ҚАЗМУ – БІЛІМ МЕН БІЛІК ОРДАСЫ

Өмірзақ Айтбайұлы

филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі 

Бала кезімнен Алматыдағы Қазақ университетінде оқуды арман еткенмен Алматыға жетуім оңайға түскен жоқ. Әуелі бірге оқыған мектептес балалардың кеу-кеулеуімен Ташкенге жол түсті. Бұл қаланың әйгілі оқу орындары көп қой, бәрін аралап көрдік, бірақ ешқайсысы көңілге жатпады. Алматыны аңсадым да тұрдым. Содан Ташкен вокзалына қайта келіп билет іздедік. Аңқау ауыл баласы бір ересек алдамшының арбауына қалай түсіп қалғанымызды білмей қалдық. «Әй, жігіттер билеттерің жоқ-ау, шамасы чемоданды маған беріңдер де пойыз жүрген соң төбесімен маған келерсіңдер, мен осында болам, сендерді күтем» деді. Билет таба алмай аңырап жүрген екі бала қайырымды аға табылғанына қуанып кеттік те айтқанын екі етпедік. Пойыз зулап келеді. Айтқан вагон түгілі, барлық басқа вагондарын да аралап шықтық. Іздеген «ағамыз» зым-зия жоқ. Чемодан жоқ, онымен бірге бүкіл құжаттар кетті. Екі қолды мұрынға тығып, Темір станциясынан түстік. Оқимыз деген арман көзден бұлбұл ұшты. Емтихан уақыты жақындап қалған. Барлық құжаттардың көшірмесін (дубликатын) жасап үлгере аламыз ба, жоқ па, белгісіз. Тәуекелге бел байлап аудандық, облыстық мекемелерге шапқылаумен болдым. Мақсат – аттестат, комсомол билетін, паспортты т.б. қайта қалпына келтіру. Бұл екі ортадағы сарсаңға түскен күндерді еске алсам, әлі күнге жүрегім дірілдейді.

1954 жылғы тамыздың 25-26-нда әрең дегенде барлық құжаттарымды қамдап, арманды Алматы, қазақ университеті қайдасың деп тағы да жолға шықтым. Темір шағын станца. Пойызға билет бола бермейді. Тағы да солай Базарбай деген кассир ағамыз аузын қу шөппен сүртіп отыр. Айтатыны жоқ… Жоқ… Иә, жоқты қайдан табасың. Арманым орындалмастай, үміт кесілгендей болып Мәскеу пойызын күтіп тұрмыз. Осы пойызға ілінсем іліндім, ілінбесем бәрі әурешілік боларын сезіп, дегбірсізденіп тұрмын. Бір кезде менің арманымды арқалағандай болып, Мәскеу пойызы келіп тоқтады. Вагондардан кілең спортшылар топырлап қарғып-қарғып түсе бастады. Бұлар Мәскеудегі жастар спартакиадасына қатысып келе жатқан спортшы студенттер екен. Ішінде мені жолға шығарып салып тұрған мұғалім аға Құрманбайдың таныстары да бар болып шықты. Олар Семейдің жігіттері екен. Мән-жайды білген соң «Мына спорт костюмін ки де біздің вагонға кір» деді. Әлгіні киген соң менің олардан айырмам болмай қалды. Ұмытпасам тамыздың 29-ы күні болатын. Сөйтіп жеттім-ау, әйтеуір, Алматыға…

Қазақстанның түкпір-түкпірінен ілім іздеп келген балалар басы көк майсаға көміліп, оранып тұрған Алматы шаһарында түйіскен еді. Қаланың көркем көркін суреттеуге тіл жетпейді. Мың бір түн хикаясындағы бір тамаша шаһарға еніп кеткендей күй кеше бастадық. Тау бұлақтарынан басталып, көше қуалай сылдырай ағатын мөлдір судың салқын сазды лебі денені балбыратып, бойды балқытады. Көше бойлай жасыл желегін желбіретіп тұрған алуантүрлі жеміс ағаштары өзгеше құлпырып, жас түлектер жүрегіне неше алуанән-әуен ырғақтарын құя түседі.

