Үлкен алматы каналы

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Кеңес Мұстаханұлы Аухадиев естелігінен

Қай заманда да – ежелден бүгінге дейін – адам баласы өзі жаралғалы бері жерді еміп өмір сүріп келеді. Жер Ана дейтініміз де сондықтан. Сол Жер Анаға жан беретін, нәр беретін құдірет – Су. Таулы бола ма, тасты бола ма, батпақты бола ма, құмды ма, қандай түрдегі болса да жер атаулы – мемлекеттің негізгі қазынасы. Ал оның ішінде суармалы жер – ең қымбат қазынасының бірі. Суармалы жер – елдің асыраушысы. Малды да, жанды да сулы жер асырайды. Сондықтан суармалы жерді күту, сақтау, ұлғайту – тікелей халықтың қамын ойлау.

Алматы облысы негізінен таулы алқапқа жатады. Ал таулы жердің сулы келетіні де табиғи құбылыс. Таудың мұзы мен қары, бұлағы мен өзені – бәрі қазына. Сол себептен Алматы облысындағы тау етегіндегі жерлердің бәрі суармалы жерге жатады. Олардың суармалы екендігі де рас. Бірақ олардың суармалылығының өзі табиғаттың мінезіне тәуелді. Яғни таудың қары ерісе, етекте су бар, ерімесе су жоқ, бар болса да, тапшы. Кейде қар күрт еріп сел жүріп, бүкіл тау етегін астаң-кестең етіп өте шығуы мүмкін. Ондайда судың пайдасы зиянға да айналып жатады. Тау етегіне орналасқан суармалы жердің бірі – Шелек ауданының жері. Олар негізінен темекі егеді. Көктемде олар таудың суы қашан ериді, қашан бізге келеді деп, темекінің көшетін не егерін, не екпесін білмей дағдарып отырады. Ал темекі егетін жердің бәрі суармалы жер. Бірақ кейде дәл суарғысы келген кезде суғара алмайды, себебі тау басы әлі суықтау болып қары ерімей, аққан судың мөлшері қажеттегіден көп төмен боп жатады. Сонан соң амал жоқ қардың ерігенін күтіп, етектегі ел тау басына тәуелді болады да отырады. Мұндай суармалы жерді кепілсіз суармалы жер деп атайды. Судың боларына-болмасына анық кепілдік жоқ. Ендігі біздің мақсат – осы кепілсіз суармалы жерді кепілді суармалы жерге айналдыру.

Әуелі мамандармен ақылдастық. Бұрыннан басталған істердің жөн-жосығымен таныстық.

1976 жылы КСРО су шаруашылығы міністірлігі Мемлекеттік жоспарлау комитетімен келісе отырып, Үлкен Алматы каналын жасауды мақұлдап, оның бірінші кезектегі техникалық-экономикалық негіздерін бекітіпті. Ол бірінші кезекке мынандай жұмыстар жатыпты:

Бартоғай су қоймасының 70 миллион кубометірлік 1-кезеңін салу;

Үлкен Алматы каналының бас су таратқышы мен 8 шақырымдық каналды жасау;

16,7 мың гектар жерге жаңа суландыру жүйесін орнату, оның 8,2 мың гектары каналдың қамту аясында болуға тиіс;

Үлкен Алматы каналының аясына кіретін бұрыннан бар суландыру жүйелерін қайта жабдықтау.

Енді сол бүкіл Шелек және Шамалған өзендерінің ара­лы­ғындағы алқапты суландыратын Үлкен Алматы каналының негіз­гі жұмысын қолға алу қажет деп таптық.

Бартоғай су қоймасы мен Үлкен Алматы каналының техникалық-экономикалық көрсеткіштерін негіздейтін құжатты Қазақ КСР суландыру және су шаруашылығы міністірлігіне қарасты «Құрмет белгісі» орденді Казгипроводхоз институты әзірледі. Ол даярланған құжатты КСРО суландыру және су шаруашылығы міністірлігі бекітті. Оның бәрі 1981 жылдың жазына дейін жасалып бітті.

