УИЛЬЯМ ФОЛКНЕР

(1897–1962)

Американдық жазушы Уильям Фолкнер 1950 жылы Нобель сыйлығының иегері болды. Оның орыс тіліне аударылған «Шум и ярость» деген романымен таныстым. Сірә, оның қазақшасы «Айғай және азап» болса керек. Өмірдің айғай, өмірдің азап екені белгілі жайлар емес пе? Романның бұлайша аталуын жазушы Уильям Шекспирдің Макбет монологінен алған дейді: «Жизнь – это история, рассказанная идиотом, наполненная шумом и яростью и не значащая ничего» («Макбет», акт V, сцена 5) (Қараңыз: Уильям Фолкнер. «Шум и ярость». «Свет в августе» романы. М.: Правда, 1989. С. 9).

Мәселе сонда. Мәні жоқ нәрсенің мәні зор. Себеп – нәрсенің мәнсіз болуы, оның мәнінің анықталмауында. Мәні ашылмаған нәрсе – үлкен әңгіме тақырыбы. Фолкнердің мәнсіз деп отырғаны – оның адам ісінің мәніне жете алмай отырғанында.

Адам ісінің мәніне адам жете ала ма?! Фолкнер адам түсіну ісіне дінді араластырмаған. Дінсіз адам мәнін ашуға мүмкіндік бар ма екен деп те мәселе қоймаған. Ол бар болғаны тұрмыс болмысын баяндап берген. Сюжетке бағынышты шығармаларға тәрбиеленген оқырманға бұл роман тартымсыз, көпшіліктің Фолкнердің бұл шығармасынан жалығып кетуіне еш таңғалуға болмайды. Олай болса, мен не мақсатта уақытымды шығындап, бұл романды оқып шықтым. Оның екі себебі бар, біріншіден, Фолкнер әлемге аты кең таралған жазушы. Ондай қаламгерді білуім керек. Бұл мәдениетке, білімге қатысты мәселе. Екіншіден, аты әйгілі қаламгер не айтқысы келді екен деген мәселе. Жазушы мақсатын түсінуге ынта, мені романды мұқият оқып шығуыма мәжбүр етті. Мәжбүрлік те құмарлықтың бір түрі. Фолкнерге менің құмарлығым, оның біздің аймақтағы қаламгерлерден мүлдем өзгешелігі. Оның кейіпкерлерінің бір «дұрысы» жоқ.

Бен – нақұрыс. Көреді, бірақ көрген нәрсенің мәнін түсіне алмайды. Оның ішінде не барын бір құдай білсін, бірақ сыртқа шығарғаны жоқ. Қиналса – еңірей бастайды. Мүмкін осы еңіреп жылау оның өмір туралы түсінігі ме екен? Ересек адам қиындық кездессе, көбіне жыламай, соған сай әрекет, қарекет етпек. Ал, Бен жылай бастайды. Квентин болса, Гарвард университетінің студенті бола тұра көпірден құлап, өзін өлімге қиған. Ол да оның өмір туралы түсінігі болса керек?! Себебі, ол өлімге өзін дайындап, өзінше оймен барды, яғни, ол оның өмірге деген көзқарасы.

Ал Джейсонның өмір туралы ешқандай түсінігі жоқ. Ол оны қажет те етпейді. Мәселе, өзі белгілеп алған пысықтығында. Джейсон іскер емес, өзінше пысық. Өнімсіз, өспейтін пысық. Оған адамшылықтың қажеті шамалы. Ол ешкімді ұнатпайды, сүю деген оған жат. Бірақ, ол қозғалысты ұнатады, алайда одан табар өнімі шамалы.

Соңында жазушы өзі әңгімеге араласқан. Одан шыққан мән жоқ. Басы құралмайтын істерден жүйе шықпаған, сюжет шықпаған. Қайта мәнсіздік өрбіп-өсіп шыға келген. Олар сол айғай мен азап болып қала берген.

Олар өмірінен қандай «тәрбие» бар. Тәрбие де, тәртіп те жоқ, бары – өмір. Ол түсініксіз, оны Фолкнер өзінше тәсіл тауып баяндауға тырысқан, онысынан өнімді нәтиже шықпаған. Жалпы Фолкнер нәтиже шығару, мәселе түйіндеу, ой қорыту, адамшылыққа қатысты баға беру, құндылықтар жүйесін жасау дегенмен ісі жоқ. Оның бар айтпағы, сірә адам болмысының мәнсіздігі, күңгірттігі, мүмкін өмір Бен сияқты нақұрыстарға әлденелерімен қызықты шығар, себебі ол әлденеге алданады, егер бұл кәсібінен тыйылса болды жылай бастайды. Сонда адам өмірі жылау болғаны ма деп те ойға қаласың. Бірақ, бұл романды түсінудегі жетекші ой емес. Шынын айтқанда жетекші ой бұл шығармада жоқ, ол жинақталмаған, ондай ой болса, ол оқырман үрдісіндегі іс.

Фолкнердің айтпақ әңгімесі әңгіме болмай қалған. Айтпақ нәрсесі айтылмаған, себебі өмір айғай мен азап. Оны баяндаудың, айта берудің несі жаңалық, несі әңгіме. Негізінде өмірде әңгіме сюжетсіз болмайды. Адамдардың айғайы мен азабының өзі сарқылмас тақырып емес пе?

Ғ. Есім: Өнегелі өмір,  95-96 беттер