ЧЕСЛАВ МИЛОШ

(1911–2004)

Адам өлімі

Керемет ақын екен. «Әлем әдебиеті» журналының екінші санында Әбубәкір Қайранның аудармасымен бір топ өлеңдері қазақ тілінде жа­рияланыпты. Әрине, аударма түпнұсқадан төмен болатыны белгілі жай, сонда да Чеслав Милоштың қазақ тіліндегі тәржімасының өзінде-ақ ақындығы аңқып тұр. «Адам өлсе – құлағаны бұл әлемнің бір елі» – дейді ол. Адам өлімі тек трагедия емес, ол әлемнің қирағаны. Әлем тұтастығы үшін адам тосыннан өлмеуі керек. Адамдарды жүздеп, мыңдап, тіптен миллиондап өлтірушілер туралы не айтпақпыз. Айтарымыз, ол әлемді қиратушылар және өздеріне көр қазушылар, бірақ осы халді түсіну бар ма? Бар және жоқ. Бар дейтінім, оны қазақ ақыны Абай, сөз болып отырған поляк ақыны Чеслав Милош түсінген. Осындай дәрежедегі әр елдің ақындары түсінген, жандарын бере әлемге жария етіп жар салған. Түсінбейтіндер «өзі үшін де, өзге үшін де» ұялмайтындар, соғысты қажеттілік деп далбаса саясат ұстанушылар, қара жүректі зұлымдар. Айлада, соларды неге мадақтауға, марапаттауға даяр тұрамыз. Кісі өлтіргендер неге батырлар, ерлер, мақтаулылар, бұл мәселені Чеслав Милош қабылдағысы жоқ. Бұл ізгілік талабынан туған дертті адам­дарды сауықтырушы пікір.

Заманақыр

«Заманақыр туралы жыр» – мағыналы толғау. Заманақыр күні, бірақ оны ешкім елер емес. Ара гүлдерден бал жинап жүр, балықшы ертеңгі аулар балық қамымен ауын жамап отыр, сөз қысқасы, табиғат өзімен-өзі. Ешкімде заманақыр туралы ой жоқ. Бұл жақсы ма, жа­ман ба? Мәселенің басын ашып, сөздің бояуын қанық етіп атай ал­маймын. Мүмкін, есік алдына келіп тұрған заманақырды сезінбеген де дұрыс шығар. Сезінгенмен не пайда, одан сақтану мүмкіндігі жоқ, өйткені ол заман – қары, ол заманның ақыры. Дүние таусыл­ды. Табиғат өңін ғана емес, мазмұнын өзгертпек. Алдағы уақытта адамның адам кейпінде қалуының қажеттілігі болар ма екен? Олай болса, несіне әбігер болмақпыз, білгенімізді жасай бермейміз бе? Әйелдер қолшатырымен сәндене, өсегіне кірісе берсе, көшеде мас сілейіп жата берсе, балықшы әйел саудасымен әуре болып, қалыпты тұрмысын маздатып жатса, несі мін. Және де басқаша қалай болмақ, басқадай ғұмыр бар ма? Адам періште емес, оның тойымсыз нәпсісі бар. Ол нәпсісіне үзбей қызмет етуде, оған заманақыр күні келгенін сезіну ауыр, тіптен болмайтын іс. Адамның қалыпты ғұмырымен заманақыр бір-бірімен қабыспайтын, бір қазанға бастары сыймай­тын жағдайлар. Заманақыр санасы мүлдем өзгеше өлшемдер талап етеді, ол бұл өмірдің теріс мәні, ол заманның ақыры. Енді заман деген ұғым жоқ. Сонда ол не? Бұл сауалға ақын жауап іздемеген, ол оның шаруасы емес, мәселе заманақыр күніндегі суреттерде. Әдеттегі найзағай мен күн күркіреуін тосқандар «алданудай алданды», себебі заманның ақыры басталған болатын. Ақын тұжырымы: «Ай менен Күн құлап кетпей тұрғанда… Қызылшақа сәби туып жатқанда, сезім кірмес еш жанға».

