ДЖОРДЖ БЕРНАРД ШОУ

(1856–1950)

Бернард Шоудың «Адам ата – Хауа ана» (Тұңғыш қанішер) атты екі бөлімді драмасын оқып шықтым. Аударған Өтен Ахмет, шығарма «Әлем әдебиеті» журналының 2012 жылғы екінші санында жарияланған.

Адам ата мен Хауа ана туралы аңыз-хикая жеті миллиард адамның жартысына қатысты. Иудаизм, христиан, ислам діндерінде Адам ата мен Хауа ана туралы әңгімелер құлаққа әбден сіңісті болған. Адам ата ислам дінінде пайғамбар, ол Тұңғыш адам. Мені, осы Тұңғыш адам деген түсінік ерекше ынталандыруда. Аңызды негізге алсақ, Тұңғыш Адам жер бетінде жаратылмаған, оның мекені жұмақ. Жер-Ана деген ұғым Адам атаға қатысты емес, оның дүниеге келген мекені – жан­нат. Адам атаның жерге деген сезімінде бөгделік болуы ғажап емес. Олай болса, бұл сезім, оның ұрпақтарына да сіңісті болып үлгерді ме екен? Аталық сезімде бөгделік бар десек қалай болғаны? Альбер Камю шығармашылығындағы бөгделіктің түп-тамыры осы жағдайға қатысты емес пе екен деген ойға келемін. Иә, Адам ата жерден тыс жердегі топырақтан жаратылды, оның айғағы одан тараған сан ұрпақтың қара жерге жасап отырған қиянатынан аңғарылады емес пе? Адамдардың жерге қанында бар өгейлігі экологиялық мәселеге ұласқан десек, шындық бола ма, әлде ол аңыз ғана болып қалмақ па? Ойланған жөн. Табиғат адамзаттың туған топырағы болса, неге оны ерекше қадірлемеске? Сірә, табиғатты ысырап ету сыры адам баласының жерге өгейлігінде ме екен? Әрине, бұл мәселеге ғылыми көзқарас емес, алайда Адам ата туралы ғасырлар бойы толастамай қайта-қайта жанданып, қайталанып келе жатқан діни аңызға, біздің де рефлексиямыз болуы, оның үстіне сөз болып отырған ағылшын қаламгерінің аталмыш шығармасы осы мәселеге тағы да оралуға, ой қозғауға себеп болып тұр.

Адам атаға мекен болған жұмақ, жерден тыс мекен бе? Сірә, бұл сауалдың тура жауабы болмас. Жұмақ Жаратушының құпия мекені деген сөзге тоқталған абзал. Олай болса, Құдай адамды аялап, өзінің құтты мекенінде топырақтан жаратқан, бірақ ол топырақтың табиғаты да белгісіз. Негізінен алғанда, ол мәселеде емес, себебі жер бетіндегі топырақтың бәрі де ғарышта бар элементтерден тұратыны ғылымда анықталған. Мәселе күрделілігі екі жайға қатысты, бірі Адам ата­ны неге жұмақ мекенде жаратты, екіншісі неліктен екеуін Жұмақтан қуды. Бернард Шоу драмасында ондай жайларға тоқталмаған, оның мақсаты – адамның нәпсісіне қатысты, оны ынталандырған тақырып Алғашқы Адам емес, Алғашқы қанішер мәселесі.

Айтуға ауыр, бірақ та адамзат болмысы – қанішерлік мәселесімен толығып, тарихқа айналғанын мойындамасқа амал жоқ. Сөз болып отырған драмада мың жасаған Адам ата, жер шұқылап ұрпақ өсіруден өзге белсенді іс бітірмей дүниеден өткен. Ал, қанішер Қабыл болса құдайға сенуді ысырып қойып, белсенді іс-әрекетке кірісіп, дүниені өзгертуді мақсат етіп, әзәзілге қызмет ете бастаған. Қанішер Қабылдың кейінгі ізбасар-шәкірттері: Александр Македонский, Рим императорлары, Шыңғыс хан, Наполеон, Гитлер, Сталин т.б. Қанішерлік жолға түсіп, адамзат тарихында ілім жасау­шылар да болғаны, айталық, Ленин, Мао ілімдері және т.б.

Адам ата ізгілік жағында, бірақ ол әлсіз, баласы Қабыл болса, нағыз революционер, ойы әлемді өзгерту, осы мақсатта тіптен, әкесі мен шешесінің көзін жойып жіберуден тартынар емес. Ол туысы Абылды өлтіргенін өкінішке жатқызбайды.

«Адам ата: – Сен ше? Найзаңды шошаңдатып, қалқаныңды қалқаңдатқанда, кім болып жүрсің бүгін? Сенің қолыңнан жазықсыз төгілген өз туған бауырыңның ыстық қаны жер астында кек жина­май тыныш жатыр деймісің?

