Университетке дейінгі мектептерім

Совет Исатаев

Мен, Исатаев Совет Исатайұлы, 1932 жылы наурыз айының 23 күні Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының «Совет» колхозында қарапайым колхозшы Мұстафаұлы Исатай мен Дүйсекеқызы Айшаның жанұясында дүниеге келіппін.

Қаракүнгей тауы мен Балпан тауының екі арасындағы үлкен сайды «Өлке» деп атайды. Осы Тілеулі батыр бабамыздың атақонысы болған қыстақта дүниеге келдім. Бұл қыстақ «Үштөбе», «Совет» колхоздарының жерлері күйген 1939 жылы шілде айының аптабында өртеніп кетті.

1937 жылы қараша айының басында қыстақтағы әкем мен оның туған інілері Қызылбай, Сырлыбай тұратын үш бөлмелі үйдің бір бөлмесін босатып, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің 1-сайлауына дайындалуға үгіт-насихат жүргізетін және сайлау өткізетін бөлімше құрылды.

Үйдің алдындағы сыртқы қабырғаға, бөлменің ішіне қызыл матаға жазылған ұрандары бар лозунгтер, үй бөлмесінде Жоғарғы кеңеске депутаттыққа ұсынылған кандидаттардың портреті ілінді. Солардың ішінде Жақыпов, Түсіп Күзембаев деген адамдардың портреттері де болды. Портреттердің астында аты-жөндері үлкен әріптермен латынша жазылған. Мен соның бәрін қызық көріп, бұлар кім деп, осыларды іліп жүрген ағаларымнан, соның ішінде жасы 17-дегі Дауылбаев Зейнолла ағамнан сұрадым. Олардың айтқаны бойынша, портреттердің астындағы жазуларға қарап тұрып, аттары мен фамилиясы жазылған әріптерін дыбыстарымен салыстыру арқасында өз бетіммен қандай әріптің қай дыбысқа сәйкес екенін ұқтым. Содан соң столдар үстінде жатқан газеттердің үлкен әріппен жазылған сөздерін оқуға тырыстым.

Портреттердің астында болмаған әріптердің қандай дыбысқа сәйкес екенін Зейнолла ағамнан сұрадым. Сөйтіп, бір-екі жұманың ішінде стол үстіндегі газет-журналдардың сөздерін мүдірмей оқуды үйреніп алдым. Кейіннен тексергенімде, Қазақ КСР-ның Жоғарғы кеңесіне депутаттардың 1-сайлауы 1937 жылы 12 желтоқсанда өткен екен. Сонымен, мен бес жарым жасымда өз бетімше хат таныдым. Газет-журналдарды, қолыма түскен кітаптарды мүдірмей тез оқитын едім. Бірақ, мектепке барғанша 20-ға дейін ғана санауды біліп, сандарды қосу, алу амалдарынан ешқандай хабарым болмайтын. 1-класқа оқуға 1940 жылы Ақтайлақ өзенінің батыс жағында Ақтайлақ тауынан екі шақырым жердегі бастауыш мектепке бардым. Менің алғашқы оқытушым Игіліков Қалиасқар ағамыз болды. 1-класта үш-ақ бала оқыдық. Мұсатаева Мәрзия, Түсіпбеков Омар және мен – үшеуміз бір партада отырған едік. Мектебіміз кішкентай екі бөлмеден тұратын үй болатын. Ауызғы бөлмеде 1-кластың және 7-8 баласы бар 2-кластың балалары отырдық. Төргі бөлмеде 10 шақты бала төртінші класта оқитын. Бәрімізге бір-ақ мұғалім сабақ беретін. Мұғалім алдымен 1-класқа сабақ оқып, тапсырма беріп, 2-класты оқытады. Оларға тапсырма беріп қойып, төргі бөлмедегі 4-класқа сабақ береді. Әлден соң қайта келіп, сабақты әрі жалғастырады. Сонымен бір жылда бірінші және екінші кластың программасын қатар оқыдық. Қысқы каникулдан кейін мұғалім мені 2-класқа көшірем, бір жылда екі класты үздік бітіреді дегенде, әкем «оған көз тиеді» деп көнбей қойған.

1941 жылдың күзінде Қалиасқар ағамыз әскерге алынды да, екінші және үшінші кластарда Қисықова Мәрзия деген мұғалім сабақ берді. 1943 жылы Қарқаралыдағы №1 қазақ орта мектебінің 4-класына оқуға түстім де 1950 жылы осы мектепті бітірдім.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен колхоздағы әскерге жарайтын барлық жігіттер майданға аттанды. Оған жарамайтын ер адамдар еңбекке алынып, Қарағандыға, Балқашқа шахтада, зауыттарда жұмыс істеуге жіберілді. Ал жастары 14-15-тегі балалар жұмысшылар дайындайтын мектептерге барды. Ол кезде «Совет» колхозында бірде-бір трактор не автомобиль деген болмайтын. Егін салу, шөп шабу, күзде егінді ору өгіз, ат не түйе жегілген соқа, шөп шабатын машина, лобогрейкалардың көмегімен істелетін. 1942 жылы көктемде егін салуға соқаны ұстайтын ересек адам жетіспей қалды. Сонда ауылдағы жастары 10-13-тегі балаларды тұрғызып қойып, колхоз бригадирі «осының күші соқаны ұстауға жарап қалар» деген балаларды іріктеп алды. Солардың ішіне 10 жастағы мен де іліктім. Сөйтіп 10 жасымда соқа ұстап, егін салдым. Жалпы колхоз жұмысына 7 жасымнан араластым. Соған тоқтала кетейін.

