ХАРУКИ МУРАКАМИ

(1949)

Харуки Муракамидің Серікқали Байменше аударған «Жетінші» («Қазақ әдебиеті», 2010. – 21 мамыр) деген әңгімесін оқыдым. Тәп-тәуір дүние. Қорықпайтын адам болмайды. Қорқыныш дегеніміз – сақтанудың бір тәсілі. Әлденеден қорқып, үрку барша жанды тіршілік иелеріне тән. Ал, шошыну өзгешелеу нәрсе. Ол, сірә, қорқыныштың тереңдеп, сақталып қалуы сияқты құбылыс. Олай болғанда, қорқыныш үрейге айналып, адам оның тұтқынына түспек. Осы мәселе әңгімеге арқау болған. Мына әңгіме желісін бағамдасам, қорқыныштан үрей туындап, өсіп-өніп, адамның ерік-жігерін билеп алған. Мұндай жағдайда адам өзіне-өзі толық билік жасай алмайтын күйге түспек. Ондай жағдайда қайткенде де бойға енген үрей сезімін жою керек, бірақ қалай? Автор әңгіме соңында: «Біздің өміріміздегі ең сұмдық нәрсе – қорқыныш емес, – дейді ол. – Мен солай ойлаймын. Қорқыныш қашанда болған. Ол әлі де бізге әртүрлі реңкте жолығып, кей өмірімізді бүлдіріп те кетіп жатыр. Бірақ ең сұмдығы – қорқыныштан сырт айналып, көзіңді тарс жұмып алу екен. Сол кезде біз әлдененің алдында бас иеміз деп еріксіз түрде өзіміздің ең қастерлі нәрсемізді жоғалтып аламыз. Менің сорыма бұл… теңіздің толқыны болып еді». Ойланатын мәселе. Жазушы, сірә, қорқынышты жою үшін, одан қашу емес, керісінше, қарсы тұру идеясын ұсынып отырғанға ұқсайды.

Қорқыныш болмаса өмір бола ма? Тілсіз, дүлей табиғат, техногендік, не қилы қауіп-қатерлер, адамдар ойлап тапқан неше қилы жауыздықтар «қорқыныш фабрикасы» іспетті емес пе? Кейбіреулер қорқынышты тазару деп те айтуда. Қорқыныш өнерге айналса, катарсистік мәнге ие болмақ, ал онтологиялық мағынасында, ол адам психикасына тікелей шабуыл, одан қалай аман қалмақсың. Жапон жазушысы көтерген мәселе миллиондардың тағдыры болып, оларды кемтарлыққа душар етіп отырғанын қалайша мойындамасқа. Қорқыныштан үрей туғызбау, оны дертке айналдырмаудың тәсілі қандай? Әрине, ғылымда, әсіресе психология саласында ондай қызметтер атқарылуда. Айталық, космосқа ұшу, Айға ұшу қорқыныш емес деп кім айтты, бірақ арнайы жаттығулар нәтижесінде қорқыныш сезімінен арылу мүмкін болуда. Бұл адамдардың сапасына да қатысты әңгіме. Адамдардың бәрі ғарышқа ұшуға жарамды емес, тіптен әркімге ондай мақсат қойылмайды да. Әңгіме қорқыныш болмысында, оның иірім-иірім табиғатында. Адамзат өз санасына енгелі осы қорқынышпен арпалысып келеді, оны жеңу қиын іс. Қорқыныш әрқилы жағдайда, әрқалай көрініп, адамның өзіне қарсы қояр қуатының әлсіз тұстарын іздеумен болуда. Әлсіз тұсты тапса, сонда орнығып алмақ. Сөйтіп, үрей сезімі жаныңды билемек. Әңгіме кейіпкері бойындағы үрей сезімінен қырық жыл өткен соң арылып отыр. Бұл көп уақыт. Адамның бар ғұмыры десе де болғандай, ол соншама мезгіл үрей сезімінің «тұтқыны» болды. Бұл өкінішті!

Алайда, менің аңғарғаным, К. деген суретші досын қатерден алып шыға алмағандығы кейіпкердің ар сезіміне терең әсер қалдырып, оны өз шарасынан шығаратындай, жаны қиналатын беймаза күйге салған. Бұл таза үрей емес, адамның ары алдындағы жауабы, анығында, өз ісіне тура жауап бере алмаған қиналыс-шарасыздығынан болған дерт. Оның емшісі – уақыт болды. Мезгіл өте ол дерт жұқарды, бірте-бірте одан арылды. Оған көп уақыт, ғұмыры кетті. Оқиға адамның ізгілік сезіміне сын болды. Мүмкін, «Жетінші» әңгімені айтушы өзінің осы басынан өткен жағдайды өзгелерге баяндаған соң жеңілдеген шығар. Бұл катарсистік хал.

Ойланатын жай екен. Қазақтың «Көңіл кірі айтса кетеді» дегені осындай жағдайға қатысты болса керек.

 

Ғ. Есім: Өнегелі өмір