ЛЕВ ТОЛСТОЙ

(1828–1910)

«Хажы-Мұратты» қайтадан оқып шықтым. Бала кезімде бұл шығармамен танысқаным бар еді, бірақ, ол кездегі түсінік өзгеше арнада екен. Шығарманың құндылығын біздің заманымызда болған Шешенстандағы екі соғыс анықтады. Кезінде КСРО деп аталған «Советтік Империя» құрамына енген халықтардың, менің білуімше, орыстармен осыншама ұзақ соғысқан шешендерден өзге халықты білмеймін. Кезінде Ресейдің Кавказды жаулап алғанын былай қойғанда Шешендер мен Дағыстандықтардың 1836–1860 жылдар ішіндегі орыстармен соғысы, араға ғасыр салып, қайтадан басталып, әлі аяқталмай отырған қантөгіс мені «Хажы-Мұратты» қайта оқуға мәжбүр етті.

Хажы-Мұрат туралы шығарма жазу үшін Лев Толстой 5000 беттей архив, тарихи естеліктерді оқып танысқан екен. Әсіресе, Кавказдағы соғыстар туралы А.Л. Зиссерманның «Кавказдағы жи­ырма бес жыл» (СПб., 1879. 21. п ІІ); «Генерал-фельдмаршал князь А.И. Барятинский» (М., 1889–1890 т. І. ІІ. ІІІ.); М.С. Воронцовтың 1851–1852 жылдардағы кавказдықтардың әңгімелеріндегі Хажы Мұраттың хаттары туралы, бұл материал «Русская старина» де­ген басылымының 1881 жылғы үшінші санында жарияланған; Е.А. Вердеревскийдің «Шамилдің тұтқындалуы» (Спб., 1850) т.б. барлығы 633 деректі пайдаланған.

«Хажы-Мұратты» оқыған әрбір саналы адам жазушы ойының кімнің жағында екенін бірден сезінеді. Сондықтан да Л.Н. Толстой бұл шығарманы көзі тірісінде саналы түрде жарияламаған. Ол жөнінде мынандай дерек бар. 1902 жылдың 12 қазанында, ол Чертковке былай деп жазған: «Кончил Хаджи-Мурата, который в неотделанном вполне виде отложил и при жизни не буду печатать» (Л.Н. Толстой. Т. 14. – М., 1985. – С. 496).

«Хажы-Мұрат» тұңғыш рет 1912 жылы «Л.Н. Толстойдың өлгеннен кейінгі шығармаларының» үшінші томында жарық көрді, бірақ мұнда цензура шығарманың көптеген жерлерін қиып тастаған, ол І Николай патшаға қатысты, Садо деген кейіпкердің ауылын қиратып, жағып жіберген казактар әрекеттеріне қатысты жерлер. Шығарманың толық цензурасыз мәтінін, сол жылы В.Г. Чертков Берлинде шыққан «Л.И. Толстойдың өлгеннен кейінгі шығармаларының» үшінші томына енгізген.

Байқап отырсыздар «Хажы-Мұраттың» тағдыры шығарманың басты кейіпкерлерінің тағдырынан кем болмаған. Оның себептері түсінікті, кавказдықтардың ерлігін баяндау орыс патриотизміне нұқсан келтіруі мүмкін. Гуманист Лев Толстой болса олай ойламай­ды, ол шындықты баяндауға ықыласты болған. Шындықты айту Л.Толстой заманында да, яғни ХХ ғасырда да, қазіргі ХХІ ғасыр ба­сында да көптеген Ресей саясатшылдарына ұнайтын проблема емес. Шешенстандағы бүгінгі соғыстың бітпей, айуандық түрде өтуінің себебі де сонда. Жазушы Хажы-Мұратқа деген ниетін шығарманың екі тұсында өте айқын білдірген. Бірінші тұсы. Каменев Хажы-Мұраттың кесіп алған басын жұртқа көрсетіп мақтанып жүргенде автор мынандай түсініктеме береді. «Это была голова, бритая, с большими выступами черепа над глазами и черной стриженной бо­родкой и подстриженными усами, с одним открытым, другим полу­закрытым глазом, с разрубленным и недорубленным бритым чере­пом, с окровавленным, запекшейся черной кровью, носом. Шея была замотана окровавленным полотенцем. Несмотря на все раны головы, в складе посиневших губ было детское доброе выражение» (Ол да сонда, 127-б.).