Мәскеу ол кезде республика бойынша жылына 10 миллион сомдық қана құрылыс жобасын қарайтын. Одан асырмайтын. Ал сыйымдылығы 320 миллион кубометірлік Бартоғай су қоймасының жалпы бағасы 34 миллионнан асып кетті. Сондықтан су қоймасы мен канал құрылысын әрбірін 10 миллиондық мөлшерде үш кезеңге бөліп жасадық. Бірінші кезеңде Бартоғай су қоймасы салынып, Шелек ауданының территориясына канал тартылады. Екінші кезеңде канал Еңбекшіқазақ ауданының территориясына салынады. Үшінші кезеңде Талғар ауданы мен Алматы қаласын кесіп өтуге тиіс.

Жоба бойынша канал Шелек өзенінің арнасынан бастау алып, Шамалған өзеніне барып құятын болды. Әрине, одан ары Ілеге барып қосылатыны кімге де болса белгілі. Осы екі аралықта канал Алматы облысының Шелек, Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Қаскелең аудандарының жерін басып өтеді. Канал бойында республика астанасы Алматы бар. Каналдың солтүстік жағы Қапшағай су қоймасының алқабына, ал оңтүстігі Алатауға шектеледі. Канал өтетін алқапта негізгі суару көзі болып табылатын Шелек, Түрген, Есік, Талғар, Үлкен және Кіші Алматы, Есентай, Қарасу, Ақсу, Қаскелең сияқты тау өзендері мен сулар бар. Шелек – Шамалған өзендерінің арасындағы алқап өзінің табиғаты мен ауа райы жағынан ауылшаруашылық жұмыстарына өте қолайлы жер болып табылады.

Үлкен Алматы каналының Бартоғай су қоймасы арқылы реттеліп отыратын бірден-бір қор көзі – Шелек өзенінің суы. Ол су канал арқылы кең алқаптағы шаруашылық жеріне жеткізіледі. Қаланы сумен қамтамасыз етуге және ауылшаруашылық дақылдарын суаруға Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің суы жетімсіз бола бастағандықтан, канал суын Алматы қаласы да асыға күтіп отырған еді.

Шелек өзенінін суы Малыбай ауылының тұсынан, Бартоғай қоймасынан 15 шақырым төмен жердегі субөгет арқылы каналға бұрылады. Каналдың жалпы ұзындығы 171 шақырым болады. Тоғыз балдық жер сілкінісі болуы мүмкін жерлермен қазылады. 110 шақырымға созылатын аралықта судың жер қыртысына сіңімділігі тәулігіне жарты метірге жететіндіктен, каналдың ішкі жағын қалыңдығы 20 сантиметірлік бетонмен шегендеу қажет болды. Каналдың тереңдігі 3-4,5 метір. Бетондалған жерде каналдың табаны 9-дан 2,5 метірге дейін төселеді, ал кәдімгі табиғи арнамен өтетін жерде түбі 25-тен 6 метірге дейін тарылды. Өне бойына 593 ірілі-ұсақты объекті салынады. Канал үстінен 186 су өткергіш құрылыс салынады, оның 17-сі селді өткізіп жіберуге есептеледі. Бұрыннан пайдаланылып келе жатқан суару тораптарын канал үстінен өткізіп жіберетін 157 құрылыс салынбақ. Канал салуға байланысты бұзылатын 126 бұрыннан бар суару торабы қайта жасалуға тиіс еді. Сонда бұрыннан суармалы жерге жататын 146 мың гектардан астам жер толық суармалы боп кепілдік алса, 82 мың гектарға жуық жаңа суармалы жер ашылатын болады.

Бүкіл каналдың өне бойында екі жерде – Малыбай мен Талғарда диспетчерлік пункті қойылады. Байланыс жүйесі бүкіл канал бойынша әуемен тартылады, ұзындығы 284 шақырымды қамтиды. Канал бойымен жарыса жүріп отыратын асфальт жол салынбақ. Құрылыс өзіне жұмсалған шығынды бес жылдан астам уақыт ішінде ақтап шығуға тиіс.

1981 жылдың көктемінде іске кірістік те кеттік. Канал құрылысы республикалық дәрежедегі екпінді құрылыс деп жарияланды. Республикалық штаб құрылып, оны Міністірлер Советі төрағасының орынбасары Гукасов Эрик Христофорович басқарды. Облыстық штабты мен басқардым.