1938 жылы жазда колхозда әке-шешем ауыл адамдарымен бірге пішен шауып жатқан кез. Мен ауылда әлі бір жасқа толмаған кішкентай қарындасым Мәрияшпен таңертеңнен кешке дейін болып, оны бағамын. Ауылда кішкентай балаларды күндіз тамақ беріп, Кәрі апа деп атайтын үлкен әжеміз күтіп отырады. Бір күні түстен кейін ауылға жақын жерде әке-шешелеріміз шөп шауып жүр еді. Соларға барамыз деп менен ересек балалар тұра жүгірді. Кішкентай қарындасымды Кәрі апама ұстата салып, мен де балалардың соңынан жүгірдім. Пішен шауып жүрген әке-шешелерімізге келіп, шешелерін түсіріп, балалар өздері атқа мініп, шөп шаптыра бастады, мен де шешемді алмастырдым. Менен бұрын қозғалған пішеншілер шөп шауып жатқан жерді екі-үш айналған соң, алдыңғы пішеншілер бір жерге жиналып бізді тосып алды. Әкемнің жасы барлық пішеншілерден үлкен болатын. Біз де тоқтаған соң, барлығы жанымызға келіп менің әкеме: «Исеке, мына балаңыз атқа мініп, үлкен азаматтай жұмыс істей бастады, қуанышыңыз құтты болсын, балаңыздың азамат болғанына той жасаңыз», – деп әкемді құттықтады. Әкем оған өте қуанып, «Иә, бауырларым, той жасаймын», – деп барлық әйелдерді ауылға жіберіп, шешеме: «Ауылға бар да бір үлкен қойды сойғызып, тамағыңды дайындай бер», – деді. Содан біз бір-екі сағаттай шөп шауып, кешке қарай бәріміз ауылға келдік. Ауылдағы барлық жұмысшылар біздің үйге жиналып, сойылған қойдың етін жеп, мәз болды. Ертеңінде мен күн шықпай ерте тұрып, киініп алдым. Әкем: «Балам қайда барасың?», – деді. Мен: «Ата, мен сенімен бірге жұмысқа барамын, апам үйде қалып, Мәрияшты өзі бақсын», – дедім. Әкем менің қалғанымды жақсы көрді. Мен көнбегеннен кейін жұмысқа алып кетті. Содан атқа мініп жұмыс істей бастадым. Шөп шабатын машинаға екі өгіз жегеді, оның алдында мен жүріп отырамын. Алғашқы күні біраз жүргеннен кейін аттың үстінде отырып қалғып кетіп, үш рет аттан құлап түстім. Мен құлап түссем, атым да, өгіздер де тоқтай қалады. Қайтадан мініп алып, тағы жүремін. Содан бастап шөп шабуды бітіргенше әкеммен бірге жұмысқа барып жүрдім. Келесі жылы – 1939 жылы ылғи әкеммен бірге жұмысқа баратын болдым. Апам үйде отыратын болды. Сол жылы екі колхоздың – «Совет» және «Үштөбе» колхоздарының көп қыстақтары мен шөптері өртеніп кетті. Біз де қыстақсыз қалған соң, көрші «Жарбастау» колхозының «Қызыл шілік» деген жерін екі жыл мекендеп шықтық. Соның салдарынан 1939 жылы мектеп табалдырығын аттай алмай, 1-класқа 1940 жылы бардым.

Жасымнан әртүрлі қолөнерге әуес болдым. 2-кластан бастап иленген шикі теріден таспа тіліп, қамшы, жүген, ер-тұрманның айылы құйысқан өруді үйрендім. Ең қарапайым 4 таспалы қамшыдан 48 таспалық төс айылға дейін әшекейлеп өретін едім. 3-класта етік тігуді үйреніп, әкем мен шешеме қыста киетін етік тігіп бердім. 1945 жылы жазда бидайды бастыруға көлік күшімен жүргізетін молотилка деген аспапты әкелді. Сол аспапты құрастырып, іске қосатын ауылда маман табылмай, соғыстан бұрын Украинада молотилкамен жұмыс істеген бір адам әкелінді. Бірақ, ол аспапты дұрыс жинай алмаған соң, молотилканы мен құрастырдым. Содан бастап 1950 жылы орта мектепті бітіргенше жаз айларында алғашқы кезде ұстаға көмекші, ал 1946 жылдан ұста болып істедім. Ұсталық өнерді 1945 жылға дейін ауылдың өте шебер ұстасы Шашубай ағамыздан, ал ол кісі 1945 жылы қайтыс болған соң, нағашым Опабек ұстадан үйреніп едім.

Қарқаралыда оқып жүргенде бу қазанының күшімен жүретін Стефенсон паровозының, самолеттің ұшатын модельдерін жасадым. Орта мектепті үздік бітірген соң, 1950 жылы Алматыдағы С.М. Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің физика-математика факультеті физика бөліміне оқуға түстім. Содан кейінгі өмірбаяным әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінің берген қысқаша очеркінде жазылған.

 

11 маусым 2002 жыл