Діттеген жерім қазақтың сол кездегі маңдайалды оқу орны – С.М. Киров атындағы мемлекеттік университеті. Филология факультетіне жас талапкерлермен қатарласа кезекке тұрып, құжаттарымды тапсыра бастадым. Суретім жоқ екен. Тез жасап бере қоятын суретші тек Көкбазардан төмен, қазіргі орталық мешіттен жоғары тұратын бір еврей екен. Барсақ, ол да жоқ, ертеңінде істейтін болып шықты. Сөйтіп, ертеңінде суретпен керекті құжаттарды түгелдеп тапсырдым-ау әйтеуір. Ертеңіне өзім сияқты басқа балалармен бірге шығарма жазуға отырдым… Кейінбайқасақ, 1 орынға он, он бір баладан таласқа түскен екенбіз. Әр емтихан тұсында сейіле келе, ең соңында екі адамнан ғана қалдық.

Менің оқуға деген талпынысым осындай тауқыметтермен басталған еді. Әйтседе, қызығы да, қиындығы да мол ғажайыпкүндер осыдан былай қарай басталды. Бұған қоса Университет және дәрісханалар аурасы біздің ықылас-ынтамызды мүлде байлап алды. Бірінен бірі ерекше мұндай дәрісханаларды тұңғыш көруім. Дәріс бере бастаған ұстаздардың әдіс-тәсілдері алуан-алуан. Біріне бірі ұқсамайды. Тіл мен әдебиеттің үздіктері екен. Алғашқы сәттерде лекция жазу орнына аузымызды ашып аңқиып тыңдап отырып қалатынбыз. Сол ұстаздарымыздың көбі бұл күнде жоқ. Артына асқан үлгі тастап, елдің бәрі барар баянды мекенге аттанып кеткен, жарықтықтыр! Олардың әрқайсысының болмыс-бітімі іс-әрекеті неше алуанмақала кітаптарға негіз болар еді. Олар жайында жазылған дүниелер де аз емес, жетерлік. Бірақ тауысып айта алған ешкім жоқ. Түгел жазып бітем деу де мүмкін емес. Олар ұстаздық міндетін азаматтық парызбен ұштастыра білген, бар өнегесін шәкірттеріне қалтқысыз беруге тырысқан аяулы жандар еді. Олардың арасында Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге аты әйгілі профессор ұстаздар сабақ береді екен. Атап айтқанда, ұлттық ғылым академиясының академиктері, профессорлар М.О. Әуезов, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Т. Нұртазин, Ы. Маманов, К. Аханов, О. Төлегенов, Т. Амандосов, З. Қабдол, Х. Сүйіншәлиев, Герпсман, Мадзигон, Рубинова, Н. Киікбаев, Ж. Қарағұсов, А. Тілеубердин т.б.

Мына ғажайыпөмірде менің және мен сияқты жас түлектердің жолын ашқан, көкейімізге ғылым мен білім кәусарын құя білген аяулы ұстаздарымды әрдайым еске алып жүремін. Міне бүгін де осы мен оқыған университеттің абырой беделін көтере білген ұстаздарыммен қайта тілдескендей боп отырмын. Ұстазға деген ықылас бейілден әлі күнге танған емес…

 

 