Жұмыс жан-жақты жүрді. Бұл кезде әркім әр салада қатарласа өз жұмыстарын атқарып жатты. Канал бойымен жанамалай жүретін жолды Автожолдар міністірлігі салуға кіріссе (Міністірі – Гончаров Леонид Борисович), канал құрылысын салуға Одаққа бағынатын, «Басқүрішсовхозқұрылыс» Бас басқармасы (Главриссовхстрой, бастығы Гончаров Виктор Александрович), «Басалматықұрылыс» басқармасы (бастығы – Красиков Юрий Кириллович), «Қазселқорғау» мекемесі (бастығы – Нұрқаділов Заманбек Қалабайұлы) жұмылдырылды.

Бұлардан тыс Алматы қаласы мен облысының 40-тан астам өндірісі, құрылыс орындары канал жұмысына белсене қатысты.

Канал, жалпы алғанда, тау етегімен жүріп отырады. Ешқандай насостың не басқалай сырт күштің әсерінсіз су өз екпінімен ағады. Демек, табиғи еңістік қатты есепке алынады. Тау етегі басқа жердің ең биік жағы болғандықтан, каналдан егістікке немесе шабындыққа су шығару ешқандай қиындық келтірмейді: арнайы су таратқышты ашсаң болды, су өз екпінімен каналдан арыққа қарай аға жөнеледі. Бұл жағынан канал өте тиімді, – насос қосу үшін, қосымша электр қуатын жұмсауды қажет етпейді.

Канал тау етегін көлденеңдей кесіп өтеді. Ал таудан аққан қар, жауын суларының белгілі бір сай, жүлгелер арқылы ағатыны белгілі. Сондай ұсақ жүлгелерге су өткізетін көпір салып, каналды солардың үстімен өткізу көзделді. Ондай көпірлерді – канал құрылысынан бұрын салу қажет еді. Сондықтан ондай көпірлер алдын ала есептеліп, күні бұрын салына бастады. Жол да каналдан бұрын салына бастады. Канал бойын күтуге, жұмысын қадағалауға қажетті үйлер де әлі канал салынбай жатып-ақ жоба бойынша белгіленген жерлерге тұрғызылып жатты. Соның бәрін Қазақстандық өз мамандарымыз жасады. Олар каналдың дәл қай арадан өтетінін сантиметріне дейін өлшеп, қателеспестен құрылысты күнібұрын жүргізе берді. Каналдың үстінен өтетін көпірлер де каналдың өзінен бұрын салынып жатты.

Бір жылдың ішінде-ақ канал жұмысы Шелек ауданының шегінен өтіп кетті. Шелектіктер канал суын өз шаруашылықтарына пайдаланып, мәре-сәре боп жатты. Ол кезде Шелек ауданының 1-хатшысы Бижанов Құсайын деген кісі болды. Аудан штабын басқарды. Бұрын Балқаш ауданын басқарған. Республика ал­дындағы сіңірген еңбегі үшін Ленин орденін алған. Сол Шелек ауданының 1-хатшылығынан зейнетке шықты. Ұйымдастыру қабілеті мықты, тәртіпті қатаң ұстағанды ұнататын адам. Каналдың салынуына қатты қуанды, оның жұмыстарына қатты құлшынып араласты. Бас-аяғында өзі жүріп, барлық жұмысқа тікелей өзі қатынасып отырды. Талайға тәрбие берген, талай адамға жақсылық жасаған басшы.

Каналдың түбі 6-8 метірге жетсе, бет жағының кеңдігі 10-12 метірге жетеді, түбіне қарай тарыла береді.

Каналдың екі жағасына әуелде даяр бетондар төселді. Бетон мен бетонның қиюласқан жерінде қанша дегенмен саңлау қалады екен, сол арадан сәл де болса су өтсе, түбі сол үлкейе келе бүлдіреді екен. Осыны ескерген канал құрылысшылары жағаны бекіту үшін құйма бетонды пайдалануды ойлап тапты. Қолма-қол сол төселетін жерге бетон құюдың жедел жолын іске асырды. Техниканы да соған лайықтап өздері жасады. Бұрын ондай каналдың жағасына әкеп бетон құятын мәшине құрылыста жоқ болатын. Соның бәріне басшылық жасауда Э.Х. Гукасовтың қызметі айрықша болды. Құрылыс жағын бастан-аяқ өзі басқарып, үлкен еңбек сіңірді. Еңбегі бағаланып Социалистік Еңбек Ері болған кісі. Ұзақ жыл Баскүрішсовхозқұрылысын басқарды. Әуелде күрішсовхозқұрылыс Қызылордада болатын, одан Шымкентке, содан Алматыға келді. Шардара су қоймасын салды.

