Адам орны, намысы жер болған. Бүгінгі Америка осы өткен жолын ұмытқан жоқ па екен деп ойлаймын.

Джон Стейнбектің осы аталған романы 1939 жылы жарық көрген. Романның соңында берілген тарихи-әдеби анықтамада бұл роман жарық көрісімен басылым беттерін Джон Стейнбекке қарсы көп материалдар жарияланған, тіптен сол Калифорниядағы мерзімдік жұмыстағылардың жазушыға қарсы ашық хаттары да ұйымдастырылған көрінеді.

Ғ. Есім: Өнегелі өмір,  105-107 беттер