Бұл, жазушының Хажы-Мұратқа деген ізгі ниеті, ұрпақтарға қалатын ескерткіш – символ. Хажы-Мұрат кім болған дегенде, классиктің осы сөзі көп іске негіз бола алмақ. Мұндай шығарманы жазушы тірі кезінде шығарса, ауыр сынға қалмағы да аян.

Хажы-Мұратқа, жалпы Кавказдағы соғысқа жазушы өз көзқарасын офицердің әйелі Марья Дмитриевнаның сөзімен берген. Шығарманың осы тұсынан үзінді келтірейік:

« – А я к вам, – сказал Каменев. – Хаджи-Мурата голову привез.

– Врешь! Убили?

– Да, бежать хотел.

– Я говорил, что надует. Так где же она? Голову-то? Покажи-ка. Кликнули казака, и он внес мешок с головой. Голову вынули, и Иван Матвеевич (Марья Дмитриевнаның күйеуі. – Ғ.Е.) пьяными глазами долго смотрел на нее:

– А все-таки молодчина был, – сказал он. – Дай я его поцелую.

– Да, правда, лихая была голова, – сказал один из офицеров.

Когда все осмотрели голову, ее отдали опять казаку. Казак по­ложил голову в мешок, стараясь опустить на пол так, чтобы она как можно слабее стукнула.

– А что ж ты, Каменев, приговариваешь, когда показываешь? – говорил один офицер.

– Нет, дай я его поцелую. Он мне шашку подарил, – кричалИван Матвеевич.

Бутлер вышел на крыльцо. Марья Дмитриевна сидела на вто­рой ступеньке. Она оглянулась на Бутлера и тотчас же сердито отвернулась.

– Что вы, Марья Дмитриевна? – спросил Бутлер.

– Все вы живорезы. Терпеть не могу. Живорезы, право, – сказала она вставая.

– То же со всеми может быть, – сказал Бутлер, не зная, что гово­рить – На то война.

– Война! – воскликнула Марья Дмитриевна. – Какая война? Живорезы, вот и все. Мертвое тело земле предать надо, а они зубо­скалят. Живорезы, право, – повторила она и сошла с крыльца и ушла в дом через задний ход» (Ол да сонда, 128-б.).

Қазірде біз бәрін соғысқа жабамыз. Соғыс кезінде жағдай со­лай дей салғанды ұнатамыз. Бұл мүлдем дұрыс емес, соғыстың өзі дұрыс емес. Соғыс ол өрт, демек өртті шығарушы бар, біз өрт шығарушыны кінәлі етпей, бәрін соғысқа яғни өртке жаппақпыз. Бұл саяси арандатушылық. Адамның соғыс жағдайында да адам кейпін сақтауы міндет. Әрине, бұл талаптың орындалуы өте қиын, бірақ солай болуы адамшылық үшін керек. Шығармадан келтірілген үзіндідегі Марья Дмитриевнаның айтып отырғаны да сол, әйел заты соғысқа қарсы. Соғыс әйел табиғатына қарсы. Сондықтан да Марья Дмитриевна шындықты айтып отыр.

Лев Толстойдың «Хажы-Мұрат» шығармасындағы көтерген проблемалары дәл бүгінгі күннің өзекті арналары. Соғысты тоқтату үшін соғыс туралы түсінік болуы керек

Соғыс кінәлі емес, бәріне адам және адамдар кінәлі, осы бір өте қарапайым түсінікті түсінгісі келмей, адамзат жаңа ХХІ ғасырға еніп барады.

2000 ж.

Ғ. Есім: Өнегелі өмір, 75-78 беттер