Канал шын мәнінде халықтық құрылыс болды. Ол біткенше мен күнделікті жұмысымды сол құрылыстың басына бір барып қайтудан бастайтынмын. Ол үшін таңғы жетілерде үйден шығып, тоғыз кезінде кеңсеме келіп үлгеретінмін. Өйтпеуіме болмайтын да еді. Өйткені: «Каналдың жайы қалай? Қай жерге келді? Не боп жатыр?» – деп Қонаев міндетті түрде күнде сұрайды. О кісіге дәл жауап бермесең, ұят.

Талай рет каналдың жұмысын Димекең өзі барып көрді. Құрылысшыларды, бізді, аудан басшыларын – бәрімізді асықтырды. Каналдың тез біткеніне соншалық құштар болды. Ақырында 1981 жылдың көктемінде басталған канал жұмысы 1984 жылдың күзінде бітті. Тез салынды. Оның бойын аралаған адам не түрлі әдемі көріністерге тап болады. Канал Таусүгір ауылын айналып өтетін тұста біздің инженерлеріміздің шеберлігі мен білімділігін танытады. Ауылдың дәл үстін басып өтуге тиіс каналды олар ауылды айналдыра жүргізді. Және есептері өте дәл шықты. Су канал ішінде кері толқымайды, іркілмейді, бірқалыпты ағыспен ағады да отырады. Таусүгірден өтіп, қайтадан етекке қарай жүрген кезінде, су жоғары ағып келе жатқандай әсер етеді. Бірақ канал ішіндегі деңгейі біркелкі, ағысы бәсең де емес, қатты да емес.

Жалпы, канал кейде өрлеп, кейде көлденеңдеп ағады. Сонда төменге жүрген кезінде қатты сарқырап, көлденеңдеген кезінде кенеріне толып кетпей, орташа екпінін сақтап ағады. Соның бәрі инженерлердің шешімінен.

Таусүгір ауылына 15 шақырым жетпей канал түнелден өтеді. Судың тау астына кірген жері мен тау астынан шыққан тұсы айрықша әдемі. Адам ойының, қолының шеберлігіне қайран қала таңданасың.

Есік, Түрген өзендерінің арнасынан каналды қалай алып өту әдісін де инженерлер өте шебер тапты. Өзеннің жағасына жеткен жерде канал суы түгелімен бетон құбыр арқылы жер астына түсіп кетеді. Өзеннің астынан бетон трубалар арқылы өтеді де, екінші жағадан қайтадан жер бетіне шығып канал арнасымен ары қарай ағады. Каналға 60 кубометір су сыйып ағады, ал жай күндері негізінен 20-40 кубометір су ағады. Сонша су өзеннің астына түсіп кетіп, қайтадан жер бетіне екінші жағадан шығып жатады. Адам сүйсінетін көрініс.

Бартоғай су қоймасының салыну әдісі де адам сүйсінерлік. Бартоғай деген ат «бәрі тоғай» дегеннен қалыптасқан сөз деседі. Солай болса солай да шығар, өйткені терең сайдың іші тоғай екені тоғай болатын. Бартоғай қоймасына 210 миллион кубометір су сыяды да, ал каналмен секундына 70 кубометір су ағады. Осыншама су сақталу үшін қойманың, әрине, үлкен болатыны сөзсіз. Шелек өзенінің суы Көкпекті жазығының батыс жақ шетінен ағады, Бартоғай сайымен өтіп қайтадан шатқалға кіретін де, Малыбай ауылының желкесіне жеткенде қайтадан жазықпен ағатын. Бөгет сол Бартоғайдан өтіп шатқалға кіретін жерден салынды. Ол үшін бөгеттің астынан секундына 70 кубометір су ағатын түнел қазылды. Опырылып құлап кету қаупін болдырмас үшін, жаңадан бекіткен бостау жағынан емес, бұрыннан тұрған таудың астынан тесілді. Тесік алып бетон трубалармен шегенделді. Ондай бетон трубалардың өзі тұңғыш сол су қоймасы үшін жасалды. 150-200 метірдей жерден кейін түнел қайтадан шатқалдың ішінен шығады, одан шыққан су (70 кубометірге дейін) аспанға атылып ақ көбік болып жатады, 100 метірге дейін шапшиды. Жай қаладағы әшекей бұрқақтардан көп дегенде бір-екі шелек су атқылап жатады ғой. Ал Бартоғайда бүкіл бір өзен атқылап шығып жатады. Оны жұрт әдейі барып көріп қайтудан да жалықпайды.