ҰСТАЗДАРЫМ МЕНІҢ

Мұхтар Әуезов

Бұл есімді естігеннің өзінде жүрегім елжіреп, өзгеше күйге түсемін. Мұхтар Әуезов бізге абайтанудан дәріс оқыды. Алғашқы сәт… Кең дәрісханада студенттер толып отыр. Адам әлі толастар емес. Факультет студенттері түгел жиналғандай. Сұрастыра келсек, басқа оқу орындарынан да келген жандар бар сияқты. Бір кезде есікті айқара ашып, төртбақтау келген толық денелі қара кісі «Сәлеметсіздер ме?» деп кіріп келді. Бәріміз жапа-тармағай тік тұрып қарсы алдық. Жайлап қана ырза көңілмен «отырыңыздар» деді. Бас кескіні мүлде бөлектеу, ешкімге ұқсамайтын жан екен. Бала көңілмен жарқыраған маңдайына көзім түсе берді. Ол кісі сәл ғана жымиып алды да ыһа! Ыһалап! Тұрып, Абай дана туралы толғай бастады. Үні мейлінше жағымды, қоңырқай екен. Тоқтаусыз, толассыз, соншама әсерлі сөйлейтін кісіні тұңғыш рет көруім. Үнсіз құлақ қоюдамын. Байқаймын менен басқалар да үздіге тыңдап отыр. Ұлы Абайдың өмірі, өлеңдері туралы мектеп қабырғасында да оқығанбыз. Оның бәрінің ат үсті өткен сабақтар сияқты болғандығынан ба немесе өзіміздің ықтияттап назар сала алмағандығымыздан ба, Абайдың мұншалықты ғажайыптұлға екенін енді ғана біле бастадық. Абай өлеңдерін жатқа айтатын адамға таңғала отырып, ондағы мағына арқалап тұрған әрбір сөзді, сөз үйірлерін талдап түсіндіруіне тәнті болатынбыз. Мұқаңды алғаш көрген күннен бастап, біз ол кісінің дәрістерінен қалмауға тырыстық. Ол кісінің кескін-кейпінде, үнінде, сөз сөйлеу мақамында адамды арбап алар қасиет барын біртіндеп біле бастадық. Әрбір дәрісі өткен сайынөзі төгілдіріп, тамсана сөз ететін ұлы Абай бейнесін танып, көзіміз ашылғандай болатын. Тіпті кейде Мұқаңды Абайдың өзімен салғастырып, ол кісі кіріп келгенде Абайдың өзі енгендей әсерленетінбіз. Ұлы ақын өлеңдерін соншама беріліп, төгілдіре жатқа айтқанда, ол шумақтар оның өз жүрегінен, өз кеудесінен шығып жатқан дүниедей көрінетін. Тек бұл өлеңдер өмірдің қандай сәтінде, нені меңзеп жазылғанын таратып, талдай бастағанда, Абайдың алып тұлғасы кескінделіп шыға бастайтын.

Кейде жеке өлеңдердің мәнін, мағынасын талдай келе оны Пушкин, Лермонтов, Букин туындыларымен байланыстырып, тіпті ой ағымымен әлемдік әдебиет тарландарын шарлап, шығандап шығып та кететін. Соның бәрінен де бірінен бірі туындап жататын үздіксіз даналық ойлар жалғасын сезініп отыратынбыз. Біз Мұқаңның дәрістері арқылы Абайды ғана танып қойғанымыз жоқ, бүкіл әлемдік әдебиет пен мәдениетке жол ашқандай едік. Бала кезімізде кемел қарияларды көп көріп ем. Солардың «көзің ашылсын, қарағым!» дейтін батасын көп еститінмін. Шамасы елдің көзін ашу дегеніміз осындай-ақ болар. М. Әуезов дәрістерін тыңдай-тыңдай бүкіл қазақ баласының көзі ашылды деп айтуға болар.

Мұқаң шешен сөйлейтін. Шешендігі ділмәрліктен емес, алуантүрлі деректерді қазақтың кестелі сөздерімен көмкеріп отыруынан байқалатын. Ол кісі сөйлеп тұрғанда шыбынның ызыңы ғана білінетін. Сөзін бөлуге болмайтын. Бір жолы Мұқаңның қатты кейіген түрін көріп шошынғаным бар. Төгіліп дәріс оқып тұрған бір тұста арт жақта отырған студенттер ортасынан оқыс күлкіні құлағы шалып қалған ұстаз сөзін кілт үзіп, біртүрлі тотығып, тоқтап қалды. Анықтап қарасам, өзінің «Абай жолы» эпопеясындағы Құнанбай, Абай, Оразбайлардың бейнесін суреттегенде үнемі қолданатын «қанын ішіне тартып сұрланып» дейтін сөз орамындағыдай түтігіп, тотығып кеткен екен. Әлгі бір-біріне қалжың айтып, оқыс күлген қыз бен жігітке түтіге қарап, «Қарағым, қандай мамандықты таңдап келгеніңді білемісің. Қазақтың жүрегімен, өзімен тікелей байланысты дүние ғой оның тілі мен әдебиеті. Соның бүге-шүгесін түгел бойға дарытатын үлкен білім ордасы – Қазақтың университетіне келіп отырсыңдар. Мұсылман баласы мешітке игі ниетпен, иманды жүрекпен, таза оймен арылып шығардай енетін болса, филология факультетінің студенттері де осынау дәрісханаға сондай оймен, сеніммен келуі тиіс. Бұл жерге адам ілім іздеп келеді, басқа қылыққа орын жоқ…». Біраз толғанып тұрды да үзіліп қалған дәрісті ары қарай жалғастырып әкетті. Содан кейінМұқаң сөйлеп тұрғанда бірде-біріміз бөтен қылық көрсетпейтін болдық.

