ЭРНЕСТ ХЕМИНГУЭЙ

(1899–1961)
Жазушының «Шал мен теңіз» деген шығармасын қайтадан оқып шықтым. Айтулы дүние! Теңіз туралы мол мағлұмат бар. Алайда мәселе теңізде емес, адамда. Орасан үлкен балықпен арпалысып әлсіреген балықшы шалдың мына сөзіне назар аударайық. «Но че¬ловек не для того создан, чтобы терпеть поражения. Человека можно уничтожить, но нельзя его победить» (с. 648). Менің наза-рыма ілігіп отырған алғашқы сөйлемдегі ой. Әбден қалжыраған шал, тағдырына көнбей, «но человек не для того создан, чтобы терпеть поражения» дейді. Меніңше, адам бұл дүниеге жеңіс үшін де келген жоқ, өз ғұмырымда жеңіске жеткен адамды көрген жоқпын. Жеңіс табиғатында жеңіліс жататынын адам пенделікке салынып, есінен шығара береді. Жеңіске жетуді мақсат ету – романтика. Ал, өмірді ро¬мантика деп кім айтты. Романтика деген мақсатқа жетудегі адамның ынтасы ғана емес пе? Романтика деген нәтиже, жетістік емес. Бұл өмірдегі жеңілісті Абай «таусыншақ күн» деген. Бұл күнді басынан өткермейтін адам болмайды. Эрнест Хемингуэй «таусыншақ күн» нүктесін өз қолымен қойды, ол өзін-өзі атып өлді. Бұл жазушының соңғы шығармасы. Осы қарекет жеңілісті мойындау ма, әлде жеңіліс-тің өзі ме? Кесіп-пішіп еш нәрсе айта алмаймын. Адам тағдыры құдайдың әмірінде дегенге жақын түсініктегі жанмын, олай болса «таусыншақ күн» жеңісте, жеңілісте емес – фатализм, яғни солай бо¬луы қажетті шындық. Ал, шығарма кейіпкері балықшы шал «чело¬века можно уничтожить, но нельзя его победить», – деп қайсарлыққа салынған, осылай деушілер өмірде аз емес. Қиыншылыққа берілмей, онымен барынша қарсыласу, әрине мол қуатты қажет етпек. Үміт өмірдің өзі болып, адамды жеңіске шақырады. Осы жеңіс үшін Сантьяго шал бар мүмкіндігін сарқа салды. Бірақ, жеңіс емес, жеңіліске ұшыраудың өзі де зор қуатты қажет ететінін, біз әдетте мойындай бермейміз, бар ынтамыз жеңісте. Жеңіс нәтиже емес, ол тағы да жүріліп өтетін жол, ал жеңіліс нәтиже, мұсылманша айтқанда сабақ, ғибрат, өнеге. Жеңіліс терең ойға бастайды, жеңілген жақ, өз жеңілісінің себебін іздейді. Меніңше, «Шал мен теңізде» Сантьяго бейнесі арқылы жеңіліс философиясы бейнеленген. Амалы құрыған шал өзімен-өзі күбірлеп, былай деп ой түйеді: «Хотел бы я купить себе немного счастья, если его где-нибудь продают» (с. 655). Әттең білсек қой, бақытты сатушы кім екенін, бақыттың базары қайда екенін?! Шал білді, бақыттың сатылмайтынын, оның тірі жанға арман екендігін және де бақыттың кімге болсын баянды еместігін. Сонда да өзге амалының жоқтығынан пендешілікпен бақыт тура¬лы арман етеді. Бақыт деген алдамшы қас қағым сағым екендігін де шал біледі, түсінеді. Әйтпегенде балықшыға үлкен балықты ау¬лап алғаннан асқан қандай бақыт керек. Шал сол бақытқа ие болды. Әлсіреп, қалжырағанына қарамастан екі түн қармаққа ілінген дәу балықтың тек қаңқасы ғана қалды, оның дәмді етін жыртқыш акула¬лар жеп кетті. Сонда не болды, нендей қорытындыға келуге болады. Бұл дүниеде шал бар, тулаған теңіз бар, онда өсіп-өнген дәу балық бар, бірақ бұл өмірде, сәтін жібермейтін жыртқыш акулалар барын естен шығармау керек.
Айтулы қаламгерден ойдың күрделілігін күту түсінікті іс. Осы тұрғыдан келгенде шығарманың соңы маған ұнамады. Шығарма соңында ширығып келген оқиға фабуласы босап сала берді, оқырман жайбарақат күйге түседі. Мұндай сюжеттің ертегілік (яғни бәрі аман қалатын) мәнді аяқталуы, ой қиналысын мүлдем тарқатып жіберген. Бірақ, осы дәстүр Эрнест Хемингуэй шығармаларына тән, ол философиялық иірімдерге сюжет барысында тура барғанымен, шығарма соңында дүниетанымдық түйін боларлық ой тастамайды, оны қажетсінбейді, сірә, бұл жазушы стиліне қатысты мәселе болса керек. Мүмкін бұл жазушы Эрнест Хемингуэйдің кемшілігі.
 
Ғ. Есім: Өнегелі өмір,  103-105 беттер