Бейсембай КЕНЖЕБАЙҰЛЫ

 

Данышпан В.И. Лениннің ұлт саясатының арқасы, күш-қуаты ғой: біз бірсыпыра қазақ жастары 1922 жылы Москвада Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне оқуға түсіп, бірінші курста барлық сабақты өз ана тілімізде оқыдық; екі жыл бойы негізгі сабақтардың бірі ретінде қазақ тілі мен қазақ әдебиетін үйрендік.

Сонда бізге қазақ тілі мен қазақ әдебиетін бір жыл Темірболат деген мұғалім, бір жыл әйгілі қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев оқытты. Иә, Мағжан Жұмабаев оқытты.

Ол кезде Мағжан Москвада орыс халқының үлкен ақыны, ғалым В.Я. Брюсов ашқан, басқаратын жоғарғы көркемөнер инс­титутында, соның әдебиет факультетінде оқушы еді.

Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті группасының старостасы мен едім. Содан мен оқытушылармен көбірек байланысты болдым. Әлі есімде, Мағжанмен сабақ алдында, сабақтан кейін үнемі ұшырасып сөйлесіп жүрдім. Кейде үйіне де барып, әңгімелесетін кездерім болушы еді.

Москваға, оқуға Мағжан Түркістан Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы атынан барған болатын. Содан ол Зұлиха жеңгей екеуі Түркістан республикасы уәкілдігінің бір үйінде, бір бөлмеде тұратын (Көшесінің атын, үй нөмірін ұмыттым).

Мағжан сұлу еді: орта бойлы, толық денелі, бұйра қара шашты, аққұба бидай өңді еді. Бет пішіні Абайдың белгілі суретіндегі бет пішініне ұқсайтын. Жүріс-тұрысы жарасты, сәл маңғаз еді. Осының бәрінің үстіне ол қызмінезді де еді.

Мағжан ғалым, тәжірибелі шебер оқытушы, асқан методист-педагог еді. Педагогика жайында, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқыту жайында жарияланған кітабы, мақалалары болушы еді. Осыдан болу керек, ол бізге қазақ тілі мен қазақ әдебиетін тамаша оқытты: сабақ үстінде лекциялық, практикалық әдістерді ретімен қатар қолданар еді.

Мейлі лекциялық сабақта болсын, мейлі практикалық сабақта болсын, ол қағазға, кітапқа қарамайтын. Сөз арасында келтіретін мысал өлеңдер мен әңгімелерді түгел жатқа айтатын. Декламация оқып тұрған тәрізді барлық нәшін, сипатын, қимылын келтіріп айтатын.

Ұстазымыз бізге алғашқы сабақтан бастап-ақ тапсырма берді. «Әркім өзі білген бір ертекті жазып келсін. Соны класта оқып, бәріміз бірге талқылаймыз», – деді. Солай істеді де… Сөйтіп, ол бізге әрі әдебиетті, әрі дұрыс жазуды үйретті, әрі мақала-шығарма жазуды үйретті.

Мен сабаққа «Қыз бен таз» атты ертек жазып келдім. Оны сабақта Мағжан өзі дауыстап оқып шықты. Әуелі, қолжазбаның емле қателерін тізіп көрсетті, оларды байыптап ұғындырды. Ақырында, «бұл өзі баспасөз бетінде шығаруға болатын ертек» дегенді айтты. Ұзамай мен қолжазбамды, оның мұғалім көрсеткен қате-кемшіліктерін түзеп, мұқият қайта жазып, «Бекен» деп қол қойып, сол кезде Ташкентте шығып тұратын жастар баспасөзі «Жас қайрат» журналына жібердім. Журнал оны сол күйінде басып шығарды. Бұл менің тырнақалдым, тұңғышым болды. Осыдан былай мен «Жас қайрат», «Еңбекші қазақ» газеттеріне тілші болып, жиі-жиі хабар, мақала жіберіп жүрдім.

Бірнеше сабақта біз Абай өлеңдерін оқып-үйрендік. 1923 жылы Ташкентте Абай өлеңдері екінші рет кітап болып шыққан еді. Сол кітапты тексердік. Осы сабақтарда Мағжан Абай өлеңдерін жаттату, талдау, танытумен қабат әдебиет теориясының, эстетикалық көптеген мәселелерін түсіндірді, көркем шығарманы, өлеңді, ақын творчествосын түсіну, талдау жолдарын, әдістерін үйретті. Сабақ үнемі әрі өлең талдау, әрі әдебиет теориясы, эстетика жайлы әңгіме болып, әрі ғылыми, өте қызық болып жүрді. Оқытушының сабақ үстінде жаңалық, әсемдік туралы айтқаны бүгінге дейін есімде. Ол адам – жаңашыл: жаңа үстіне жаңа тілейді, жаңадан жаңаға құмар келеді; адам – әсемшіл: әсемнен әсем, сұлудан сұлу таңдайды. Бұл – әсемдік заңы. Адам баласының, қоғам өмірінің ілгері даму жолдарының бірі.