Есейіп,егделенген сайынәрбір іс, тірлікті бастар алдында ұлы ұстаз бейнесі үнемі көз алдымда тұрады. Ол ұстаздығын мәңгілікке қалдырғандай.

 

Ісмет Кеңесбаев пен Мәулен Балақаев

Университет қабырғасында студенттер есінде қалған ерекше тұлғаның бірі Ісмет Кеңесбаев болса, екіншісі Мәулен Балақаев. Екеуі де Ұлттық академияның мүшесі, екеуі де профессор. Екеуі де тіл маманы, әлемге әйгілі түркологтар. Қазақ тіл білімінің негізін бірге қаласқан, үзеңгі қағысып қатар жүрген құрдастар. Ғылым, білімде де, өмірде де бірге жүріп, ақтық сапарға да бірінен бірі қалмай уәделескендей бірінен соң бірі аттанды. Өздері кеткенмен қазақ тіл білімінде өшпес іздері қалды, қаншама шәкірт тәрбиелеп, солар арқылы тағылым, тәрбиенің үлгісін қалдырды. Екеуі де Университеттің айтулы ұстаздары еді.

Екеуінің сабақ беру үлгісі екі басқа еді, сондай-ақ тыңдаушыны ұйытарлық қабілет-қарымы да әрқилы болатын. Секеңнің сөйлеу мақамынан мәселені аумағымен қопарып, қисындата түсіндіру жағы басым көрінетін. Қай мәселеде де алғырлығы байқалып тұратын. Қаздың дауысындай саңқылдай шығатын қоңыр үні кімді де болса ұйытып әкететін. Сөзінің ара-арасында әзіл-қалжыңын да араластырып отыратын. Қалжыңның көбі өзінің қатар-құрбы достарына бағытталып жататын. Ондай әзіл-оспақтың садағы әсіресе М. Балақаев пен Ғ. Мұсабаевқа тураланады.

Ал М. Балақаевтың тақылеті мүлде басқашалау. Ол еш уақытта дауысын көтеріп сөйлеген жан емес. Соған қарамастан оның айтқаны діттеген жеріне жетпей қойған емес. Қазақ сөзінің майынтамызып сөйлеуге шебер-ақ еді. Өйткені, ол кісінің сөзінде артық-ауыс ештеңе болмайтын. Мәкең әзіл-қалжыңға тіпті шебер болатын. Мақтамен бауыздайтын кісінің өзі. Қазақ тілі сабағының өзінде уытты қалжың сөзін тұздықтап, тыңдаушысын сергітіп алып, мақсатты ойынары қарай жайлап жалғастыра беретін. Содан да болар ол кісінің дәрісінен ешкім жалығып көрген емес. Ұстаздан ұят болмасын деп сабағынан қалмай, берген тапсырмасын бұлжытпай орындауға тырысатынбыз.

Секең мен Мәкеңнің университетте дәрісін тыңдап өскен көп шәкірттерінің бірімін. Тағдыр бұйыртып, кейінекеуімен де қызметтес болып, шәкірттік ісімді жалғастыра бердім. Ісмет Кеңесбайұлы Тіл білімі институтының директоры да, Мәулен Балақайұлы сол институттағы тіл мәдениеті бөлімінің бастығы болды. Мен ғылыми жұмысқа осы бөлімде баулындым. Екеуі де ұстаздық өнерін тоқтатқан жоқ. Екі ұстаздың тәрбиесін көп көрдім, тағылымын алдым. Кандидаттық жұмысты да, дикторлық жұмысты да ұстаздарымның батасын ала отырып қорғадым. Аяулы ұстаздар қасында көбірек болғандықтан олардың адами әзіл-қалжыңдары, адами арақатынасы жадымда. Солардың қайсыбірін қайталап еске алған артық болмас. Білген кісіге олардың тәрбиелік мәні болар деймін.