Су қоймасының қауіпсіздігі де ескерілген. Егер белгіленген мөлшерден асып кететіндей күн туа қалса, су қосымша ағатын бетон тесік ескерілген. Оған да болмай бара жатса, қойманың шығыс жақ тұсынан қазылған түнел жол бар, содан да ағып кете береді. Ол түнелден қалыпты жағдайда автокөлік өтеді, су қоймасын бақылаушылардың жүріп-тұруына арналған.

Каналдың мәні, маңызы, тиімділігі жайында көп нәрсе айтуға болады. Біз, шынын айтқанда, салушы болдық. Қай салушы да өз жұмысын жамандағысы келмейді. Ондай нәрсенің шын бағасын әрқашан пайдаланушылар береді. Канал іске қосылғаннан кейін 14 жылдан соң 1998 жылы Малыбай ауылына бір адамдармен қонаққа бардым. Сонда сол араның ежелгі тұрғыны, көп жыл шаруашылық басқарып келе жатқан Насыров Иминжан деген кісіге жолықтым. Ол 1970-1984 жылдар аралығында Шелек ауданының «Авангард» совхозында бас агроном болып, содан кейін 1989 жылға дейін ауданның бас агрономы болып істепті. Сол жылдары Қазақстан Жоғарғы Советіне депутат боп сайланады. Канал жұмысы қызу басталып кеткенде, Иминжан да өз шаруашылығында агроном болған, шаруашылық өнімдерінің канал салынғанға дейінгі, салынғаннан кейінгі көрсеткіштерін өз көзімен көріп, өз қолымен алған адам. Иминжан 1989-1992 жыл­дарда Шелек аудандық ауылшаруашылық басқармасын басқарыпты. 1992-1993 жылдары «Асы» совхозының деректірі болған. 1995 жылдан «Гайрат» агроөндірістік кооперациясының төрағасы. Со кісінің айтуында, Шелек ауданы 1985 жылға дейін 16-18 мың тонна астық (жүгері, бидай) өткізсе, одан кейін 76-85 мың тоннаға жеткізген. Бұрын темекінің әр гектарынан 3,5 тоннадан өнім алса, ол өнім кейін 9,5 тоннаға жеткен. Ірі қараның саны 17 мыңнан 33 мыңға, қой 220 мыңнан 450 мыңға көбейген. Ет 5,5 мың тонна өткізіліп келсе, 10-13 мың тоннаға дейін өткізілетін болған. Сүт өндіру де күрт өскен. Соның бәріне каналдың суы игі ықпал жасаған. «Шелек ауданының көп жері канал қазылғанға дейін де суармалы жерге жатқан. Бірақ, мәселен, жүгерінің дән суын дәл осы аптаның ішінде беру қажет болса, оны кешіктіріп не келесі аптада, не одан кейінгі аптада әрең беретінбіз. Ал канал келген соң агротехникалық режімді бұзбай, дәл суаратын кезден кешіктірмейтін болдық. Соның нәтижесінде өнім сапасы жоғарылады», – дейді Иминжан.

Иминжанның осы айтқаны басқа аудандарға да тікелей қатысты. Канал барлық ауданға да дәл осылай игі ықпал жасады. Үлкен Алматы каналы 1984 жылдың күзінде ашылды. Оның ашылу салтанатына Д.А. Қонаев, Б. Әшімов, КСРО суландыру және су шаруашылығы міністірі Васильев қатысты. Ашылуы Бар­тоғайдың төмен жағында, Шелек шатқалының аузындағы су бөгетінде өтті. Димекең өзі сөз сөйледі.

Канал Алматының да келбетін өзгертті. Қаладан өткен каналдың бойы суға шомылатын, жүзетін, су жағасында демалатын орынға айналды.

Үлкен Алматы каналына Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың аты берілуі де халықтың тілегінен шықты. Канал жұмысына о кісінің қалай мән бергенін, тез салынып бітуі үшін барлық жағдайды жасағанын мен өз көзіммен көрген адаммын. Ел үшін еңбек еткен адамды елінің де құрметтей білгені қандай жақсы!

 

Кеңес Аухадиев. Өнегелі өмір / ред. басқ. Ғ.М. Мұтанов. – Алматы: Қазақ университеті, 114-121 беттер