Иә, бәрін қойғанда анау қарич да жалғанның қызығына батқан, қызанағын буып жинап жүр, ойында алаң жоқ. Олай болса дейді Чеслав Милош:

Заманақыр болмайды енді басқадай,

Заманақыр болмайды енді басқадай.

Ақын еріксіз осы ойын қайталап отыр, басқа не айтпақ. Меніңше, ол заманақырды заманның таусылуынан емес, осы заманның өз құпиясы ретінде деген идея ұсынып отыр, бұған қандай талас бар!

Серт

Серт деген не? Тегі, ол адамның өзін-өзі қайрауы, өзін әлдебір биік істерге даярлауы. Серт деген сенімнен шықпақ. Сенім жоқ жер­де қайдағы серт. Солай болғанымен, серт мәңгілік емес, өткінші. Серттің ар жағында көлеңкесі боп сенімсіздік бой көрсетіп тұр емес пе? Серт деген сенімсіздік болған соң, пайда болған түсінік. Желге қатысты болатын істер көп, сондықтан адамдар серттесіп жатады.

Серт бермеп пе едің –

Зиратқа келіп жыламасқа?!

Серт бермеп пе едің –

Жарасын елдің тырнамасқа?!

Зиратқа келіп тұрып қалай жыламассың, еске алып қалайша елдің жарасын тырнамасқа, басқадай мүмкін бе? Мүмкін болса, несіне зират етесің, несіне ел тарихын оқулыққа тықпалап, өзгені де оқытасың. Мәселе. Жылау да керек, ел жарасын қайта жаралап жыр­лау да керек, өзге шара бар ма? Олай жасамасаң, бәрі желмен кетіп, ұмыт болмай ма? Ұмытылуға тиісті жайлар бар да, ешқашан естен кетпейтін жайлар бар, ақын қайсысы туралы сөз қозғаған. Әрине, соңғысы туралы.

Мен солай еткем, қарғыс атқан қасиет.

Қара таңбасын салмасын деп.

Келер ұрпаққа қалмасын деп.

Қарғыс атқанда қасиет болады екен. Сенейік. Оның қара таңбасы келер ұрпаққа қалмасын деп ақын серттеніп отыр. Ол да шарасыздықтан, әйтпегенде, қарғыс атқан қасиет таңбасын сал­маса, келер ұрпақтың санасы қалай оянбақ, қалайша олар келер жауапкершілікті сезінбек.111

Жазықсыздар

«Жазықсызды қорлаушы» – бұл кәсіптің бір түрі. Осы кәсіпке ерекше берілген жандар болады. Олардың қуанышы – өзгелердің қайғысы. Олар үшін өмір мәні – Колидей.

Азап, сірә ондай адамдарға шабыт бермек. Ондайлар қасапшы, баукеспе, қолында билігі бар жауыздар болуымен бірге, біз әсте еске­ре бермейтін талантты суретші, ақын, жазушы, композитор т.б. әбден мүмкін. Біз данышпан дейтіндердің бір парасы сондай «жазықсыздарды қорлаушылар». Оларға адамның азабы – шығармаларына азық болған. Бұл ізгілік пе? Саясаткерлер, ілім жасаушылар туралы сөз жоқ, олар үшін миллиондар азабының еш құны жоқ.

Қарапайым жазықсызды жәбірлеп,

Ләззат алып қылығынан тағы да.

Отырсың-ау арсыз күліп, мәлімдеп.

Сайқыларды жинап алып маңыңа.

Осы өлең жолдарын оқып отырғанда Ленин мен Сталин және оның серік-сайқылары көз алдыма елестейді. Шынында бұл екеуі де, қасындағылары да түгелдей жазықсыздарды қорлаушылар болатын. Оларды ақын дөп басып айтқандай: «Бұтақ пен арқан күтіп тұр».