Жалпы Мәкеңнің қазақы тілмен айтқанда жатып атарлығы басымдау еді. Қисыны келген тұсын қалт жібермейтін. Жамбасқа салып тартып жіберетін. Қайсыбір тұста аңғалдық пен қопалдық жасап алғанмен, Секең де есесін жібермейтін. Елге әлдеқашан аңыз боп тарап кеткен мына бір қалжыңды қалай ұмытарсың. Бірде Ісмет Кеңесбайұлы қатты науқастанып ауруханада жатып қалады. Ежелгі досының көңілін сұрауға Мәулен барып «ә, сабазым ол жақтан да аман қайтқанбысың» дейтін көрінеді. Сөйтсе, әрең сөйлеп жатқан Секең «құлағыңды жақындат» дейді де «Кетіп-ақ қалатын рет болған еді. Бірақ ол жақта да адамды алфавит тәртібімен алады екен. К-нің әзірге керегі жоқ, бізге Б керек деп, саған мені шақыртуға жіберді, Балақаев» деп жайлап езу тартқан екен.

Жарықтықтар қисыны келген жерде қалжың сөзден екеуі де бас тартпаған. Тіпті Қаныш Имантайұлы қайтыс болып, ол кісінің мәйіті салынған табытты бүкіл ел орталық бейітке дейінжаяу апарғаны жадымызда. Сол қаралы шерудің бір тұсында Секең Мәкеңді нұсқап ежелгі әдетіне басып «Қашанғы қазақ қырыла береді осы. Сенің де кезегің келген жоқ па өзі» дейді жайлап. Сонда Мәкең қолын жоғары нұсқап, «Ісмет, ол бізге байланысты емес. Оның билігі жоғарыда, ол кісі бәрін біледі. Әзір кілең игі жақсыларды алып жатыр. Ендігі игі жақсымыз Сен деп жүрміз ғой» депті. Жұрт ашық күле алмай, іштен булығыпты. Екеуінің бір-біріне деген қимастық сезімі терең болғанын Ісмет Кеңесбайұлы қайтыс болғанда көрдім. Мәкең ескі досының басында отырып егіл-тегіл жылады. Ол кісінің жылағанын бірінші рет көруім. Опасыз жалған дүние-ай!

 

Бейсембай Кенжебаев

Бейсембай Кенжебаев өмір бойы осы университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі ретінде тамаша шәкірттер тәрбиелеген мейлінше терең білімді патриот ғалым болатын. Бір қарағанда оның дәрістері соншама бір кісі тартарлық болып көріне қоймайтын. Алайда әдебиет тарихының терең тұңғиығына Бейсекеңдей үңіле алған ұстаз көп емес еді. Ол кешегі Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтай алыптарынан айырылған әдебиеттің әлденеше ғасырлық тарихы бар екеніне көзімізді жеткізді. Әдебиет пен мәдениеттің түп негізі сонау Орхон-Енисей жазуларынан алатынын дәлелдеді. Сөйтіп оның асықпай анық, сабырмен баяндалатын дәрістерінен қазақ дейтін халықтың рухани жан дүниесі мейлінше бай екенін, оның тарихы әлі зерттелмей жатқанын, оны зерттеушілердің болашақта өз шәкірттері арасынан да шығатынын болжай отыратын, кейіноның бұл болжамы шындыққа айналды.

Мәселен, Бейсекеңнен тағылым алған Ә. Қоңыратбаев, Қ. Сүйіншәлиев, Р. Бердібаев, З. Қабдолов, Н. Ғабдуллин, Т. Қожекеев, Т. Кәкішов, Ш. Елеукенов, сондай-ақ, ұстаз бауырында өз құлындарындай таласа-тармаса өскен А. Қыраубаева, М. Жолдасбеков, Н. Келімбетов, Р. Нұрғали, М. Мағауин және өзінің төл баласындай болып кеткен Қ. Ергөбек ұстаз үмітін ақтаған қазақтың айтулы азаматтарына айналды. Қазір ойлап отырсам, Бейсекең қалдырған мұра ұшан-теңіз екен. Дүниеден өткеніне біраз болғанымен оның кітаптары мен жазған мақалалары қазіргі ұрпақтың да қажетін толығымен өтеп отыр.

Ендеше Бейсекең сияқты ұлы ұстаздың өнегесі әлі талай жылдарға азық болатыны хақ.