Ұстазымыз: «тексеруші, сыншы, ақын шығармасын тексергенде, ол ақын ба, қандай ақын, кімнің ақыны, нені жырлайды, қалай жырлайды, – деген сұрауларға жауап беруге тиісті. Яғни, ақынның ақындығын, ақындық күш-қуатын, шығармасының әлеуметтік мағынасын, әсемдік құнын ашуға, дәл, әділ бағалауға тиісті», – деп көңілімізге тоқыр еді.

Бірінші семестр аяғында университеттегі қазақ оқушылары әдебиет үйірмесінің жалпы жиналысында мен Абай туралы баяндама жасадым. Баяндамамды әлгі оқыған сабағымыз, ұстазымыз көңілімізге тоқыған жоба ізімен келтірдім. «Абай ақын ба? Қандай ақын? Кімнің ақыны? Нені жырлады? Қалай жырлады?» деген сұрақтар қойып, соларға өзімізше жауап бердім: Абай ақын, күшті ақын: Абай халық ақыны, қазақ халқының әлеуметтік тұрмысын, арманын жырлады, әсем жырлады деп қорыттым. Кейінірек мен осы баяндамамды қағаз бетіне түсіріп, өзін қысқа хат жазып, «Еңбекші қазақ» газеті редакторының орынбасары, әйгілі ақын-жазушы Бейімбет Майлинге жібердім. Кем-кетігі болса, түзеп, толықтырып газетте жариялауын өтіндім. Ол «Абай» деген атпен аталған газеттің 1925 жылғы август айындағы екі санында басылды.

Әдебиет үйірмесінің жиналысында Абай өлеңдерін талқы­лаған соң, ұзамай Мағжан өлеңдерін де талқылады. Оның 1924 жылы Ташкентте басылып шыққан өлеңдер жинағын сөз қылдық. Үйірменің ол жиналысына Москвадағы қазақ оқушы­лары мен қазақ қызметкерлерінің көбі келді. Атап айтқанда: сол кездегі СССР халықтары орталық баспасының директоры Нәзір Төреқұлов, Орталық комсомол комитетінің бюро мүшесі, коммунист жастар интернационалы атқару комитетінің бөлім бастығы Ғани Мұратбаев, басқа оқу орындарынан Ғаббас Тоғжанов, Садықбек Сапарбеков, Жекен Сәрсенбин, тағы тағылар қатысты. Күн тәртібіне қойылған мәселе туралы өзіміздің оқушы, жас ақынымыз Өтебай Тұрманжанов баяндама жасады. Баяндама бойынша көп адам шығып сөйледі. Университет оқушыларынан басқа әлгі Нәзір, Ғани, Ғаббас, Жекен шығып пікір айтты. Қызу да үлкен айтыс болды.

Мағжан және оның өлеңдері жөнінде сөйлеушілер екі түрлі ой-пікір, көзқарас білдірді. Бірқатар сөйлеушілер «Мағжанның бірсыпыра өлеңдері қате: ұлтшылдық, сарыуайымшылдық рухта жазылған. Жалпы Мағжан үлкен ақын» деді де, көпшілік буржуазияшыл-ұлтшыл, бізге мүлде жат ақын деп қорытты. Жиналыс Мағжан және оның өлеңдері жөнінде осы соңғы бағытта қаулы алды. Жиналыстың хабары, қаулысы Қазақстанның орталық газеті «Еңбекші қазақта» түгел жарияланды.

Әдебиет үйірмесінің Мағжан өлеңдерін талқылаған жиналысы өткен орайда болған бір сабақтан кейін мен Мағжанды үйіне дейін шығарып салдым. Екеуміз жол-жөнекей әңгімелесіп бардық. Мағжан өзі жөнінде әңгіменің бәрін әбден қанып естіпті, жақсы біледі екен. Сонда да, сөз болсын деді-ау деймін:

– Сонымен не дейді? Маған не істе дейді? – деп таңырқап ойланды. Біле тұрса да, мен оған жиналыс қаулысын хабарлап, сөйледім:

– Сізге үлкен-үлкен қателері бар ұлтшыл ақын, оның шығармалары бізге жат, зиянды деп тапты ғой, – дедім.

– Рас, қате деген болған, өткен, оны қазір өзім де білемін. Ал «иілген мойынды қылыш кеспес» деген бар емес пе? – деді.

Оған мен ләм-мим дей алмадым. Бірақ осы жол-жөнекей әңгімеден мен оның өз қателерін түсініп, соған қатты өкініп, бұрынғы кінәсін не істеп, қалай жуарын білмей жүргенін байқадым.

Бір жолы мен Мағжанның үйіне бардым (Не жұмыспен қалай барғанымды қазір білмеймін). Мен барғанда Мағжан жұмыс істеп: жазу жазып отыр екен. Сұрастыра келгенімде Максим Горькийдің кейін қазақ тілінде «Сұңқар жыры» деген атпен кітап болып шыққан әңгімелерін аударып жүреді екен. Дәл мен барғанда «Старуха Изергиль» атты әңгімесін аударып отырған болып шықты. Мен тек отырмадым: балалық ұстап, құмарлық қысып, бір кезде мойнымды созып Мағжанның стол үстіндегі жазып отырған қағазының бетіне үңілдім. Онда «Жұртын сүйген жүрек» деген сөзбасы көзіме түсті.