Бөгде ой

Поэзия мен прозаға сыймайтын ой емес, ол ойдың ырғағы. Ой деп поэзия мен прозаға сыйғанды айтамыз, ал ой ырғағы олардан асып жататыны анық, себебі ол – ой болып көркемделмеген, арна­сын таппаған тасқын. Ал, ойды өзгеше білдіру, ол – стиль.

Мен әрқашан өз ойымды өзгеше бір түрменен

Жеткіземін, поэзия, прозаға да сыймастай,

Және ешкімді тұйыққа әкеп тіремей,

Автор менен оқырманды қинамай.

Өзгеше ой, әрине, әркімді де қинайды, толғандырады, өйтпесе, ол бөгде бола ма? Өзгеше ойлау, оған әркімнің қолы жететін ша­руа емес, ал Чеслав Милоштың оған мүмкіндігі жетіп отыр. Ол ойшылдықты ақындықпен көркемдеген, сонысымен әр адамға жақын өлеңдер жазған ақын.

Азап

Адам несіне азап шегеді? Кім үшін және не үшін? Ақын «Балық» деген небәрі алты жолды өлеңде осы азап туралы ой қозғаған. Айнала шу, азан-қазан адамдар аузын ашып-жұмған бейне балықтар секілді. Ақын үшін даңғаза емес, адам үні естілуі қажеттілік, бірақ оның үні шықпайды, адамдар балықтар сияқты тек ауыздарын ашып-жұмып қана тұрғаны. Әттең-ай, адамның үні қайда? Міне, бұл жан азабы, ақын азабы. Ол өзі үшін азап шегуде. Ақынды тыңдалық:

Ызың, шулы флейтаның, барабанның, тәрелкенің дабылы.

Іс-шараны қолдаңдар деп дыбыстар.

Адамдардың естілмейді, ал үні,

Ауыздарын ашып-жұмып тұрған бейне балықтар.

Жеребемді қабыл алдым. Алайда мен адаммын,

Өзіңдейлер үшін ғана аласұрып, азап шегіп қалармын.

Адам үні қай заманда болмасын зәру мәселе.

Келешек

Ақынның қайсысы болмасын – футурист. Ақын кеңістігі – ке­лешек. Ақын өлеңді жойылып, жоғалып кетіп жатқан абсолютті өзгерістен өзін мәңгілікке сақтау ниетінде жазбақ. Ақындықтың миссиясы деген осы. Нағыз ақын әр ұрпақтың замандасы, сырла­сы. Замандардың құпиясы замандарда ашылмақ, тиесілі мерзім өткен соң, сонда сол құпия поэзия арқылы берілмек. Чеслав Милош «Ерекше дәлел-дәйектер тәртіптілік пайдасына» (2068 жылы әлемдік мемлекет кеңесіндегі сөзден туған ойлар) деген өлеңіне тоқталсақ.

Ақын неге тілге тиек етіп 2068 жылды алған, ол 2004 жылы дүниеден озған, яғни әңгіме тақырыбы ендігі 64 жылдан кейін бо­лып отыр. Бұл істің мәнісін ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер айтар, білетінім, 2068 жылғы әлемдік мемлекет кеңесі туралы тегін айтылмаған.

