МИГЕЛЬ АНХЕЛЬ АСТУРИАС

(1899–1974)

Мигель Анхель Астуриастың испан тілінен аударылған «Сеньор Президент» деген саяси романын екінші рет оқып шықтым. Алғашқы оқығанда роман соншама әсер қалдырмап еді. Ол кезде Қазақстан КСРО құрамында болатын. Бүгінде тәуелсіздіктің он жылдығын атап өтіп жатқанда роман өзгеше әсер қалдырды. Оның себебі, романдағы суреттелген жайлармен біздің елдегі саяси істердің ұқсастығы. Билік мәселесі қай елде болмасын логикасы бір екені белгілі. Демократия әлсіз болса, диктатура күшті болмақ, керісінше демократия қуаты болса, диктатураға жол жоқ. Жаңа таңдау жолына түскен біз сияқты елге диктатура қауіп. Романдағы кейбір жағдайлар, оқиғалар ұқсастығы осы қауіптің алдын алуға шаралар жасауды қажет ететін сияқты.

Әдетте тәуелсіздікке қолы жаңа жеткен елдер басшыларының диктаторлыққа түсіп кетуге ынталары әманда байқалып қалады. Бұл кәмелеттену барысында бола беретін теріс пиғылдар. Оның себебі де түсінікті, тәуелсіздік жолына түскен жас мемлекеттің демократиялық тәжірибесі жоқ екені белгілі, КСРО болса мәні жағынан тоталитарлық қоғам, қуаты жағынан империя болды. Ендеше осы империя, тоталитарлық қоғам «шапанынан» шыққан елдер басшылары бойында ескі қоғам таңбалары сақталатынына еш таңдануға болмайды. Алып империяның бір бөлшегі бола тұра, енді одан бөлініп, жеке тәуелсіз мемлекет болғанда, «кіші импе­рия» болуға әуестенушілік ауруы көрінбей қалмайды. Бұл дертті түрікменбашы әрекетінен айқын көріп отырмыз.

Белгілі нәрсе, ескі қоғамның басшылары қаншама жаңа заманға бейімделгенімен сол бұрынғы иммунитет дегенін жасай бермек. Жаңалық тек жаңа саясатта емес, жаңа басшыларға да қатысты.

***

Романда латынамерикандық диктатордың жиынтық бейнесі жасалған. Билік дегенді жеке өз мүддесі қызметіне арналған мүмкіндік деп түсінген диктатор өз дегенін жасап баққан.

***

Диктаторлық қайдан пайда болады? Мысалы, қазіргі Америка, Англия, Франция, Германия жағдайында диктаторлық болуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Неге! Бұл елдердің саяси күштері, ұйымдары демократиялық жолға түскен. Диктаторларды қай елдерден күтуге болады? Азия және Латын Америкасының шағын елдерінен немесе Ресейден бастап, бұрынғы одақта республикалар атанған, бүгінгі тәуелсіз елдерден. Демек, саяси тұрақты дәстүрге айналмаған елдерде диктатураның орнығуы сияқты күні өткен саяси режимдер болып қалу қаупі бар. Мен Беларусь еліндегі жағдайды диктатураға ұқсатамын. Мұндай нышандар Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан және т.б. елдерде аңғарылуда.

Қазақстан жағдайында диктатура жоқ, бірақ авторитаризм­ге ынталану саясаты аңғарылуда. Бұл процесс тоқталмаса, мәселе 107

насырға шабуы ықтимал. Әзірше Республикада белгілі бір мөлшерде сөз бостандығы, ой бостандығы бар. Осыларды жойып алмай, сақтауымыз қажет. Тыйым салу қиын емес, себебі оны қалай жүргізудің тәсілдері белгілі. Ал, демократиялық үрдістерді жүргізудің тәсілдері көмескі. Мәселенің ауырлығы осында. Бір журналист айтқандай, біздің халық кедей болса да сауатты, бірақ не болса соған елпілдемей, төзімділік көрсетуде. Бұл еліміздің саяси капиталы, мәселе соның қадірін біліп, дұрыс пайдалануда.

Ғ. Есім: Өнегелі өмір,  105-107 беттер