«Қазақпын» деп жар салып…

Мәкен Өсербаева,

Қ. Сәрсекеевтің курстасы

1958 жылы мен КазГУ-дың филология факультетіне оқуға түстім. Оның бір тобы журналистерді дайындайды екен. Сол жазда-ақ бәрімізді Ақмола облысына астық жинау науқанына алды да кетті. Облыстың шеткері ауданының тың игерілгенде құрылған совхозына апарып, алыстағы қырман басына түсірді. Үш вагон тұр, біріне қыздар, екіншісіне ұлдарымыз орналасты. Үшіншісі асхана екен. Қырман қызметшілерінің бәрі – орыс, неміс, украиндар. Бригадиріміз неміс, қызық жігіт еді. Қазақша бірауыз сөз білмейді.

Үш мезгіл асты қырман басында ішіп, вагонға түнейтін болдық. Жұмысымыз екі ауысымды, түнімен алқаптан астық тасымалданады. Күліп-ойнап, ән салып, атқаратын жұмысты ауырсынбаймыз. Жаспыз ғой. Кең даланың өзі романтикаға толы ғой. Бірақ үш мезгілдік тамақтың бәрі шошқа етінен жасалады екен. Сол жанымызды қинады. Көбіміз іше алмай, жиіркеніп, ішкеніміз ауыра бастадық. Алғашқы күннен-ақ асханадан мұрнын шүйіріп, атшаптырым жерге қашып, жанары отты қаршадай қара бала жүрді. Түскі ыстық асты көргенде шатақ шығарған сол батыр болатын.

– Мынау ненің еті? – деді ол аспазшыға.

– Шошқаның еті, – деді семіз орыс әйелі.

– Біз қазақпыз, шошқаның етін жемейміз, – деді шашы тікірейген бала жігіт. – Біз мұсылманбыз.

– Жемесең жеме. Я вам персонально готовить не буду, – деді аспазшы қитығып.

– И не надо, – деп шатақ жігіт табақты итере салды.

Бәрімізде үн жоқ. Күнұзақ атқарылған қара жұмыс қарын аштырған. Сорпаның ішіндегі құйқалы шошқа етіне қарап отырмыз. «Етін алып тастап жей беріңдер», – деді біреу. – Қоғабайды мен білемін. Қостанайдың түлегі. Ашыққан соң бәрібір шошқаның сорпасын ішеді». Сөйтіп, бәріміз етін алып тастап, тамақты ішіп алдық. Екінші астың да майын сылып тастаймыз. Амал не? Айдаладағы қырман басында азық сатып алатын дүкен жоқ. Өлмес күннің амалы да…

Қоғабай Сәрсекеев бір апта бойы темір бөшкенің үстіне отырып, қара нан мен қара су ішіп жүрді. Тіпті шошқаның иісі аңқып тұр деп асханаға жоламайды. Ол аш өзекке нәр бола ма? Қараптан-қарап жүріп, жанарына көз сала алмай ұялатын болдық.

– Ғабит Мүсірепов «Талпақ танау» деген әңгіме жазды ғой, – дейміз райынан қайтсын деп.

– Жазсын. Бәрібір шошқа төрт түлікке жатпайды.

– Неге?

– Қазақтың жылқысы мен қой-сиыры таза шөп жейді. Сондықтан да еттері таза. Ал шошқа қоқыста аунап, жуынды ішіп семіреді. Оның етінде қандай қасиет бар? Сендер бәрің кәпірсіңдер, – дейді Қоғабай көзін онан сайын сығырайтып.

– Енді қайтеміз. Қарнымыз ашады ғой, – деп Мәткерім бәрімізді ақтамақ болады. Ақыры Қоғашымыздың алған бетінен қайтпайтын қайсарлығына көзіміз жетті де, бөлімше меңгерушісін шақырттық. Ол бәрімізді жинап алып, науқанның жауапты екенін айтып, өзінше үгіт-насихат жүргізіп, сонан соң батырымызға шүйліксін кеп.

– Сен кімсің? – деді. – Бізге талап қоятын не жөнің бар?

– Мен қазақпын, – деді қитыққан өжет балаң жігіт. – Мына жер – менікі, қазақтың жері. Ал сен кімсің? Сені мұнда кім шақырды? – дегенде меңгерушінің көзі атыздай болып кетті.

– Мен – тың игерушімін. Бұл – тың өлкесі. Студенттерге арнап біз мал бордақылап отырған жоқпыз. Шошқаның етін жесең де жейсің, жемесең де жейсің, – деді сары орыс шамданып.