Әлемдік мемлекет деген де айтулы мәселе. Адамзат баласы ақын өмір сүріп отырған дәуірде бұл идеяның іске асуынан мүлдем алыста. Адамзатқа ортақ әңгіме, келелі өріс таппай тұрған заманда өмір сүріп жатырмыз. Кезінде Абай «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» – деп жар салса, Числав Милош 2068 жылғы әлемдік мемлекет кеңесіндегі туған ойларын ортаға салған. Ол нендей ойлар дегенге келсек: біріншіден, «Нақ ақиқат салмақсыз тартып кетсе болғаны, бейақиқат нәрсенің оның орнын алғаны». Иә, адамзат тарихында ауық-ауық осындай жағдайлар болып отырды, әлі де бола бермек, егер біз өткен ұлан-ғайыр тәжірибеге сүйеніп, барымызды бағаламасақ. Бұл жерде мәселенің қиындығы «нақ ақиқат» пен «бейақиқатты» айыра білуде. Нақ ақиқат құнсыздана бастаса-ақ, оның орнын бейақиқат баспақ. Демек, қырағылық қажет. Бұл да айтуға жеңіл сөз, нақ ақиқатты кім және кімдер аңғармақ әрі анықтамақ. Ақиқат деген жаратушы құдіреті, оны білуші кімдер дегенде тағы Абайға жүгінеміз, олар: пайғамбарлар, әулиелер, хакімдер.

Екінші ой. «Біз оларды сондай бір сорлы түзден құтқардық, білместігін әркім өзі ұққан соң». Ақын 2068 жылы адамдарды нақ ақиқат пен бейақиқатты ажырата білуге үйретіп деген пікірді білдірген, мен айтамын, әй, қайдам? Алайда, ақын айтқандай-ақ бол­сын, білместігін әркім ұғатын заман тусын, оған қуанудан басқа не бар!

Әркімнің өз білместігін ұғуы – адамзаттың асыл арманы. Әркім өз білместігін емес, өзгенің «білместігін» біліп, соны талқыға салуға шеберленіп алғалы қашан? Өз білместігін білу – парасаттылық нышаны. Биыл 2012 жыл, ақын айтқан 2068 жылға елу алты жыл қалды, қазақ «елу жылда ел жаңа» деуші еді, солай болса екен, әркім өз білместігін білуге ниет қылған заман туса екен? Сонда әркім өз білместігін ұққанда не болмақ, ақын айтуынша: «Бұл әлемнің мағынасыз, мәнсіздігін ойлайды» – дейді. Қауіпті түйін. Әлемнің мағынасыз, мәнсіздігі – философиялық формула, өмір сүру формуласы емес. Өмірге өзге өлшем қажет. Философия адам­ды өмір сүруден алыстатпайды, оған бөгде көзқарас ұсынады, оның тұрмысқа, бақытты болуға қажеті бар ма? Бостандық дейміз, оны­мыз да қауіпті іс. Ақын: «Ал олардың бостандығы тыр жалаңаш әйелдей» – дейді. Ондай бостандықтың құны не болмақ? Жалаңаш деген мағынаны мәнсіздікке бастайтын түсінік, сол себепті адам­зат әйелді жалаңаштай, көркем қалыпқа салып қадірлеуді дәстүрге, лайық салтқа, ұяң әдепке айналдырған. Бостандық та әйел затындай заманына сай көркемделуі табиғи талап.

Үшінші ой. «Нанның дәмі ұнамады оларға, өйткені нан жетерлік». Нанның жоқтығы аштық болса, нанның көптігі – қауіп. Нан көп болса, ол дәмсіз. Бұл нанның қадірінің кетуі. Бұған не деуге болады? Байлық дәулетке айналмаса, ол да бір жан азабы.

Төртінші ой. «Өнерді олар көңілді көтеретін нәрсе дер, өтіп бара жатқан өмір үрейін жамылады көрпе ғып». Өмір үрейі ол Адам ата, Хауа ана дәуірінен келе жатқан көне сезім. Шіркін, бір ескірсейші, өшсейші дүниеден, жоқ, дәуір дәуірді артқа салған сайын құлпырып өңін бермейтін сезім, бұл – өмір үрейі. Амалсыздан оны көрпе қылып жамыласың, бірақ үнемі кім көрпе астында жатпақ. Көрпе де­ген жамылғыш, одан өзге оның не мәнісі бар. Өнердің көңіл көтерер ғана қуаты болса, оның өмір үрейін өшіруге қуаты болмағаны, сонда қалай болмақ, 2068 жылдың да маған оншама жылу тартып тұрғанын сезбей отырмын, ақын осы халді баян еткен.