– Аға, аударып отырған әңгімеңіздің аты жаңа, ауызша айтқаныңызда басқа еді, қағазда жазғаныңызда бір басқа ғой? – деп сұрадым.

«Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деген емес пе, Мағжан столдан шегініп отырып, маған бұл жайдың мәнін баяндады. Абайдың А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, И.А. Крылов өлеңдерін қалай аударғанын түсіндірді. Абай орыс өлеңін қазақ өлеңі етіп жіберген ғой дегенді айтты. Сөзіне мысал келтірді.

– Лермонтов «Дұға» атты өлеңінде өз жүрегіне: кем-кетігің есіңе түсіп, кейде сен зарланасың, тулайсың, сонда мен сенің отыңды басу үшін бір тамаша дұға оқимын. Лермонтов өлеңінің осы шумағын Абай:

 

«Өмірде ойға түсіп кем-кетігің,

Тулағыш мінезің бар, жүрек, сенің.

Сонда сенің отыңды басатұғын

Осы өлең – оқитұғын дұғам менің», –

 

деп жарасты, күшті етіп аударған. Өлеңнің дұғалық күш-қуаты бар деп біліп, ол «бір тамаша дұға оқимын» деген тармақты, «осы өлең оқитын дұғам менің», – деп қиыстырды деді. Ақырында:

– Басқа тілден шығарма аудару ол шығарманы өзінікі етіп алу деген сөз, өзінікі болған соң, ол өгей бала емес, туған бала болуға тиіс. Яғни өгей бала екені мүлде білінбеске керек. Ол үшін шығарманың тұрқы, тұлғасы аударылмай, мағынасы, рухы аударылуы қажет. Мына әңгіме осылай аударуға әбден келіп, соны өзі тілеп тұр: әңгіменің рухы, жаны атында емес, асыл затында, мағынасында, ал мағынасы – халқын сүйген ер азамат жайлы, жұртын сүйген жүрек туралы. Тағы бұл әңгіменің осылай «Жұртын сүйген жүрек» болып аударылуы оны жазған кісінің, Максим Горькийдің өз стиліне дәл, оның осы әңгімені жазған кезде ұстаған әдебиеттік бағытына сай деген-ді.

Мағжанның осы табан астында айтқан ақылы, үйреткен тәсілі менің көңіліме әбден қонды. Кейін, әңгіме, мақала, кітап аударумен айналысқанда мен осы ақыл-тәсілді мықты ұстадым: аударған заттарымды мейлінше қазақша етіп, нағыз қолтума етіп шығаруға тырыстым.

1925 жылдың басынан мен СССР халықтары орталық баспасының жанындағы қазақ секциясының жұмысына араластым, бірді-екілі кітап аударып, бастырдым. Сол жылы жазда университетті бітіріп, Қазақстанға қайтқалы жүргенде бір жолы барғанымда, қазақ секциясында Мағжанды көрдім. Ол В.И. Ленин шығармаларын аударып бастырып жүр екен. Ұзамай кітап болып шықты: Мағжанның ол аударып жүргені В.И. Лениннің 1905 жылғы революция жайындағы еңбектері екен.

1927 жылы Мағжан өзінің қатесін, барлық кінәсін мойындап, оны кешуді өтініп, Қазақстанның Советтер съезіне арыз етіп, «Тоқсанның тобы» атты ұзақ өлең жазды. Оны былай қорытты:

 

…Ұзын сөздің түйіні,

Он демедім, демеспін,

Бұл тоқсанның жиыны

Ой кезінде көмескі,

 

Жүзден тоқсан түгел бар.

Жырладым елді жалпылап.

Жүзден тоқсан еңбекші.

Жасырман: жүзді жақтадым.

 

Он тоқсанға көнбекші,

Тоқсанға енді тоқтадым,

Көнбесе жаныштар жігер бар.

Толғанып, ойлап тапқылап.

 

Ес біліп, ойлап, толғанып,

Сөздің тоқтар түйіні,

Қолыма қалам алғалы.

Бұл – тоқсанның жиыны.

 

 

Сөйлеген емен жасыра.

Осы – армансыз білгенім.

Мен мұңдымын мұңдастым,

Тоқсаннан сонау он аулақ,

Адассам, ел деп адастым.

 

Сонау оннан мен аулақ,

Он деген емен асылы.

Мен тоқсанмен біргемін.

Бұл – ақынның тап шыны, бар сыры, ақ пейілі еді. Амал қанша, оны «көргіштеріміз» көрмеді, «білгіштеріміз» білмеді. Содан әділ бағаламады. Айтқанын «айтпады», – қасарды, жазғырды.

 

«Лениншіл жас», 1989. – 4 қаңтар