Қабыл: – Абылды өлтірсем, оған кім кінәлі? Өлтіруді ойлап тапқан кім? Мен бе? Жоқ, Абылдың өзі болатын. Мен байғұс сенің үйреткендеріңді қайталап, ертелі-кеш тынымсыз жер шұқылаумен жүрдім. Арам шөптерді жұлдым. Жер берген ырзықпен қоректендім. Сен сияқты мен де бой-бойым шығып, ащы терге малшынатынмын. Ақымақтық екен. Ал Абыл өнертапқыш, ойшыл, жігерлі, алдағысын болжай білетін нағыз өскелең жігіт болды. Ол адам бойындағы қанның құпия сырын ашты. Өлтіру дегенді ойлап тапты. Ол таңғы шықтың күн көзінің қызуына тосқауыл бола алмайтынын білді. Ол оттың біркелкі маздап жануы үшін ошақ ойлап тапты. Сосын ол өзі өлтірген аңндардың шикі етін отқа қақтап жеуді, сүйтіп бойындағы күш-қуатты қалай сақтау керегін үйренді. Ол күні бойы аңшылықта саяттап, рақатқа кенеліп, тамақ пісіру үшін ошақ басында бірер сағат аялдаса жететінін түсінді. Ал сен оның осынау ғажап өнерін үйренудің орнына, баяғыша митыңдап жер шұқылауыңды қоймадың, мені де мәжбүрледің. Мен Абылдың берекелі тірлігін, еркіндігін қызғандым. Оған емес, саған еліктейтінім үшін өзімді-өзім жек көрдім. Тіршілік тірлігінің берекеленгені сондай – Абыл тіпті өзіне өнер үйреткен әлдебір тылсыммен дастарқандас та бола бастады. Бұл дауыс, дейтін ол, ошақтағы оттан шығып тұр, от тамақты мен жесін деп пісіреді дейтін. Еш өтірігі жоқ, ошақтағы оттың тамақты шыжғыра күйдіріп, қалай жалмағанын мен де көрдім. Сосын мен де ошақ жасап, үстіне әртүрлі дән, тәтті тамырлар орналастырдым. Бірақ еңбегім зая кетті. Мұны көрген бауырым мені мазақ етті. Осы жерде маған ол аңдарды өлтіргенде, мен неге оның өзін өлтірмеймін, деген бір керемет ой келді. Қанжарымды сұғып алдым, Абыл өлді, өзі өлтірген аңдар құсап. Сол жерде сенің істе дегендеріңді қайталап өмір бойы ақымақ болып келгенімді түсіндім, сосын өмірі бір бітпейтін жер шұқыған митың жұмысты тастадым да, Абыл сияқты мен де аң аулап, етін ошаққа пісіріп жеп, жаңа өмірді бастап кеттім. Қазір мен сенен әлдеқайда жақсымын. Күштімін, бақыттымын, еркінмін» (Бернард Шоу. «Адам ата – Хауа ана» (Тұңғыш қанішер). Орыс тілінен аударған Өтен Ахмет. «Әлем әдебиеті» журналы, 2012. – №2. – 182-183-б.).

Ол өзі ойлап тапқан мақсаттың құлы. Қабыл әлемге әкесі Адам ата­дан өзгеше ой өрісін әкелуші. Ол Абылды өлтіргеніме кім кінәлі деп сауал қояды. Өлтіруді ойлап тапқан мен емес дейді ол. Өлтіру деген не, бұл Қабылдың түсінбеген ісі. Туысы Абыл болса өлтіру, яғни жан алу дегеннің мәнісін ашқан. Абыл үшін өлтіру қажеттілік болды. Аңшылық деген жан алу, яғни өлтіру емес пе? Әлемде өлтіру, жан алу деген болса, енді осы істі Қабыл адамға, туысы Абылға қолданған. Сонымен, «өлім» мен «өлтіру» дегендердің аражігі ашылды. Міне, осыдан бастап ар, ұят, ізгілік және зұлымдық дегендер саралана бастады.

Қабыл өлтіруді еркіндік, бақыт, күш деп санайтын дүниетаным әкелді. Бұл қырғын соғыс философиясы. Гегельдің соғыс қажеттілік деп жүргені осы Қабыл философиясы. Соғыс адамзаттың қозғаушы күші дейтін «Қабылдар» бүгінгі күні де жеткілікті, олар осы мақсатта қанішерлерге ескерткіштер қойып, оларды мадақтауды дәстүрге айналдыруда.

Адам ата жалғыз. Ол өз еңбегіне жауапты. Ол таза еңбекпен ізгілік жолындамын деген сенімде. Қабыл болса, қолдан құдай жасау деген идеяға кіріскен, ол ілім. Демек, алғашқы ілім жаса­ушы да қанішер – Қабыл. Табиғатынан қанішерлігі жоқ жан ілім жасауға ниеттенбейді, таза адам дін жасауы мүмкін, ол бірақ ілімге айналмуы керек. Бернард Шоу осы мәселені былайша түсіндірмек болған:

«Қабыл: – Екеуің де өмірден түк білмейсіңдер. Ауылдан шықпай көрбақсыңдар. Қолға үйреткен өгіздеріңді, есектеріңді, иттеріңді өздеріңе жұмыс істетудің орнына, оларға мезгіл-мезгіл жем-шөп беріп, соларға өздерің құл боп жүрсіңдер. Алайда мен сендерге мұндай ит тірліктен құтылудың жолын айтайын. Мысалы, өз жұмыстарыңды басқа әйелдерге, еркектерге, адамдарға яғни істетіңдер. Пешенелеріңе жазылғаны деп оларды тіпті бала жастан үйретуге де болады. Сонда олар мына біздерді Құдай тұтып, ал өздерін бізді бақытты ету үшін жұмыс істеуге жаралғанбыз деп ойлап өседі.