Бесінші ой. Әрине, мен аударма мәтінімен жұмыс істеп отыр­мын. Әттең, қолымда түпнұсқа болса, сонда да айтпағым, ақын: «Түнек заңын басқа емес, мына біздер ашқанбыз, қайыршылық және өкпе – бақыт шарты өйткені» – деген пікір білдірген. Түнек деген не? Ол Тамұқ емес. Түнек – сыры ашылмаған болмыс. Түнекке аксиологиялық баға беруге болмайды. Түнек түсініксіз болмыс болған соң, әдетте адамдар оны жағымсыз мәнде қабылдайды. Ол да шындық, бірақ ақын түнек заңы туралы сөз бастаған, бұл құнарлы тақырып. Түнекті кейде Хаос дейді. Хаос – бізге белгілі болмаған жүйе. Заңды ашу – адам талабы, ол Жаратушы әмірімен болатын іс. Өлеңнің біз келтірген екінші жолында үш ұғым сыйып тұр, олар: қайыршылық, өкпе, бақыт. Бұлар адамзатқа ортақ әмбебап ұғымдар. Ақын «қайыршылық – бақыт шарты» дейді. Келісемін. Бірақ, неге қайыршылық бақыт шарты болған. Қайыршылық адам баласының нәпсісін тыюдың бір тәсілі десек, қадірлі оқырман, келісесіз бе? Түсіндіріп көрейін. Қайыршылықтың түбірі – қайыр. Қайыр Жаратушыдан. Қайыршылық – адам ісі. Қайыр беруші Алла болса, қайыршы Жаратушының өзіне берілмей, өзгеге берген ыры­сына ортақтасушы Тұлға. Бұл жерде қателік бар ма? Қайыр түгел адамдарға неге тегіс берілмеді, ырыздық болып, олай болмаса осы істі теңгермек болған қайыршы болмағанда кім? Жаны жомарт жан қайыршылықты бақыт шарты демек, оған қол ұшын беруді Алласы берген несіне әділеттілік орнатпақ, осы емес пе қайыршылық бақыт шарты деген.

Өкпе деген – поэзия, әдемі сезім. Адам кімге өкпе артады, көтеретін жанға, яғни өкпе – еркеліктің бір түрі, туыстықтың, достықтың бір түрі. Қауіп сонда, өкпелеуге жарамайтындар бар, сондықтан өкпе әрине, бақыттың шарты болмақ.115

Бақыт деген сағым, оның тұрағы туралы сөз айту қиын. Бақыт деген таза ауа, ол қажет, бірақ оның қадірін білу де – өнер.

Алтыншы ой тыйым туралы айтқан. «…мисыздар, тыйым салған нәрсеге қаражатын жинайды».

Бұл атам заманнан солай, алда да солай бола бермек. Тыйым де­ген болмаса, өмір жоқ. Заң, дін, дәстүр т.б. осы тыйымға қатысты келелі әңгімелер. Адамға Жаартушы ерік берген, сондықтан ол не­ден тыйылу керек екенін біле бермейді, білгісі де келмейді, себебі ол нәпсі отында маздап жанып тұр. Нәпсі тыйым салынған нәрсеге – құмар. Сондықтан оларды «Жұмақ алма ағашы тартады да, итереді қайтадан».

Бұл жалған өмірдің алмасу заңы.

Соңы

Әрбір келер ұрпақ дүниеге өз ақыл-санасымен еніп, оны еңсеріп, бізден асып отыратынын әсте мойындаған және оны құрметпен қабылдап, мақтаныш сезіміне айналдыру аға ұрпақтың борышы. Ақын Чеслав Милоштың осы футурологиялық тақырыпқа жазған өлеңін оқып отырып осындай түйінге келдім.

10 шілде 2012 жыл.

Лебяжі селосы.

 

Ғ. Есім: Өнегелі өмір 108-115  беттер