 

 

Темірғали Нұртазин

Бұл кісі қазақ кеңес әдебиетін барынша жетік білген адам еді. Сабақ беру үлгісі де басқашалау көрінетін. Басқашалау болатыны қазақ әдебиеті өкілдерінің өмір тарихын, шығармаларын жетік білетіні байқалып тұратын. Тіпті кейбіріне өзі куәгер болғандай баяндайтын. Әсіресе олардың жеке шығармаларын талдап түсіндіруде, әрбір жазушының қалыптасу тарихына байланысты, шығарманың жазылу сырына байланысты деректерді келтіріп түсіндіруі қызықты еді. Тіпті жазушының жеке өмірінен қызғылықты мысалдар келтіру арқылы, кейде тіпті олардың мінез-құлқына да сипаттама беріп отыратын. Аздап сайқымазақтанып кеткендей тұстарын байқасақ та ұстазымызды елтіп тыңдайтынбыз. Жалықтырмайтын.

Мәселен М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаев, А. Тоқмағамбетовтің шығармашылық өмірлері жайындағы дәрістерінің қайсыбір тұстары есімде қалып қойыпты. Жазушы шығармасын талдар алдында сол жазушы басынан өткен кейбір қызықты оқиғаларды баяндай отырып, студенттер ықыласын тартып алатын.

«Мұқаң мен Сәкеңнің мінездері қызық қой» деп бастады бір жолы әңгімесін ұстаз. Елтіп құлақ түре бастадық. – Жолсапармен Мәскеуге барған тұсы екен. Екеуі қонақүйге жайғасады. Бір күні күнделікті шаруамен Сәбең қонақжайға кештеу оралады. Есіктегі күзетші Сәбеңнің осында тұратындығын куәландыратын рұқсат қағазды сұрайды. Сәбең оны қайбір қадағалап қалтасына салып жүреді. Мұқаң ондайға ұқыпты, куәлігін көрсетеді де кіріп кетеді. Сәбеңнің қағазы жоқ боп шығады. Соған қарамастан ол «мен белгілі жазушы С. Мұқановпын ғой» деп омыраулап кіре береді. Мұнысын әбес көрген кезекшінің кес-кестегеніне қарамай өтіп жүре береді. Бұған ызаланған кезекшінің аузынан «өй, надан азиаттар» деген дөрекі сөз шығып қалады. Бұған жасынан балуан шолақ атанған Сәбең қалай шыдап тұрсын. «Не дедің сен, оңбаған?» деп майданды салады ғой. Бұл кезде сұлу, сыпайы торы аттай, ізетті қалпымен Мұқаң нөмірге көтеріліп кеткен. «Но зато, – дейді Темкең, – 6-қабатта Асқар Тоқмағамбетов жатыр екен. Төмендегі майданды естіген ол дамбалшаң жатқанына қарамастан «сүзетінім бар еді», жіберші жібер, төменде Сәбит төбелесіп жатыр, – дейді деп жүгірген екен». Біз Темкеңнің бұл әңгімесіне ішек-сілеміз қатып күліп алдық. Үш ұлы жазушының адам пенде есебіндегі айна-қатесіз кескін-кейпі көз алдымызда қалып қойды.Жамбыл – Жәкеміз жайында, оған хатшы болған Әбділда, Ғали, Тайыр т.б. жайында айтатын естелік әңгімелері де мейлінше қызық болатын. Әсіресе сол хатшыларына Жамбылдың бірауыз сөзбен мінездеме беретін қасиетін Темкең риза бола отырып айтатын. Студент кезімізде ұйымдастырылатын кездесулерде бұл әңгімелерді ол кісілердің өз аузынан да естіген едік. Темкеңнің де және Ғали Ормановтың, Әбділда Тәжібаевтың да айтуларына қарағанда Жамбыл Жәкеміз інілеріне мінездеме беруде қазақ тілінің шұрайлы, бейнелі, кестелі сөздерін дөп қолданады екен. Мәселен ол кісінің Ғали Ормановқа берген сипаттамасын Темкең де айтты және Ғалекеңмен болған кездесуде өзіміздің де көзіміз жетті. Жәкең Ғалекеңе қарап тұрып, «өй, суға тойыптыңқиған, қара шұнақ бұқадай» қайдан шықтың дейді екен. Шынында сол кездегі кескінім Жәкең айтқандай екен деп Ғалекеңнің өзінің де риза бола әңгімелегені бар. Сондай-ақ Әбекеңе (Тәжібаев) қарап тұрып «барып-келіп, батып-шығып» жүрмісің деген тәрізді теңеуді айтады екен Жәкең.

Міне осы тектес мысал, деректер Темкең ұстазымыздың дәрістеріне тән құбылыс еді.