Адам ата (қызығушылықпен): – Мынауың бір керемет ой екен.

Хауа ана (жақтырмай): – Иә, несін айтасың, керемет!» (Сонда, 186-б.)

Адам ата үшін де бұл идея керемет. Сырт көзге, әрине керемет, ол мағынасында, оның адамды сауу және адамнан Құдай жасау деген идея бүркемеленген. Бұл ібіліс жолы. Адамзат әлсін-әлсін осы жолға түсе беруден жалықпай-ақ қойды. Қаламгер осы жайды баяндаған.

Қабыл жалған ғұмыр формуласын жасаушы, Абылдың жеткен жері табиғат, қазіргі тілмен айтсақ, мал шаруашылығы, Қабыл бол­са темірді игеруден туған дүниетаным құшағында. Темір жансыз өзі табиғат, оны мүдде, мақсат тұтқандардан қанішерлік шығуы түсінікті. Қабыл – соғыс. Қандай соғыс болмасын кісі өлтіруден басталып, сонымен аяқталады. Соғыс бейбітшілік үшін болмай­ды, соғыстың аты – соғыс, қырғын. Қабыл бұл көзқарасын айқын білдірген. Ол өлім мен өлтіруді айыра білген. Өлім зат алмасуы бол­са, өлтіру – зорлық. Осы тұста Хауа ана зары басталады:

«Адам ата: – Жалмауыз! Естимісің, Хауа, ұлыңның не айтып тұрғанын?

Хауа ана: – Бәсе, бетімді күнге бұрамын дегенін енді түсіндім бұл бәленің. Адам жегіш! Нәрестелердің ажалы! Иә, сәбилерге де кезек келеді, кезінде Абыл да аналық қойлар мен ешкілерді жеп бо­лып, ауызды кішкентай қозы-лақтарға салған еді. Бірақ сен оның қасында нағыз жабайысың. Біле білсең, бала туудың барлық азабын көтеретін, отбасы, ошақ қасының барлық ауыртпалығын арқалайтын менің басыма да әлгі сенің айтқаныңдай ойлар келген. Бір заман­дарда менің қайсар да қабілетті ұлым жұмақ өмірді қиялдайды, қиялдағаным болса екен деп тілеп, соның жүзеге асуына қол жеткізеді деп армандағанымды қайтейін. Сүйтсем сенің бар ойың – аю болсам, сәбилерді жалмасам екен. Бірақ сен білмейді екенсің ғой, аю үшін алдында тәтті балы тұрса болды, сен секілді адам жемек түгіл оған қарамайды да» (Сонда, 189-б.).

Қабыл мүлдем топас емес, керісінше, ол сауалдардың мәнін мейлінше ашық түсінгісі келеді, бірақ оған ешкім жауап бере алмақ емес, тыңдаңыз:

«Қабыл: – Бірақ түйсігім мықты, ол маған өлімнің адамзат тіршілігінде ерекше орын алатынын сездіреді. Өзің айтшы, анашым, өлімді кім ойлап тапты?

Адам орнынан ұшып тұрады. Хауаның қолындағы ұршығы түсіп кетеді. Олар сасқалақтап қалады.

Оу, сендерге не болды бұл аяқастынан?

Адам ата: – Сен, ұлым, сұмдық, ауыр сұрақ қойдың?

Хауа ана: – Өлтіруді ойлап тапқан сенсің. Ал енді қанағаттандың ба жауабыма?

Қабыл: – Өлтіру – өлім емес. Менің не айтпағымды түсінетін шығарсыңдар. Менен ажал тапқандарды, егер аяушылық білдіріп аман жіберсем, олар өлімнен бәрібір құтылмас еді. Демек, біреу қолынан болмаса да, бір күні кезегімде мен де өлемін. Ендеше менің тағдырыма осындай ажалды қақпан құрған кім? Өлімді ойлап тапқан кім? (Сонда, 191-б.)».

Өлім табиғат, өлтіру қанішерлік, Бернард Шоу мәселені осылай ашық қойған. Өлтіру табиғатқа, адам болмысына қарсылық. Ол күнәнің ең ауыры, бірақ адамзат неге қанішерлерге бас иіп, оларды құрмет тұтады. Бернард Шоудың осы драмасын оқып отырып, осы сауалға жауап іздедім, таппадым. Әйел заты қиналып дүниеге адам әкелсе, еркектер оларды қырып-жоюмен болуда, неге осылай? Бұл Хауа ана сауалы! Бұл сауал ХХІ ғасырда өз шешімін таппаған, ауыр мәселе

Ғ. Есім: Өнегелі өмір,  85-89 беттер