Ұлыларды ұлықтаған университет

Жуырда Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ұлттық рухқа серпін беріп, елдің дамуына бағдар сілтейтін бағдарламалық мақаласын жариялаған болатын. Көпшіліктің көкейіне тез қонған айтулы мақала оқығанды ойға қалдырып, ұлттық рухқа шынайы өзгеріс әкелді десек артық айтқандық емес. Көлемі шағын болғанымен көңілге тоқытары көп мақаланы иісі қазақ ерекше ықаласпен қабылдады. Себебі, Елбасы атап өткендей, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу.

Яғни, мына заман бәйгесіне қазақ болып қосыл дегені. Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлыс әлемдік бәсекеге қабілетті болуы шарт. Әр азамат өз саласының маманы болу арқылы қоғамға үлесін қоса алады. Әрқайсымыз өз саламызда болашаққа бағдар жасап, рухани жаңалыққа бет бұрсақ әлемде рухы биік, дамыған елге айналарымыз хақ.
Елбасы өзінің мақаласында ұлттың рухани кеңістігіне аса мән бере отырып, кітап мәдениетіне, тұлға танудағы аса маңызды факторларға тоқталады. «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс», – дей отырып, қазіргі заманның, тәуелсіз Қазақстанның «100 жаңа есімін» жасақтауға тапсырма берді.
Ел тарихында аты алтын әріптермен жазылатын тұлғалар болады. Халық сүйіспеншілігі көбіне өнер мен мәдениет, қоғам қайраткерлеріне арналып жатады. Ал шексіз ғылым көкжиегінде тер төккен адамдар өз кеңістігінде ғана марапатталып, жалпы жұртқа жария бола бермейді. Бұл – өмір заңдылығы. Елбасы атап өткендей, болашақ қазақ қоғамына сегіз қырлы бір сырлы, білімді ұрпақ қажет. Сол үшін де ҚазҰУ баспасынан үзбей жарық көріп келе жатқан «Өнегелі өмір» сериясының орны ерекше дер едім. Өйткені, білімді, тарихын терең білетін ұрпақ тәрбиелеуде жол сілтейтін қайнар көз – білім мен ғылым, әдебиет пен өнер саласында құрыштай құйылған азаматтар екені анық.
Біздің қоғам ғана емес, кеңес құрамында болған елдердің көбі «Молодая гвардия» баспасынан шығатын «Жизнь замечательных людей» сериясын біледі. Біздің кітаптарды да сол сериямен салыстыратындар да көп. Әрине, бұр серия тарихы жағынан терең. «Өнегелі өмір» сериясы күні бүгінге дейінгі 7 жыл ішінде қалыптасып дамыды, оқырман көңіліне жол тапты деп айта аламыз. Тіптен, ұлттық тұлға танудағы қайталанбас жобаға айналып үлгерді.
Кез келген адамды оның өмірбаяны арқылы танып біле бастаймыз. Өмірбаяндық деректемеде жазылған тұлғаның басып өткен өмір жолын толықтай біліп қанығу үшін өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдерінен мәлімет ала отырып, оны мұрағат құжаттары мен фото топтамаларды көру арқылы бекітеміз. Автордың жеке қорындағы құжаттар әрі дәлелді, әрі оқырманды қызықтыруы тиіс. Келесі кезеңде тұлғаның туындысын, ғылыми жаңалығын, болмысын танытатын шығармасымен танысып, артынша сол кісіні ұлықтаған мақалалар тізбегін оқимыз. Міне, осындай тұлғатанудың басқыштары арқылы бір ғалымды немесе қайраткерді біліп қана қоймай, сондай болуға ұмтыламыз. Бұл тұлғалар біздің ғылым, мәдениет, әдебиет көкжиегіндегі ұлттық кодымыз. Елбасы атап өткендей, сапалы ұрпақтың сара жолын салған азаматтар. 
«Өнегелі өмір» сериясымен ұлықталған тұлғалардың бәрі де қазақ қоғамы үшін тер төккен жандар. Атап айтар болсақ, қазақ мемлекетін құруға ат салысып, ұзақ жыл  басқарушы  орындарда  қызмет еткен Д. Қонаев, А. Асқаров, Б. Әшімов, Ж. Тәшенов, К. Аухадиев, С. Жиенбаев, Ш. Жәнібеков сынды ақсақалдар бар. Сондай-ақ, ұлағатты ұстаздар да, ғылым корифейлері де көп. Әдебиетіміздің алыбы М. Әуезов, ғылым тарланы Қ. Сәтбаев, тарихшы Е. Бекмаханов, қазақ ұлыларын емдеген онколог дәрігер С. Балмұханов және тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаев та осы бірегей кітаптың кейіпкері.
«Өнегелі өмір» сериясы Қазақстандағы тұлғатану саласына қосылған үлкен үлес қана емес, Елбасы атап өткендей, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасымен үндес екендігін айтқым келеді. Әр саланың майталмандарына арналған бұл еңбектер болашаққа қалар үлкен мұра. Осы уақытқа дейін 120 тұлға туралы кітап жарық көрді. Бұл ел тарихында орны бар, тәуелсіздік жолында өз саласы бойынша еңбек еткен ұлтымыздың алтын қорына енетін азаматтар. Ендеше, қазақ білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тәуелсіздіктен бергі Рухани жаңғыру легінде білікті маман даярлап қана қоймай, болашаққа бағдар беретін тұлғаларды ұлықтау арқылы да өткені мен бүгінін білетін сапалы ұрпақ тәрбиелеп отыр.

Нұрдәулет НҰРӘДІЛ,
«Қазақ университеті» баспа үйінің жетекші маманы.

http://zhetysu-gazeti.kz/news/cat-4/1423/