Бір ғажабы әңгімеге дәйек болған М. Әуезов, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, Б. Кенжебаев, Т. Нұртазин тәрізді ұлы ұстаздарымыз тар заманның талай тауқыметі мен теперішін көрсе де өздерінің адамдық, азаматтық болмыс-бітімін жоғалтпаған қайсар жандар еді. Бұлар өмір бойы талмай жинаған білік-білімін шәкірттерінің бойына қалтқысыз дарытып, түгел сіңіруді, беріп кетуді мақсат еткен, аяулы да ардақты ұстаздарымыз болатын. Рухтарына мәңгі тағзым!

 

Зейнолла Қабдолов

Бізден бір мүшелдей үлкен жас ұстазымыз да болды. Ол Зейнолла Қабдолов болатын. Зекеңнің кескін-кейпі, киім киісі, сөйлеу мәнері бізге бірден қатты әсер етті. Бір қарағанда оның сөз саптауында, дәрісханаға келіп кіру қимылында, өзін-өзі баппен ұстауында өмір бойы өзі табынып өткен Мұхтар Әуезовке ұқсауға тырысатыны байқалатын. Сонымен бірге өзіндік болмыс-бітімін әйгілейтін сөз саптау жүйесі, кербез керім тұрысы, қимыл-қозғалысы ерекшеленіп тұратын. Әсіресе қазақ сөзінің құны мен парқын біліп, оны терең түсіндіруге келгенде Мұқаңша төгіле жөнелетін. Қазақ сөзінің астарлы сұлу сазын, жаныңды баурап алар мағынасы мен үнділігін бұл кісідей ашып, ұқсата білетін жан көп емес еді. Көмейінен төгілген сөздердің көркемдігіне, әсер пәрменіне әрдайым таңғалумен болатынбыз. Ол кісінің оқыған дәрістеріне тәнті бола жүріп, әдебиет дейтін ғажайыппәннің теориялық негіздеріне қанықтық. Зекең сөйлеп тұрғанда қазақ сөзіне қанат бітетіндей көрінетін. Сонысынан да болар, ол кісінің дәрісіне барынша қызығатынбыз. Көбіміз әлімізге қарамай Зекеңе ұқсауға тырысатын едік. Бұл кісінің әдебиетке, сөз өнеріне деген ынта-ықыласында шек болмайтын. Әдебиет теориясының ең күрделі мәселелерінің күнделікті өмірдің қызықты оқиғаларындай әңгімелейтін. Әдебиетті өнер деп, өнерді өмірдің өзі деп түсіндіруге бейіл еді. Ол әрбір шәкірт бойынан бір жақсылықтың нышанын көргісі келетін, соны іздейтін және табатын…

Кейінұстазымызбен заманымыз бір болған соң, ғылым-білім әлемінде қатарлас, қанаттас қызметте жүрдік. Бұл тұста да Зекең бойынан адамдықтың, адамгершіліктің, ізгі ниет пен ықыластың иісі аңқып тұратынын байқаушы едік. Ол өмірге ізгіліктің ұрығын себу үшін, адамдарға жақсы сөз айту үшін келгендей еді. Өйткені ол кісінің аузынан сіздің бойыңызға жылылық дарытатын ғажайыпсөздер легі ағылатын. Ол кісімен кездескен адам бойында жақсылыққа деген ұмтылыс сезімі пайда болатын. Иә, З. Қабдолов өмір бойы жақсылықтың ұрығын себумен айналысқан ғажайыптұлға болды. Соның бір дәлелі ретінде өз өміріме байланысты бастан кешкен бір ғана сәтті еске ала кеткенді жөн санадым.