– Құран Кәрімде шошқаның еті харам деп жазылған. Оны қазақтар жемейді, – дегенде бәріміздің ішіміз қылп ете қалған. Құранның аты аталмайтын кез ғой. Орыс бастығымыз қуанып кетті де:

– Сенің діншілдігіңді, бұзақылығыңды жазып, ректорға хат жолдаймын, – деді.

– Жаз, – деді Қоғаш. – Мен болашақ журналиспін. Мен де Қазақстан Орталық Комитетіне ашық текспен жеделхат жолдаймын, сендер шашылып төгіліп жатқан овощтарыңды да бізге қимайсыңдар ғой. Беріп жатқандарың ботқа мен капуста жуынды, – дегенде орыстың тілі байланды да қалды. Қасындағы қырман бригадиріне қарап:

– Бір мал сойып тамақты студенттерге бөлек дайындаңдар, күнделікті овощ әкеп тұрыңдар. Ұқтыңдар ма? Бүгіннен бастап, бұйрық орындалатын болсын, – деді. «Подумаешь хозяин земли» десін кетіп бара жатып.

Отыз шақты студент Қоғабайды құттықтап, бірі құшақтап, бірі сүйіп, біріміз шашынан сипап, мәре-сәре болған едік. «Ерлік жасадың», – дедік. «Дала батыры», – дедік. Бірден төбе биге айналдырдық та жібердік. Кешкілік мал етінен тамақ жасалып, вагонның алдына бір бөшке тұздалған қияр әкелінді. Кіріп те жейміз, шығып та жейміз көк қиярды. Алматыға қайтқанша ет пен қиярдан аузымыз босамады. Ең ғажабы сол, Қоғашымызға «Жер қожасы» деген лақап ат тағы жалғанды. Әлгі орысша сөйлеп, қазақша боқтайтын бригадиріміз де «Как дела, хозяин земли?» деп қалжыңдайтын болған.

Мен бұл оқиғаның жүрегіме жазылып, неге жадымда жатталып қалғанын білмеймін. Адам жаратылысы да жұмбақ қой. «Мен қазақпын», «Жер қазақтыкі», «Мұсылманмын», «Жер қожасы» деген тіркестер жаныма жағып, қатты ұнаған болса керек. Мұндай сөзді ашық айтпақ тұрмақ, ойлаудың өзі қауіпті болатын. Торғайлық студент тың игеру саясатының астарында қазақ жеріне өзге ұлтты қоныс аудару жатқанын түйсінсе керек. Өз жерімізде азшылық болғанның қасіретін бәріміз де тартқан жоқпыз ба? КОКП Жарғысында да азшылық көпшілікке бағынады деген сөз де тегін жазылмаған ғой. Біз, отыз шақты қазақ студенті, тың өлкесінде де азшылық едік. Жалғыз Қоғаштың журналистер тобынан суырылып шығып, ұлттық тамақ жасауды талап етуі шеріктен шыққан әрекет еді. Сондықтан да топтағы 18–19 жастағы жастар бұл оқиғаны тіс жарып ешкімге айтпауға бекіндік.

Қазақ халқының зиялы қауымының өкілдерін қудалау әлі тыйыла қоймаған. Оның үстіне республикамыз КСРО-ның құрамында болғандықтан, билік те Мәскеуде, елімізді өз елім, жерімізді өз жерім деп айта алмайсың да. Билік басындағы өзге ұлт өкілдерінің қазақша оқығандарды қызметке алмай, екінші сортқа қосқаны да, қазақтың ортасында бір орыс отырса, орысша сөйлегеніміз де шындық.

Ал Қоғабай Сәрсекеев университеттің бірінші курсында-ақ тың өлкесінде қазақпын деді, әлі де қазақпын деп мақтанады. «Қазақ болып туғаныңа мақтан, қазақ» деп жарты әлемге жар салып жүр. 88 жылдан кейін «Қазақ» газетін тірілтіп, өз қаржысына шығарып жүр. Батыр Амангелді Имановтың рухын, қазақтың үш арысының рухын тірілтті. Ұлтын сүйген жан осындай-ақ болар. Қазақ патриотының табиғатын танығыңыз келсе, білгіңіз келсе, өмір жолына, жан дүниесіне үңіліңізші. Мен ойлаймын: Ол анасынан да қазақпын деп жер шарына жар салып, айқайлап туған шығар деп. Адами киелі қасиеттер табиғи жаратылыстан және ататектен, ана сүтімен дариды ғой. Сол киелі сезімдерден туындайтын өрлікті де, ерлікті де өз замандастары бағалай білсе, нұр үстіне нұр жаумай ма?