…Ғалымдардың ғылым академиясының мүшелігіне ұмтылып жатқан кезі еді. Мен де араласқым келіп, екі ойда жүргенмін, өйткені менен жасы да, бітірген еңбегі де басымдау деп есептейтін біраз адам бар. Солардың алдына түспейіндеп, тартыншақтап жүрген едім. Сайлау күні жақындап келеді. Қажетті құжаттарымды тиісті жерге әлі тапсырғаным жоқ. Бір жолы осыны біліп қалған ұстазым Зекең «Сен неғып құжаттарыңды тапсырмай жүрсің?» дегені. Мен біртүрлі ыңғайсыздана, «рақмет, аға, менен бұрын өтуге тиісті ғалымдар бар еді. Солармен таласқа түсудің жолын таппай жүрмін» дедім. Ол кісі маған бажайлап қарап алды да «мұның қызық екен. Менің білуімше, сендер бір орынға 11-12 адам таласады екенсіңдер. Кімнің озып шығарын дауыс шешеді. Бұл бәйге, оған әркімнің-ақ таласы бар. Сенің ойлап отырған адамың екеуің таласа келіп соңғы турға дейінжетіп, қатар тұрғандай болсаңдар ғана, сенің жол «мына кісінікі еді» деп шығып кетсең, мұндай «жестіңді» мен түсінген болар едім. Ал мына тірлігің ақылға онша сыя қоймайды. Бағыңды сен де сына. Құжаттарыңды тапсыр!» деп бірақ кесті ұстаз. Мен шынында да солай еттім, бағымды сынадым. Ұстазымның сенімін ақтағандай, болдым, сөйтіп бірінші турда-ақ қажетті дауысты алып шықтым. Зекең, шамасы, менің бойымнан да өзінің талап-талғамына жақын келеді-ау деген нышанды байқады ма екен деп ойлаймын. Жоғарыда айтқандай бұл кісі әйтеуір адамның бойынан жақсылықтың нышанын іздейтін. Ол ешқашан ешкімнен жақсы сөзін, жақсы ниетін аяған емес. Оның кеудесі ізгілік пен жақсылықтың қоймасындай боп көрінетін. Сондықтан шәкірттерінің көбінің оған ұқсауға тырысатыны тегін емес-ау деп ойлаймын.

Мен білім ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстаздары арқылы көкейімде қалған ізгілік нышандарын әңгімелеуге тырыстым. Ұстаздар туралы сырдың бұл кейбір нұсқалары ғана.

Ендігі бір әңгіменің желісі осы университеттің бүкіл Қазақстан мамандарын түлетіп, тәрбиелеп, ғылым мен білім, мемлекет және қоғам қайраткері боларлық тағылым тарата білген дәрежеге жеткізген ұйымдастырушылық іс-тірлік басында тұрған адамдар туралы да бірер сөз айта кетуді өзіме парыз санадым. Ең алдымен, осы университеттің қаз тұрып, қатарға қосылуына ғана емес, озық, айтулы білім ордасына айналуына да өлшеусіз зор үлес қосқан әйгілі академик, дипломат Төлеген Тәжібаев, академик профессорлар Дарқанбаев, Закарин сынды білімгерлер мен Өмірбек Жолдасбеков тәрізді тарландарды, сондай-ақ Төлеген Қожамқұловтарды да еске алмай өтуге болмас еді. Біз университетті Дарқанбаев пен Закарин басқарған тұста оқып бітірдік.

Ал университетті академик Ө. Жолдасбеков басқарған кездің біз тірі куәгерлеріміз. Бұл білім ордасының бүгінгідей гүлдену жолының басы-қасында Өмекеңнің тұрғанын қалай ұмытарсың. Егер кезінде елімізге Г. Колбин тәрізді қараниет адам келмегенде, ғылым мен білімнің бағы одан сайынжандана түсер еді-ау деп армандаймыз. Өйткені Ө. Жолдасбеков сияқты ғылымды, білімді ұйымдастыра білер, қабілеті айрықша жандардың басы баршылық еді. Солардың біразының жолы кесілді. Құдайға шүкір, қазір тәуелсіздігіміздің арқасында Өмірбек тәрбиелеп үлгерген талантты шәкірттер білім, ғылым жүгін белі қайыспай көтере бастады.

Қазақ университетінің жетекшілері Ө. Жолдасбековтің игі бастамасын жандандырып әкетті. Университет өмірінде күнделікті атқарылып отырған іс-әрекеттер жемісін көре отырып, ел үміті мен Елбасы сенімін ақтай білудің жөні осындай-ақ болар деген ойдамын. Университет ендеше өзінің 75 жылдығын үлкен абыроймен қарсы алғалы отырғанын айбынбай айта аламыз.

Байырғы шәкірт есебінде өрбітілген азын-аулақ ой ағымы осындай еді. 1954–1959 жылдар аралығында Қазақ университетінде өткен өмір мен үшін және сол кездері бірге оқыған қазақтың ұл-қыздары үшін ғажайып,көрген түстей болып өте шығарын кім білген. Сол сәттерді аңсаймын, қайта бір соғып өтсе, шіркін, деп армандаймын!..